Қазіргі таңда еліміздің саяси және экономикалық дамуында маңызды кезең келе жатқаны баршамызға мәлім. Алдағы өтетін маңызды саяси науқан – конституциялық реформа нәтижесінде құрылған жаңа заң шығарушы органға өтетін алғашқы сайлау екені анық. Бұл тарихи қадам мемлекеттік басқару жүйесінің одан әрі дамуына тың серпін беріп, қоғам мен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге тиіс.
Білім саласының қызметкері, ұстаз ретінде мен де бұл өзгерістерден үлкен үміт күтемін. Ең алдымен, жаңа өкілді орган, яғни, Құрылтайға сайланатын депутаттар азаматтардың мүддесін тиімді қорғап, сапалы заңдардың қабылдануына мұрындық болады деп сенемін. Қоғамда өзекті мәселелерді ашық талқылау, әділдік пен биліктің жауапкершілік қағидаттарын нығайту, сондай-ақ, мемлекет пен халық арасындағы сыншыл әрі сындарлы диалогты дамыту басты назарда болуы тиіс. Дегенмен, кез келген реформаның сәтті жүзеге асуы тек сайлаудың өтуіне ғана емес, сайланған депутаттардың берген уәделерін шынайы орындауына және Қазақстанның әрбір азаматының пікірімен санасуына тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Бұл саяси оқиға еліміздегі демократиялық институттар мен мемлекеттік басқару жүйесінің болашағына айтарлықтай әсер ететін маңызды кезең. Ал, жаңа институттың нақты жұмысы мен тиімділігі оның толық қалыптасуынан кейін көрінетін болады.
Есен Ивалиев,
Қорғалжын ауданы Сабынды ауылы орта мектебінің
ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі директордың орынбасары.
![]()

