Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде өткен «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда өте маңызды ұсыныстар айтылды.
Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері латын әрпіне көшу мәселесі аз көтерілген жоқ. Баспасөздерде, радио-теледидарларда көп жазылып, айтылды. Ұзақ талқылаулар да болды. Мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігін, оның ішінде латын таңбасына өту туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тақырыбындағы Жолдауында былай деген болатын: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады». Латын таңбалы әліпбиге көшу мәселесінде зиялыларымыздың басым көпшілігі өркениетті қоғам тұтынатын латын таңбалы әліпбиге көшкеніміз дұрыс дейді. Мен де бұл пікірге қосыламын.
Парламенттік тыңдауда Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы, қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазақ тілі ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру, біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор» деп атап көрсеткеніндей, латын әліпбиіне көшу заман талабы болып отырғаны даусыз.
Алайда, кейбіреулер өзіміздің көзіміз үйренген төл дыбыстарымызды ерекше таңбалармен белгілеген кириллицада қала беруді мақұл көреді. Тіпті, біреулер көне руника әріптерін жаңғыртып қолданайық десе, тағы бір бөлігі Ахаң, Ахмет Байтұрсынов негіздеген араб әрпіне негізделген әліпбиді хош көреді. Осы пікірлерді ескере отырып, біз де өз ой-пікірлерімізді ортаға салсақ деп едік. Біріншіден, көне руника таңбасын жаңғыртайық деушілер қазіргі Қытай, Корей, Жапон елдерінің әлмисақтан келе жатқан бабалар жазуын бүгінгі күнмен сәйкестендіріп отырғанын, мұның өзі оларға патриоттық рух беретінін, кейінгі жастар үшін мұның идеологиялық тұрғыда символикалық мәні бар екенін алға тартады. Біз де бабалар рухын жаңғыртатын бұл таңбалардың идеологиялық тұрғыдағы символикалық мәнін жоққа шығармаймыз. Алайда, бүгінгі қарыштап өсіп бара жатқан ақпараттық біліктілік жүйеге негізделген өркениеттің, қоғамның шындығы басқа, талабы бөлек. Мұнымен санаспай болмайды. Тіпті, дамыған Қытай, Жапон, Корей елдерінің өзінде осы таңбаларға байланыс-ты шешілмеген мәселелер баршылық. Сондықтан, оларда да уақыт өте келе латынға көшу мәселесі талқыланған. Әрі қарай бұл әңгімені соза беру орынсыз бос әңгіме болмақ.
Араб, мұсылман дүниесімен бір болуды көздейтін араб таңбалы әліпбидің ұтымды, оң жақтары мол. Бірақ, біз қалай айтсақ та тарихи мүмкіндікті, оңтайлы сәттерді дер кезінде жіберіп алдық. Енді оған оралу тіпті де мүмкіндік емес. Біз қазіргі тарихи реалий, шындықты мойындауымыз қажет. Кирилл таңбалы әліпбиімізге келетін болсақ, әрине, біздің көзіміз оған әбден үйреніп алған. Төл дыбыстарымыз ерекше таңбалармен белгіленген. Былай қарасаң бұл жазулар тонның ішкі бауындай өзіміздікі сияқты. Мұның бәрі әрине, біздің көзіміздің үйреніп кеткендігінен. Біз кирилл жазуынан айырылсақ жаппай сауатсыздыққа ұшырайтын сияқтымыз. Бұл – алдамшы түсінік. Мұндай жазу ауыстыру тек біздің ғана басымыздан өткен жоқ. Бізге қазір өзгенің рухани-мәдени экспансиясынан, ықпалынан шығуымыз қажет. Қанша дегенмен жазу таңбасында кодталған, символикалық мән бар секілді. Мұның өзі біздер үшін қоғамдық-саяси, психологиялык факторлар екені рас. Бүкіл Еуропа жұрты, түркі жұрттары тұтынып отырған латын әрпіне тезірек көшкеніміз жөн. Және кирилл таңбалы әліпбиіміздегі төл дыбыстарымызға байланысты кеткен фонетикалық олқылықтарымызды енді латын жазулы әліпбиімізде қайталамауымыз қажет.
Парламенттік тыңдауда Қазақстан Респуб-
ликасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин латын әліпбиіне көшу тек қазақ тіліне қатысты екендігін атап өтті. Оның айтуынша, орыс тілінде шығатын басылымдар бұрынғыдай кириллицада шыға береді. Атап өтейін дегенім, қоғамда тағы бір түсінбестік бар. Біздің қоғам таңба, әріп ауыстыруды, яғни, графика ауыстыруды әліпби ауыстыру деп түсінетін сияқты. Бізде бір ғана әліпби бар. Ол – Ахмет Байтұрсынов негіздеген, Ахаң түрлеген жаңа үлгідегі (усули жәдит) қазақ әліпбиі.
Біздің қазірге дейінгі қолданыстағы осы Ахаңның әліпбиі. Ауысса таңбалар ауысып отыр. Араб, латын, орыс әріптеріне, графикасына негізделген бір ғана әліпби, яғни, алфавит. Қазір қайтадан латын таңбалы әріпке, графикаға көшкелі отырмыз. Осыны дұрыстап ұғынсақ! Осындай ұлттық мүддеден туындайтын, қоғамдық-әлеуметтік маңызы зор мәселені ұлт болып қолдауымыз керек, ағайын! Себебі, барлығы да ел мүддесі үшін!
Сәбит ЖӘМБЕК,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.