Биыл 24 мың адам жұмыспен қамтылады

Әлеуметтік қорғау

Көкшетау қаласында жыл басынан бері екінші рет мамандандырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жалпы алғанда, жәрмеңкеге 150-ге жуық жұмыс іздеуші қатысты.

Бұл шара ең алдымен, жұмыс табуда қиындықтарға тап болған азаматтарға, яғни6 жұмыссыздарға, пробация қызметінің есебінде тұрғандарға, бұрын сотты болғандар мен алимент бойынша қарызы барларға арналды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында жұмыссыздық деңгейін төмендетуді және әрбір азаматтың табысын арттыруды Үкімет пен әкімдіктердің алдына басты міндет ретінде қойған болатын. Президенттің «Әрбір еңбекке қабілетті азаматтың жұмыспен қамтылуы – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі» деген тапсырмасына сәйкес, өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Биыл облыс бойынша 24 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталықтары мен ұлттық жобалар арқылы 5 мыңға жуық азамат еңбекке араласып үлгерді. Бұл жолғы жәрмеңкеге аймақтың 31 кәсіпорыны қатысып, 90-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды.

Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның айтуынша, қазіргі таңда жұмысқа орналастыру бос жұмыс орындары арқылы жүзеге асуда. Егер үміткердің тиісті білімі болмаса, қысқа мерзімді оқу курстары ұйымдастырылады. Ол үшін арнайы сауалнама мен алгоритм әзірленген.

–Екі апта бұрын ғана түрлі өкілдердің қатысуымен кеңес өткіздік. Қазір біз жұмыс берушілермен мақсатты түрде, жеке-жеке жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Яғни, әр жұмыс берушінің жыл соңына дейін қандай бос орындарға адамдарды жұмысқа қабылдай алатынын анықтаймыз. Сонымен қатар, әрбір өтінім берушімен, жұмыс іздеп жүрген әр азаматпен жеке жұмыс жүргізіледі,– дейді басқарма басшысы.

Мемлекет тек дайын бос жұмыс орындарды ұсынып қана қоймай, өз ісін ашамын деушілерге де қолдау көрсетуде. Мамандардың сөзінше, «Бастау Бизнес» жобасы аясында өңір тұрғындарын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарқынды жүруде. Бүгінде 300-ден астам адам курсты аяқтап, оның 112-сі сертификаттарын алған.

Облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Болат Шәріпов атап өткеніндей, «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшері көлемінде қайтарымсыз гранттар беріледі. Бұл үшін үміткер оқудан өтіп, бизнес-жоспарын қорғауы және кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындары сияқты субсидияланатын шаралар да өз тиімділігін көрсетуде.

Жәрмеңкеде жұмыс іздеушілер мұндай кездесулердің тұрақты жұмыс табуға септігін тигізетінін айтады. Дегенмен, жастар көбіне гуманитарлық бағыттарды таңдайтындықтан, өндіріс саласы кадр тапшылығын сезініп отыр. Ал, жұмыс берушілер қызметкерлерді қабылдаумен қатар, жаңа мамандарды оқытып, бейімдеуге де дайын екендерін атап өтті.

«ENKI» серіктестігінің өндіріс жөніндегі бастығы Ерлан Мырзағалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта токарь, слесарь, дәнекерлеуші және ауыр техника жүргізушілері секілді техникалық мамандар өте қажет. Кәсіпорындар жаңа қызметкерлерді тек жұмысқа алып қана қоймай, оларды өз базасында оқытып, бейімдеуге де дайын.

Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, жыл соңына дейін өңірде тағы 60 осындай бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті кәсіпорындардың өзара іс-қимылы жұмыссыздық мәселесін шешуге нақты мүмкіндік тудырып отыр.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар