23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні
Мемлекеттік қызмет әркімнен жоғары жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті, терең құзыреттілікті және қоғам игілігі жолында адал еңбек етуге деген шынайы ұмтылысты талап етеді.
Көптеген жылдар бойы мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан Айбек Ақылбекұлы Керімбаев осы жұмысқа деген ұстанымның жарқын үлгісі десек артық емес. Ол өз қызметін адал әрі жауапкершілікпен атқара отырып, Шортанды ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Айбек Ақылбекұлы 1990 жылғы 25 желтоқсанда Ақмола облысы Жақсы ауданының Қима ауылында дүниеге келген. Басында Үкі орта мектебінде білім алған ол кейін оқуын №3 Шортанды орта мектебінде жалғастырып, 2008 жылы осы оқу орнын бітіріп шықты. Ол мектеп қабырғасында-ақ жауапкершілік қасиетімен көзге түсіп, биік мақсаттарға ұмтылысын айқын көрсете білді.
Оның мінез-құлқының қалыптасуы мен өмірлік ұстанымының берік орнығуына ата-анасының тәлімі мен тәрбиесі ерекше ықпал етті. Анасы Бақыткүл Мұратқызы ұзақ жылдар бойы білім беру саласында абыройлы еңбек еткен. Ал, әкесі Ақылбек Керімбайұлы бар саналы өмірін өртке қарсы күрес қызметіне арнап, осы салада жауапты қызметтер атқарған. Ата-анасы өздерінің өнегелі өмір жолы мен адал еңбегі арқылы ұлының бойына жауапкершілік сезімін, еңбекқорлықты, адамдарға деген құрметті және қоғам игілігіне қызмет етуге деген ұмтылысты сіңіре білді. Отбасында қалыптасқан құндылықтар мен еңбекке деген адалдық оның болашақ мамандығын таңдауына және өмірлік жолын айқындауына елеулі ықпал етті.
2008 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Айбек Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне оқуға түсті. Сөйтіп, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Алған білімі оның мемлекеттік басқару саласындағы кәсіби жолының берік іргетасына айналды.
Еңбек жолын 2012 жылдың шілде айында Шортанды ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде бастады. 2013 жылы «Kaspi Bank» акционерлік қоғамында сыртқы арналар менеджері қызметін атқарды. Алайда мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуге және қоғам игілігіне үлес қосуға деген ұмтылысы оның болашақ кәсіби бағытын басқа арнаға бұрды.
2014 жылдың ақпан айында осы ұмтылысымен қайта мемлекеттік қызметке қабылданып, Шортанды кенті әкімінің аппаратында еңбек жолын бастады. Кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі және өз ісіне адал көзқарасының арқасында ол содан бері тұрақты түрде бірқатар жауапты қызметтерді атқарып келді. Айталық, осы жылдар ішінде Шортанды кенті әкімі аппаратының бас маманы, Шортанды ауданының әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы, Дамса ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, кейін Раевка ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалды.
Атқарған әрбір қызметінде ол жоғары кәсіби біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін және жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешу шеберлігін көрсете білді. Оның қызметі әрдайым халықтың өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және мемлекеттік органдар мен қоғамдық жұртшылық арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталуда.
2020 жылдың қазан айынан бастап Айбек Ақылбекұлы Шортанды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен осы сала инфрақұрылымын дамыту, автокөлік жолдарының жай-күйін жақсарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелерін шешу бағытында жүйелі де нәтижелі жұмыстар жүргізілді.
2025 жылғы шілде айында мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоғары кәсібилігі, мол еңбек тәжірибесі және өзіне жүктелген міндеттерді әрдайым табысты орындап келгені үшін Айбек Ақылбекұлы аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Сөйтіп, өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары, экономика және қаржы, құрылыс, экология, мемлекеттік қызмет көрсету органдары, жергілікті полиция қызметінің жұмысы, жекешелендіру, мемлекеттік мүлік пен коммуналдық меншікті басқару мәселелеріне жетекшілік ете бастады. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу және үйлестіру, сондай-ақ, халықты уақытында су, жылу, электр энергиясы және газбен қамтамасыз ету мәселелері де оның құзырына кіреді.
Бұл жоғары лауазымға тағайындау Айбек Ақылбекұлының мемлекеттік қызмет саласындағы көпжылдық адал еңбегінің, өз ісіне деген жауапкершілігінің және аудан басшылығы тарапынан көрсетілген жоғары сенімнің заңды нәтижесі десек артық емес. Әріптестері осы бір азаматты білікті басшы, бастамашыл маман және белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлға ретінде жақсы біледі.
Шортанды кентіндегі №3 орта мектептің түлегі ретінде де Айбек Ақылбекұлы аудан жастарына үлгі көрсетумен келеді. Өйткені, оның бүгінгі аудан өміріне қосып жүрген өзіндік үлесі осы оқу орнындағы елге пайдамды тигізер азамат болсам деген талабынан басталғаны анық. Ендеше, сол мақсатына жеткен Айбектей ағаларының өнегелі өмір жолы осы мектептің басқа да түлектеріне үлгі болса екен дейміз. Әр азаматтың міндеті өсіп-өніп, еліне қызмет ету болса, сол сенімнен шыға білген Айбек Керімбаевты да бүгінгі төл мерекесінде елін ойлаған азамат, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан өнегелі мемлекеттік қызметшілердің бірі деп айтуға әбден болатындай.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Шортанды ауданы.
![]()

