«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «Баршамызға ортақ қайғы» атты акция аясында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында партия ғимаратына әкеліп тапсырылған азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттардың бір легін Атбасар ауданына жөнелтті.
Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржановтың айтуынша, Көкшетау қаласындағы бірқатар ірі кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер, сонымен қатар, аталмыш төтенше жағдайға бей-жай қарамайтын қарапайым қала тұрғындары қолдарынан келген көмектерін аямай, тәулік бойы партия ғимаратына қиын жағдайда бірінші кезекте қажет болатын керек-жарақ заттарды әкеліп тапсырып жатыр екен. Кеше жөнелтілген қайырымдылық көмек көрсету шарасының басы қасында партияның облыстық, қалалық филиалдары мен «Жас
Отан» жастар қанатының өкілдері жүрді.
Бұл жолғы акцияға «Камаз Инжиниринг», «Теміржол су», «Голд-сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Алтын ел» бастауыш партия ұйымы, «Қазгеодезия» солтүстік геодезия филиалы, «Автопремиум» ТҚС, «Жібек жолы» сауда орталығы әкімшілігінің басшылары мен өкілдері демеушілік жасады. Қайырымдылық акциясы әлі де жалғасуда. Тасқын судың салдарынан қиын жағдайға тап болған жерлестерге қол ұшын беремін деушілер партияның облыстық филиа-лына азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмысқа қажетті заттарды апарып тапсыруларына болады.