Көзайым Көкшетау
Облыс орталығы Көкшетау қаласының көшелерімен келе жатып, көп қабатты үйлердің қабырғаларына салынған монументалды суреттерге көз тоқтатпай өту қиын. Бір қабырғада қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ойлы жүзі бейнеленсе, екіншісінде көрнекті ғалым Шоқан Уәлихановтың тұлғасы көзге түседі. Ал, басқа композициялар азаматтық жауапкершілікті, ерлікті, спорт пен өнерді және табиғатқа жанашырлықты, тағы басқа тақырыптарды қамтиды.

Бұрын сұрғылт қабырғаларымен ғана ерекшеленетін ғимараттар бүгінде көркем туындылар арқылы қала келбетіне жаңа реңк қосып отыр. Көп қабатты үйлердің қабырғалары мен сауда орындарынан және әлеуметтік нысандардың ішінен орын алған туындылар сол жерді безендіріп қана қоймай, тұрғындардың танымдық көкжиегін кеңейтуге де ықпал етуде. Шеберлердің әртүрі туындыларында бейнеленген тұлға мен идея адамдардың тарихи жадына, дүниетанымына және қоғамдық құндылықтар туралы түсінігіне оң әсер етеді. Әсіресе, тарихи тұлғаларға, спортшыларға және ел игілігі үшін еңбек еткен, ерлік қадамға барған азаматтарға арналған туындылар қаланың сәулеттік келбетін көркейтіп қана қоймай, рухани болмысын танытуға да үлес қосуда.
Панно мен мурал өнерінің тамыры тереңде жатыр. Адамзаттың қоршаған ортаны көркем бейнелермен безендіруге деген ықыласы ежелгі дәуірлерден бастау алады. «Панно» сөзі француздың panneau сөзінен шыққан. Ол белгілі бір кеңістікті безендіруге арналған сәндік-көркем туындыны білдіреді. Панно ғимараттың ішкі қабырғасына, төбесіне немесе сыртқы қасбетіне орналастырылып, кескіндеме, мозаика, бедер және басқа да көркемдік тәсілдер арқылы жасалады.
Панно жасауда ағаш, металл, керамика, гипс, тас, мата, жіп, киіз және табиғи материалдар пайдаланылады. Мысалы, ағаш пен металдан бедерлі композициялар жасалса, мата мен жіптен түрлі бейнелер құрастырылады. Ал, мәрмәр, гранит, керамика және түрлі-түсті шыныдан мозаикалық туындылар жасалады. Осындай материалдарды үйлесімді қолдану арқылы ғимараттардың ішкі кеңістігі мен сыртқы қабырғаларын безендіруге болады.
Жалпы, қабырға суреттері мен сәндік композициялар, әсіресе, Қытай мен Кореяның көне мәдениетінде маңызды орын алған. Ежелгі Қытайда сарайлар мен ғибадатханалардың қабырғаларына тұрмыс-тіршілік көріністері, табиғат бейнелері және мифологиялық кейіпкерлер салынған. Кореяда да сарайлар мен будда ғибадатханаларын ашық түстермен әсемдеу дәстүрі қалыптасқан. Қабырға суреттерінде халықтың өмірі, салт-дәстүрі мен дүниетанымы көрініс тапқан. Осылайша, сәндік өнер ғимараттарды көріктендіріп қана қоймай, белгілі бір дәуірдің мәдениеті мен тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізудің құралына айналды.
Адамзаттың бейнелеу өнеріндегі алғашқы қадамдары үңгір қабырғаларына салынған аңшылық көріністері мен түрлі таңбалардан бастау алады. Кейін Ежелгі Грекия мен Римде мозаика өнері дамып, түрлі-түсті тас пен шыныдан жасалған композициялар сәулет өнерінің ажырамас бөлігіне айналды. Орта ғасырларда Византия шіркеулеріндегі сәндік туындылар кең таралса, Қайта өрлеу дәуірінде қабырға кескіндемесі мен сәндік композициялар сәулет өнерімен тұтасып, қоғамдық және діни ғимараттардың мазмұнын байыта түсті.
Қазақ жеріндегі сәулет ескерткіштерінен де монументалды-сәндік өнердің бай үлгілерін кездестіруге болады. Түркістан, Тараз төріндегі Арыстан баб, Айша бибі, Бабажа қатын және Қарахан кесенелеріндегі өрнектер мен сәндік қалау тәсілдері ұлттық сәулет өнерінің терең тамырын танытады. Сонымен бірге, тұскиіз, ши тоқу, кілем тоқу сияқты дәстүрлі қолөнер түрлерінде қабырға кеңістігін көркемдеудің өзіндік үлгілері қалыптасқан. Бұл туындылардың ортақ мақсаты қоршаған ортаға сән беріп, мәдени құндылықтар мен ұлттық дәстүрді көркем тіл арқылы жеткізу.
Көкшетаудағы сауда үйлерінің бірінде ұлттық асық ату ойыны бейнеленген панно бар. Сауда орнының көрнекі жерінен орын алған туындыдан асық ойнаған балалардың өзара әңгімесін, пікірталасын, ашық-жарқын күлкісі мен мінез-құлқын аңғаруға болады. Қабырғаға салынған суретке ұқсайтын бұл панноны жасауға ұсақ қиыршық тас пен құм тәрізді материалдар пайдаланылған. Шеберлікпен орындалған туынды сауда үйіне ерекше реңк беріп, келушілердің назарын аударуда. Оның негізгі мақсаты – асық ату сияқты ұлттық ойынымызды таныту, кейінгі ұрпақтың жадында сақтап, балалар арасында насихаттау.
Қазіргі кезде осы дәстүрді жаңа сипатта жалғастырып келе жатқан өнер түрінің бірі – мурал. Ол, әдетте, ғимараттың сыртқы қабырғасына тікелей салынатын ауқымды кескіндемелік туынды. Ол ғимараттың сыртына жауын мен дауылға, қар, бұршақ сынды табиғат құбылыстарына төзімді бояу арқылы салынады. Бүгінде Көкшетау көшелеріндегі муралдар тарихи тұлғаларды танытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық маңызы бар идеяларды көпшілікке жеткізуге қызмет етеді.
Қаладағы көп қабатты үйлердің қабырғаларын көркем суреттермен безендіру үрдісі 2020 жылдан бастап айқын байқалды. Сол жылдың 8 маусымында Ақмола облыстық «Көкше» телеарнасы қаладағы көп қабатты үйлердің қасбеттерін тарихи мазмұндағы стрит-арт композицияларымен безендіру жобасы қолға алынғанын хабарлаған еді. Қала әкімдігінің тапсырысымен жүзеге асырылған жоба аясында тамыз айының соңына дейін 21 үйді көркемдеу жоспарланған болатын. Алғашқы кезеңде алты композицияның эскизі мақұлданып, Абылай хан даңғылындағы үйлердің бірінде осы жұмыстың басталып кеткендігі айтылды.
Уақыт өте келе муралдардың тақырыптық ауқымы да кеңейді. Олардың қатарында тарихи тұлғалар, ұлттық мәдениет пен дәстүр, табиғат, қоғамдық жауапкершілік және азаматтық ерлік тақырыптары көрініс тапты. Ашық дереккөздерде Көкшетауда отызға жуық мурал бар екені айтылады. Бұл туындылар қаланың көркемдік келбетін байытып қана қоймай, оның тарихы мен рухани құндылықтарын танытатын өзіндік ашық галереяға айналып келеді.
Абай бейнесі – рухани мұраға бастар жол
Көкшетаудағы ерекше туындылардың бірі Абай Құнанбайұлына арналған мурал. 2020 жылы ақынның 175 жылдығына орай, Абай көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасына оның алып портреті салынды. Қолына қаламы мен кітабын ұстаған ақынның бейнесі композицияның негізгі бөлігін құрайды. Сонымен қатар туындыда Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінен алынған:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боларсың елден бөлек, –
деген өлең жолдары көрініс тапқан. Бұл өлең жолдары суреттің мазмұнын тереңдетіп, көрерменді ақынның адамгершілік пен рухани кемелдік туралы ойларына жетелейді.
Абайдың бейнесі мен өлең жолдарының тұтастай үй қабырғасынан орын алуының танымдық мәні зор. Ақын шығармашылығының өзегінде адамгершілік, әділет, білім, еңбек және рухани даму мәселелері жатыр. Сондықтан, мұндай мурал көрерменге хакім Абайдың болмысы мен келбетін танытып қана қоймай, оның мұрасына қайта үңілуге мүмкіндік береді.
2025 жылы Абайдың 180 жылдығы қарсаңында Көкшетаудың Абай көшесіндегі тағы бір көпқабатты үйдің қабырғасына ақынның жаңа портреті салынды. Суретші Алдияр Жәкеевтің пікірінше, бұл жұмыстың мақсаты – Абайды халық жадында сақтап, оның бейнесін көпшілікке көрнекі түрде таныту.
Расында да, қабырғадағы Абай бейнесі ақынның рухани мұрасын күнделікті өмірмен байланыстырады. Мектепке бара жатқан оқушының немесе жұмысқа асыққан адамның көзі алып портретке түсіп, оның шығармаларын оқуға деген қызығушылығы оянуы мүмкін. Бір ғана сурет адамның дүниетанымын өзгерте алмағанымен, ұлы ақынға назар аудартып, оның мұрасын тереңірек тануға бастайтын алғашқы қадам болуы ықтимал.
Қаладағы тағы бір маңызды туынды қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановқа арналған. Этнограф, тарихшы, географ әрі зерттеуші Шоқанның бейнесін Көкшетау көшелерінен көрудің өзіндік мәні бар. Мурал Шоқан Уәлиханов көшесі, 156-мекен-жайындағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына 2025 жылы салынған. Композицияда ғалым әскери киіммен, ат үстінде бейнеленген. Бұл көркемдік шешім оның өмір жолын, экспедициялық сапарлары мен зерттеушілік қызметін еске түсіреді.
Абай адамгершілікке, парасатқа және білімге үндесе, Шоқан ғылым мен зерттеудің, жаңа дүниені танудың үлгісін танытады. Екі тұлғаның да өмірі елдің өркендеуін біліммен, ізденіспен және адами жауапкершілікпен байланыстырады. Сондықтан, олардың бейнелерінің қала қабырғаларынан орын алуы ұлттық руханият пен ғылыми ойдың сабақтастығын танытудың бір жолы болып саналады.
Ерлік пен спортты дәріптейтін туындылар
Көкшетауда азаматтық ерлікті дәріптейтін муралдар да бар. Мәселен, 2021 жылы Құтқарушы күні қарсаңында Абылай хан даңғылындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетіне қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан құтқарушы, Халық Қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналған туынды салынды.
Бұл мурал төтенше жағдай кезінде өзгенің өмірін құтқаруды азаматтық борышы санайтын мамандардың еңбегін еске салады. Құтқарушының бейнесі арқылы ерлік, жауапкершілік және кәсіби адалдық секілді қасиеттер көркемдік сипат алады. Әсіресе, жас ұрпақ үшін мұндай туындылар елге қызмет етудің маңызын түсіндіретін көрнекі үлгі бола алады.
Спорт тақырыбы да қала кеңістігінен орын алып келеді. Спорт адамды шынықтырып қана қоймай, табандылыққа, тәртіпке, мақсатқа ұмтылуға және қиындықты еңсеруге үйретеді. Сондықтан, спортшылар мен спорттық жетістіктерді дәріптейтін көркем туындылардың да тәрбиелік мәні зор.
Бұл бағытты Көкшетаудағы заманауи спорт нысандарының көркемдік безендірілуінен де байқауға болады. 2025 жылдың соңында пайдалануға берілген «Kokshe Arena» спорт кешенінің ішкі дәліздерінде спорт тақырыбындағы муралдар мен жастарды спортқа, Отанды сүюге ынталандыратын жазулар орналастырылған. Мұндай безендірулер спорттың тек жарыс пен жеңістен тұрмайтынын, оның артында қажырлы еңбек, тұрақты дайындық және өзіне деген сенім жатқанын еске салады.
Табиғатқа жанашырлық және уақыт үндестігі
Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өріс алғаны белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық мәдениетті қалыптастырып, елді мекендерді тазарту, көгалдандыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды көздейтін бұл бастамасы көпшіліктің жаппай қолдауына ие болды. Ақмола облысында да осы бағытта жаппай тазалық пен көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қаламызда осы идеяны көркем тілмен жеткізетін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арналған мурал пайда болды. Онда ұлттық киім киген балалардың тораңғы ағашын отырғызып жатқан сәті бейнеленген. «Таза Қазақстан» логотипі де көрініс тапқан композицияда табиғатты қорғау мен ұлттық құндылықтардың байланысы айқын аңғарылады. Ағаш отырғызып жатқан балалар болашаққа деген үміттің белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, мурал қоршаған ортаны қорғау идеясын көрнекі түрде жеткізіп, тұрғындарды табиғатқа ұқыпты қарауға үндейді.
Сонымен қатар, қаламызда реновация бағдарламасын бейнелейтін туынды да бар. Ескі тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңартуды көздейтін бұл бағдарлама Көкшетаудың сәулеттік келбетіне игі әсер етіп келеді. Ақмола облысы реновация бағдарламасын республика бойынша алғашқылардың бірі болып қолға алып, оның нәтижелерін тұрғындар жете сезіне бастаған өңірлердің қатарында.
Жаңартылған ғимараттардың қабырғаларына салынған көркем туындылар қалаға жаңа сипат береді. Олар көшелердің эстетикалық келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың назарын өңірде жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге аударады. Мұндай жұмыстар қаланы абаттандыру мен қоғамдық кеңістікті көркейту ісінің өзара сабақтас екенін көрсетеді.
Көрген жанның есінде қалатын ерекше өнер
Муралдардың ұзақ мерзімді маңызы оларды салумен ғана өлшенбейді. Туындыларды сапалы сақтау үшін қабырғаны алдын ала дайындау, ауа райына төзімді бояуларды пайдалану және уақытылы күтім жасау қажет. Сонымен бірге, әр муралдың авторы, салынған жылы, тақырыбы мен тарихы туралы мәліметтерді жинақтау да маңызды.
Осы мақсатта Көкшетаудағы муралдардың бірыңғай электрондық картасын жасауға болады. Онда туындылардың нақты мекен-жайы, фотосуреті, авторы, жасалу тарихы мен мазмұны туралы ақпарат орналастырылса, қала тұрғындары мен қонақтарына оларды танып-білу жеңілдей түсер еді. Мұндай бастама қаланың мәдени мұрасын жүйелеуге, туристік бағыттарды дамытуға және жастардың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Қорыта айтқанда, Көкшетау көшелеріндегі муралдар жай ғана қабырғаға салынған суреттер емес. Олар қаланың тарихын, рухани құндылықтарын және бүгінгі қоғам үшін маңызды идеяларды бейнелейтін ашық өнер туындылары. Абай мен Шоқанның бейнелері білім мен парасатты дәріптесе, құтқарушыға арналған мурал азаматтық ерлікті еске салады. Спорттық композициялар табандылыққа үндесе, экологиялық мазмұндағы суреттер туған жерге жанашырлықпен қараудың маңызын көрсетеді.
Қаланың көркі тек қана жаңа ғимараттар мен абаттандырылған көшелер арқылы қалыптаспайды. Оның шынайы келбеті сол кеңістікте қандай құндылықтардың дәріптелетінімен де өлшенеді. Сондықтан, әрбір мурал көркемдік талғаммен, тарихи дәлдікпен және қоғамдық мән-маңызын ескере отырып жасалуы керек. Сонда ғана ол уақытша безендіру құралы болып қалмай, қала тұрғындарының жадында сақталатын мәдени мұраға айналады.
Көкшетаудың көп қабатты үйлерінің қабырғаларындағы әрбір мәнді де сәнді туынды өткенді ұмытпауға, бүгінді бағалауға және болашаққа жауапкершілікпен қарауға үндейді. Ал, осындай туындыларды сақтау, таныту және кейінгі ұрпаққа жеткізу қала мәдениетіне ортақ үлес қосу деген сөз. Ендеше, еселі еңбекпен де, осындай жанды өнер туындыларымен де туған Көкшетауымыздың дамуына қосқан сол ортақ үлесіміз әрдайым молая берсін!
Майра ТОҚАНОВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің журналистика мамандығының 2-курс студенті.
Раушан ҚИЯҚОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры.
![]()

