форум
Көкшетау қаласында дәстүрлі «Aqmola Women Congress» өңірлік форумы өтіліп, кәсіпкер әйелдер мен қыз-келіншектердің шығын және орта бизнестегі беталыстары әңгіме өзегіне айналды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Президиумы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен және «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының әйелдер қанатының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Форум жұмысына ҚР «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қатысты.
Олардың қатарында табысты кәсіпкерлер, кәсіпорын басшылары, мемлекеттік қызметшілер, әйел судьялар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ бизнестегі алғашқы қадамдарын жасап, кәсіби дамуға ұмтылып жүрген әйелдер болды.
Форумға қатысушыларды құттықтаған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов әйелдердің өңір экономикасын дамытудағы елеулі үлесін атап өтті.
– Әйелдердің кәсіпкерлік қызметке қатысуы ерекше маңызға ие. Облыстағы 55 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысын әйелдер басқарады. Олар сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім беру және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларында жобаларды табысты жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құруда және өңір экономикасының тұрақты дамуына үлес қосуда. Тек 2025 жылдың өзінде 86 жоба қолдау тапты, олардың жартысына жуығын әйелдер жүзеге асырды. Әйелдердің агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы үлесі де зор, бүгінде олар шамамен 2 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқарады, – деді Ернар Жаркешов.
Форум бағдарламасында нақты жетістіктер мен игі бастамаларға ерекше назар аударылды. Өзінің аграрлық бизнестегі жолы туралы «Агроглобал» ЖШС басшысы Ольга Липень баяндады. Оның жетекшілігіндегі компания агроөнеркәсіп секторында жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, «Буррата» ЖК басшысы Эльвира Мұқашеваның «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті брендті дамыту тәжірибесі қатысушылардың үлкен қызығушылығын туғызды.
Форум қорытындысында конгресс тек өзекті мәселелер талқыланатын орта ғана емес, сонымен қатар, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылатын маңызды диалог алаңы екені атап өтілді.
– Мұндай кездесулердің басты құндылығы пайдалы тәжірибе алмасу және өз ісіңді дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктерді қарастыру. Бір залда жүздеген белсенді әрі мақсаткер әйелдер бас қосқанда, жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келмей қоймайды. Бұл сөз жоқ кәсіпкерліктің дамуына және өңір экономикасындағы әйелдердің рөлін нығайтуға ықпал етеді, – дейді өз сөзінде Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

