Бейнелеп айтар болсақ, ғұмыр-дария бастауын биік асқарлардан алатын тау бұлағына ұқсайды екен. Зәулім биіктен ту-ту төменде жатқан еңіске қарай екпіндей аққан таудың асау да арынды бұлағы кей жерінде аспанға шапшып ақса, енді кейбір иірімдерде адуынды ашуы басылып, сабасына түсіп, екі жағалауындағы көк майсаға нәрін шаша, жаймашуақтанып ағады екен.
Еңістен тұрып жоғарыға көз салсаң, бұлақ баста-уына жанарың жетпес еді. Адам да солай. Бал күлкілі балалық шағында ғұмыр шетсіз-шексіз, таусылып бітпестей көрінер. Бұлқынып аққан бұла бұлақтай өзінің ағысымен зымырап, еңкейген еңіске жеткенде жылдардың жүгі қай иірімнің қойнауында қалғанын да аңғара алмай қаласың.
Біз сөз еткелі отырған көгілдір Көкшенің көрнекті перзенттерінің бірі, өзінің ақыл-парасатымен, жібектей есілген мінезімен, қашанда бір қалыптан айнымайтын кісілік келбетімен бұл күнде елдің абыз ақсақалына айналған Жанайдар Рамазанов текті әулеттің тұяғы. Атам қазақта тек туралы тағылым аз емес. Адамның болмыс-бітімі тегіне байланысты болса керек. Ертеректе көкірегі қазына, көргені көп ауыл ақсақалдары жігіттің жайсаңына жандары сүйсінгенде, есепсіз еңбегіне разы болғанда, «текті әулеттің тұқымы ғой» деп тәнті болып отырушы еді. Сол сөз рас. Көкшетаудың күнбатыс жақ төңірегіндегі ауылдар осы күнге дейін Мешелдің Рамазанын жақсы біледі. Ел басына нәубет төнген, аштық жайлап, ақсүйек болған жылдары облыс орталығының іргесіндегі Жаңауылды жұттан аман алып қалған іскер, халқына қамқор, абзал азамат болған деседі. Сол Рамазанның ұлы Жанайдар аға бүкіл саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнады.
1942 жылы он сегізге жасы толар-толмаста қан майданға аттанды. Мыңдаған, миллиондаған адамдардың басына өлшеусіз қайғы-қасірет әкелген зұлмат соғыстың адам төзгісіз қиындығын өз көзімен көрді. Майдандағы ерлігі өз алдына бір төбе. Зерделеп, зерттеп жазған адамға бір дастан. 1945 жылдың сәуір-мамыр айларында фашистік Германияның астанасы Берлин қаласын алу операциясына қатысып, Жеңіс туын желбіретуге өз үлесін қосты.
Ұлы Отан соғысынан кейін қаншама азапты басынан кешірген Кеңес жауынгерлерінің алдына күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіріп, ойран-топаны шыққан қалаларды қайтадан тәртіпке келтіріп, еңсесі езілген елдің тұлғасын тіктеу міндеті тұр еді. Жанайдар аға бейбіт өмірдегі еңбек жолын әуелі қарапайым ауыл мұғалімдігінен бастады. От-жалында шыңдалған, жас болса да өмірдің қиындықтарын майдан даласында түйсініп, білген кешегі жауынгер білім саласындағы әр ісіне асқан жауапкершілік танытты. Бұл кісінің жан-дүниесі ұстаз еді. Ұстазға сай еді. Ізгілік иірімдері нұрлы шапағатын төгіп тұратын тұла бойында осындай бір асыл қасиеттің тамыр жайғандығы, көкірегінде айтып сипаттауға тіл жетпейтін әдемі сезімдердің бар екендігі айқын. Үнемі мипаздап, ақырын ғана сөйлейтін, сұлу да сырбаз бітімді, жаны жібектей есілген Жанайдар аға туа бітті бала жанының бағбаны тәрізді. Баланың ғана емес, тыңдар құлағы, сезер санасы болса үлкендердің де. Ауыл мұғалімінің бойындағы білімін, қарапайым да қағылез мінезін, сымға тартылғандай қалтқысыз жүріс-тұрысын, өзін-өзі аса мәдениетті ұстай білуін аңғарған аудан басшылары ұсыныс жасап, 1946 жылы Көкшетау аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлады. Жалынды жас сол тұстағы жігерлі де екпінді жастарға жетекші бола білді. Өмірлік тәжірибе қаптал жетіп жатқанымен, білім алу міндет. Қызметінен қол үзбей жүріп, Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогика институтына түсіп, ойдағыдай аяқтап шықты. Ендігі жерде жалындаған ынта мен жігерге институт қабырғасында алған білікті білім қосылды.
1947 жылы Чкалов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, осы қызметте партия жұмысына ауысқанша істеді. 1951 жылы Күсеп машина-трактор станциясының саяси басқарушысы бола жүріп, халық шаруашылығын нығайту, өрістету бағытында ауқымды шаруалар атқарды. 1962 жылы Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін Красноармейск аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып еңбек етті.
Жанайдар ағаның елі үшін атқарған ұлан-ғайыр шаруасының бірі бұрынғы Көкшетау облысының Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған, хабар-ошарсыз кеткен 25 мыңнан астам азаматтарының есімдерін жинап, қос томдық «Боздақтар» кітабын жарыққа шығаруы дер едік. Асылында бұл өте қиын әрі өте қажетті үлкен еңбек екендігі белгілі. Осындай қоғамдық белсенділігі үшін ағамызға «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» деген атақ берілді. Оның үстіне «Тегіңді білу – тектілік» деп аталатын шежіре жазып, көне тарихты қопарып, ғаламат еңбек етті.
Бүгінде тоқсанның биігіне шыққан, сол асқаралы асуға абыроймен көтерілген Жанайдар Рамазановтың ұлан-ғайыр еңбегі елдің көз алдында. Асылында көп жасағандықтан емес, көпті көріп, жалпақ жұртқа еңбек еткендіктен адам құрметті болмақ. Әрдайым елінің ертеңін ойлап, болашағы үшін бекем еңбек еткен осындай азаматтар қандай құрметке болсын әбден лайықты. Кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жас толқынға өзінің жеке басын ойламай, көпті ойлаған, сол үшін талмай еңбек еткен жаны ізгі ағаларымыздың өмір жолы қашан да үлгі-өнеге. Еліміздің айтулы азаматтарының бірі Жанайдар ағамыз туралы қысқаша естелік сол үшін жазылды.
Айдарбек ҚАПАНОВ,
зейнеткер.