Абылай хан – 315
Үш жүздің басын қосқан кемеңгер тұлға Абылай ханның туғанына 315 жыл толуына орай, облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр үлгілі кітапханасы мен Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» музей кешені арасында «Абылайдың ақ туы» атты телекөпір ұйымдастырылды.
Тарих – ұлттың жады. Ал, сол тарихи жадыны сақтау, дәріптеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу баршамызға ортақ міндет. Осы мақсатты негізге алған тағылымды шара барысында кітапхана мен музей арасындағы рухани-танымдық байланыс жаңа мазмұнмен толықты.
Телекөпір барысында Көкшетау және Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі тарихи орындар, Абылай ханның ел тарихындағы айрықша орны, оның қазақ мемлекетін нығайтудағы көреген саясаты мен дипломатиялық ұстанымдары кеңінен сөз болды.
«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлы Абылай ханның жүріп өткен тарихи жолдары, ел жадында сақталған деректер мен тарихи орындардың маңызы туралы ой бөлісті. Өлкетанушының әңгімесі арқылы оқырмандар Абылай дәуірінің тарихи тынысын тереңірек сезіне алды.
Тарих ғылымының зерттелуі мен бүгінгі ұрпаққа жеткізілуі жөнінде Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейітқасымов өз пайымын білдірді. Ғалымның Абылайдай аса көрнекті тарихи тұлғаны тануда ғылыми дерек пен тарихи сананың сабақтастығына мән беру қажеттігі туралы мазмұнды пікірі шараның танымдық деңгейін арттыра түсті.
Ал, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі тарих бөлімінің меңгерушісі Жексенбек Қонысбек Абылай хан дәуіріне қатысты тарихи-өлкетанушылық деректерге тоқталып, музей қорындағы жәдігерлердің жас ұрпаққа тарихи мұрамызды танытудағы рөлін атап өтті.
Телекөпірдің ерекше мазмұнды бөлігі Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» музей кешеніне онлайн экскурсия болды. Музей кешенінің тарих бөлімінің меңгерушісі, тарих магистрі Әлия Хаймолдина көрермендерді тарихи нысанмен таныстырып, Абылай ханның Солтүстік Қазақстан өңіріндегі тарихи іздері туралы мағлұмат берді.
Онлайн форматтағы бұл экскурсия қатысушыларға тарихи мекенді көзбе-көз жақыннан танығандай әсер қалдырды. Музейдің әрбір бұрышы, тарихи деректер мен жәдігерлер Абылай хан өмірінің белгілі бір кезеңін көз алдымызға әкеліп, тарихтың құрғақ дерек емес, ұрпақ жадында сақталатын тірі шежіре екенін аңғартты.
Абылай хан – тек хандық дәуірдің ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі. Оның есімі ел бірлігі, жер тұтастығы, ішкі және сыртқы саясаттағы көрегендік пен ұлттық мүддені қорғау ұғымдарымен тығыз сабақтасып жатыр. Сондықтан, ұлы ханның өмір жолын зерделеу өткенді еске алу ғана емес, бүгінгі ұрпақтың елдік санасын қалыптастырудың маңызды тетігі.
Телекөпір барысында тарихшылар мен өлкетанушылардың ой-пікірлері бір арнада тоғысып, әр өңірдегі тарихи орындар мен зерттеу жұмыстарының өзара сабақтастығы жете көрініс тапты. Заманауи технологияның мүмкіндігін пайдалана отырып өткізілген шара екі тарапты жақындатып, әр қаладағы мәдени-рухани орталықтардың өзара тәжірибе алмасуына жол ашты.
Бүгінде кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, өткен мен бүгінді жалғайтын, білім мен руханиятты тоғыстыратын мәдени кеңістік ретінде қалыптасып келеді. Осындай телекөпірлер кітапхана жұмысының жаңа бағыттарын айқындап, оқырманға тарихи тұлғаларды өзгеше форматта танытуға мүмкіндік береді.
«Абылайдың ақ туы» телекөпірі де осының жарқын дәлелі. Бір мезетте екі өңірдің тарихын, музейі мен зерттеушілерін байланыстырып, ортақ тарихи тақырып төңірегінде ой бөлісу шараның мазмұнын да тереңдете түскені айқын.
Ұлт тарихын ұлықтау – ұрпаққа аманат десек, осындай мазмұнды кездесулер мен тағылымды телекөпірлер алдағы уақытта да жалғасын тауып, тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың туған ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға қызмет ете беруі тиіс.
Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Краснояр үлгілі кітапханасының меңгерушісі.
![]()

