Байқау
Көкшетау төрінде мемлекеттік қызметшілер арасында ұлы Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қағидатын ту еткен облыстық пікірсайыс турнирі мәресіне жетті.
Сөз сайысына Ақмола облысынан 12 басқарма, 6 департамент және 9 ауданнан 24 команда іріктелді. Жалпы, 72 мемлекеттік қызметші қатысып, шешендік шеберлік пен тапқырлық сынағына түсті. Қатысушылар Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» тұжырымдамалары аясындағы өзекті қоғамдық-саяси, әлеуметтік тақырыптарды талқылап, сыни ойлау жүйесі мен дәлел келтіру мәдениетін жоғары деңгейде көрсетті.
Тартысты өткен интеллектуалды доданың қорытындысы бойынша бірінші орынды облыстық құрылымдар мен аудандық білім саласы қызметкерлерінен жасақталған «Ақиқат» құрамасы жеңіп алды. Команда сапында Атбасар ауданы білім бөлімінің басшысы Мейрамбек Рахымжанов, Шортанды ауданы білім бөлімінің қызметкері Нұркен Шахметов және Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының маманы Халида Жолдасхан өнер көрсетті.
Жүлделі екінші орынға Астрахан ауданының намысын қорғаған «Сенім» тобы лайық деп танылды. Бұл команда құрамында ауылдық округ әкімі аппаратының маманы Дарина Мұқанова, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің қызметкері Әлфия Құсмәдиева мен кадр қызметінің өкілі Ақтолқын Хикимова тартысты пікірсайыс үлгісін танытты.
Ал, үздік үштікті Зеренді ауданынан келген «Бірлік» командасы түйіндеді. Аталған ұжым намысын Садовый ауылдық округінен Валерия Таран, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен Асылжан Айтмағамбет және Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылдық округінен Самал Темірбаева қорғады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қосқан сүбелі үлесі үшін «Тіл жанашыры» арнайы номинациясымен Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының «Серпін» командасы марапатталды. Бұл топта Оразбек Махат, Гауһар Нұржақсынова және Ләйлә Мешелова көзге түсті.
Сайыс барысында ой ұшқырлығымен және ділмарлығымен дараланған Атбасар ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Мейрамбек Рахымжанов «Үздік спикер» атанса, пікірталастарға әділ төрелік еткен Шұғыла Мұратбек «Үздік төреші» аталымын иеленді.
Мемлекеттік аппарат өкілдерінің кәсіби біліктілігін шыңдап, көпшілік алдында сөйлеу және командалық үйлесім мәдениетін қалыптастыратын бұл дода әр пікірдің жаңа ойға, ал, салмақты дәлелдің салиқалы шешімге жол ашатынын айқын көрсетті.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

