Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс диқандарының көктемгі дала жұмыстарына дайындығы аяқталып қалғаны айтылды. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың мәлімдеуінше, аймақ көктемгі егіс науқанына нақтыланған стратегиямен және техникалық жабдықталудың жоғары деңгейімен келіп отыр.
Ақмола облысында биылғы көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары мәресіне жетті. Өткен жылғы рекордтық өнімнен кейін аграршылар жаңа маусымға тың серпінмен қадам басып отыр. Басталып кеткен биылғы науқанның басты ерекшелігі, дәнді дақылдарға тәуелділікті азайтып, егіс алқаптарын әртараптандыруға басым назар аударылуда.
Ағымдағы жылы облыстың жалпы егіс алқабы 5,6 миллион гектарды құрайды. Соның ішінде жаздық егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 46,4 мың гектарға ұлғайтылып, 5,4 миллион гектарға жетті. Алайда, егіс құрылымында айтарлықтай сапалық өзгерістер бар. Мәселен, бидай алқабына тоқталсақ, оның егісі 74,7 мың гектарға қысқартылып, жалпы 3,8 миллион гектарды құрады. Дәнді дақылдарды қысқарту есебінен майлы дақылдар алқабы 90 мың гектарға өсіп, 585,2 мың гектарға жетті. Оның ішінде зығыр – 337,7 мың гектарға, күнбағыс – 164,6 мың гектарға егіледі. Мал азықтық дақылдар 34 мың гектарға, ал, көкөніс алқаптары 178 гектарға ұлғайтылды. Картоп егісінің көлемі өткен жылғы деңгейде қалып, 8,6 мың гектарды құрайды. Шаруашылықтарда картоп отырғызу 3,2 мың гектар жерде жоспарлануда.
– Аймақтағы дақылдардың құрылымы әртараптандыру бағытына қарай өзгеруде. Өңірде дәнді дақылдарға тәуелділік біртіндеп төмендетіліп, майлы, жемшөп және көкөніс дақылдарының өндірісін арттыруға басымдық берілуде. Бұл қадамдар облыстың аграрлық секторын нарық сұранысына икемдеуге және топырақ құнарлылығын сақтауға бағытталуда. Агротехникалық шаралар бойынша айтсақ, ылғал сақтау да басты назарда. Биылғы көктемнің ерте келуі мен ауа температурасының жоғары болуы топырақтағы ылғалдың тез булануына әсер етті. Осыған байланысты шаруалар ылғал жабу жұмыстарын жеделдетіп, жоспарланған 3,3 миллион гектардың бәрінде дерлік аяқтады. Сонымен бірге, тұқым мәселесі де толық шешілді. Себуге дайындалған 539,8 мың тонна тұқымның барлығы кондициялық талаптарға сай. Оның 65,8 пайызы жоғары сапалы 1-сыныпты тұқымдар. Сондай-ақ, биыл минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемін 433,5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл өткен жылғы деңгейден айтарлықтай жоғары. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы облыс шаруалары шамамен 336 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізіп, қолайлы климаттық жағдайлардың арқасында астықтан 7,6 миллион тонна көлемінде рекордтық өнім алуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда оны 251 мың тонна көлемінде жеткізуге келісім-шарттар жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылатын болады, бұл көктемгі егіс жұмыстарын табысты өткізуге және өңірдің аграрлық өндіріс тиімділігін арттыруға берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді, –деді брифинг барысында басқарма басшысы.
Техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау мәселелері де брифингте кеңінен қозғалды. Биыл егіс науқанына 12,5 мың трактор, 16,6 мың дән сепкіш және 1,5 мың жоғары өнімді егіс кешені жұмылдырылмақ. Баяндамашының мәліметінше, техниканың барлығы науқанға толық дайын, қазір біртіндеп жұмысқа кірісіп жатыр. Машина-трактор паркін жаңарту көрсеткіші 7 пайыздан 8,5 пайызға дейін өседі деп күтілуде. Бұған жеңілдетілген лизинг бағдарламалары оң ықпал етуде. Мәселен, биылдың алғашқы үш айында аграршылар 22,6 миллиард теңгеге 433 жаңа техника сатып алған.
Мемлекет тарапынан саланы қаржылық қолдау соңғы жылдары жақсы жолға қойылғаны белгілі. Себебі, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын табысты жүргізу үшін оны қаржыландыру маңызды мәселе болып табылады. «Кең Дала — 2» бағдарламасы бойынша 664 шаруашылық 96,7 миллиард теңге несие алса, субсидиялау бойынша агроөнеркәсіп кешені саласын қолдауға 85,5 миллиард теңге бөлініп, оның 82 пайызы немесе 70 миллиард теңгесі басқарма тарапынан төленген көрінеді.
Дизель отынының жеткіліктілігі көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізудің аса маңызды шарты болып табылады. Осы ретте, көктемгі дала жұмыстарына 76,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, бағасы литріне 281 теңге болып белгіленді.
Баяндамасын қорытындылай келе, басқарма басшысы Ақмола облысы биылғы егіс науқанына кешенді дайындықпен келгенін, дәнді дақылдардан бас тартып, майлы және жемшөптік бағытқа басымдық берілгенін, технологиялық жаңғыру мен мемлекеттік қолдаудың үйлесім тапқаны өңірдің ауыл шаруашылығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік бергенін тағы бір мәрте атап өтті.
Жалпы, өңірде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге кешенді әрі жүйелі дайындық циклі оң ықпал етіп отырғанын атап өтуге болады. Брифинг соңында жылда қайталанатын егінді киіктердің таптап кету мәселесі көтеріліп, бұл бағытта атқарылатын жұмыстар, сонымен бірге, биылғы өнім алу жоспары сұралды. Нұрбек Бақтыбайұлының айтуынша, киіктерді басқа облыстарға қарай аудырып жіберу шаралары қарастырылса, өнім алу жайы ауа райына байланысты.
Ендеше, елді ырыздыққа бөлейтін аграршылардың кең даланы дүбірге бөлей бастаған егін егу науқанына біз де сәттілік тілейміз!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

