Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Оқжетпес» дегенше...сөз өтпес десейші... Ақмола футболының бүгінгі ауыр жағдайы туралы - АРҚА АЖАРЫ

«Оқжетпес» дегенше…сөз өтпес десейші… Ақмола футболының бүгінгі ауыр жағдайы туралы

Былтыр Премьер-Лигада алғашқы алтылыққа енуімен қуантқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» биылғы ел біріншілігінде соңғы он екінші орыннан бір-ақ шығады деп кім ойлаған?!. Қазір ақмолалық жанкүйерлердің ұнжырғасы түскен.

Сүйікті командалары турнир кестесінде сырғып-сырғып келіп, көш соңында шаң қабуда. Ең өкініштісі, қазір команданың бұл мүшкіл халіне бойы әбден үйреніп алған сыңайлы. Біріншілік мәреге тақаған сайын төменгі лигаға «топ еткізетін» қауіпті аймақтан бас көтерер емес. Тек соңғы үш турда ғана Қызылорданың «Қайсары» мен «Ақтөбеден» 2:0, Қарағандының «Шахтерінен» 2:1 есебімен ұтылып қалса, қайдан бас көтерсін?!.
Ал, маусымның басы мен орта тұсында әжептәуір қауқары бар секілді еді. Үшінші турда биылғы біріншілікте көш бастап келе жатқан Алматының «Қайратымен» тең ойы-
ны, екінші айналымда да сол «Қайратқа» біраз тіс батырып, бірінші болып екі гол соққаны көңілге едәуір үміт ұялатқан. Өйткені, биылғы біріншілікте «Қайратқа» тап бұлай қарсы тұру екі клубтың бірінің қолынан келе қоймауда.
Осындай әжептәуір ойын өрнегінен кейін команданың біртіндеп намысты қолдан беруге айналғаны, сөйтіп, ара-тұра бір ұтып қоятын қалпынан да жаңылуы шынымен, келер жылы  «Оқжетпестің» орны төменгі топ па деген ойға да тірегендей.
Қазір жиырма алты ойыннан кейін команда еншісінде небары 21 ғана ұпай бар. Бір саты жоғары тұрған «Атыраудың» өзінде 26 ұпай. Осы бес ұпай айырмашылығы азая ма, көбейе ме, оны алдағы жексенбі күні Щучинскідегі «Жақсы» стадионында өтетін осы екі команданың арасындағы кездесуден кейін білетін боламыз. «Оқжетпес» Премьер-Лигада қаламын десе қайткен күнде де алдымен осы ойында жеңіске жетіп, одан кейін қалған төрт кездесуге барын салуы керек. Бірақ, командада көңілден шығар ойынның жоқтығы, шабуыл шебі мен қорғаныстың ақсап жатқаны біз ойлағандай нәтижеге әкеле қояр ма екен? Әрине, бұл олқылықты ептеп жеңіске деген жігермен толтыруға болар еді. Бірақ, алаңдағы он бір футболшының қимылынан оны да көре алмай келеміз. Көбіне бір орында тұру, жан салып алға ұмтылудың орнына артқа ойнап, өгіз аяңмен жүріп алу…
Екінші айналымның орта тұсынан ресейлік бапкер Виктор Пасулько жаттықтыра бастаған «Оқжетпестің» бүгінгі жеткен жері осы. Ал, бұл клубты өткен маусымда бұрын-соңды көтерілмеген биігіне көтерген Владимир Муханов болса, қайтадан өзі бұрын баптаған «Ақтөбеге» оралып, бірінші айналымда соңғы орында қалған бұл клубты аз күннің ішінде қауіпті аймақтан шығарып та үлгерді. Әрине, әлі де болса, Ақмола футболымен апы кіріп, күпі шықса, бұл білікті бапкермен «Оқжетпес» те өз басынан тақа біз айтқан бүгінгі ауыр күйді кеше қоймас еді. Дегенмен, стадионының жарамсыздығынан өз қаласында ойынын да өткізе алмайтын «Оқжетпес» бұл бапкерді шаршатты-ау деймін.
Кезінде бұл стадиондағы футбол алаңы жаңартылып, табиғи шөп егілгеніне де көп уақыт өте қойған жоқ. Оған біраз қаржының да кеткені анық. Бірақ, сол алаң Қазақстан футбол федерациясының шешімімен биыл чемпионат ойындарын өткізуге мүлде жарамсыз деп танылып, команда маусым бойы барлық ойынын біресе Астанадағы, біресе Щучинск қаласындағы 500 ғана көрермен сыятын «Жақсы» стадионында өткізумен келеді. Биыл сырттан шақырылған легионерлер де жарытпай, ақыры, жағдайы осылай болған командаға осы стадион мәселесі де көп салқынын тигізді. Қиқулап, аттан қосып, дем беріп отыратын үйреншікті жанкүйерлер қарасы жоқ. Футболшы үшін өз алаңы – оның екінші тынысы. Астана, Щучинскіге көшіп жүретін азын-аулақ фанаттар «ауа райын жасамайды». Демек, тап өз стадионы, өз жанкүйерлерінің қолдауы бар болды ғой, «Оқжетпес» биылғы жеңілген ойындарының кем дегенде төрт-бесеуінде әупірімдеп жеңер еді. Өкінішке орай, жарамай қалған табиғи шөбінің орнына жасанды шөп төселген Көкшетаудағы стадион біріншілік ойындарын өткізуге маусымның аяғында, енді ғана дайын болуда. 15 қазанда «Оқжетпес» осында «Таразды» қабылдайды. Бірақ, бәрі кеш…
Жалпы, Ақмола футболын көтеру үшін не істеу керек? Алдымен, осы топыраққа аунап өскен өз футболшыларымызды тәрбиелегеніміз жөн. Ол үшін аулаларда футбол алаңын көбейту қажет. Облыс орталығында қаншама көп қабатты үйлердің аулалары жаңартылып жатыр. Ал, соларда футбол алаңдары некен-саяқ.
Осы мақала жазылып дайын тұрғанда, команда Щучинскіде соңғы үміті – «Атырауды» да еңсере алмады. Тағы да қайталап айтуға мәжбүрміз, «Оқжетпестің» келесі жылы Пермьер-Лигада қалу-қалмауы жағынан осы ойын нағыз шешуші ойын еді. Оған артқан үмітте шек жоқ. Алайда, клуб тағы да 1:2 есебімен жеңіліп тынып, сол үміт жібі біржола үзілді. Ал, жоғары топтан бір түсіп қалған соң оған қайта оралудың оңай соқпасын бір білсе, осы біздің «Оқжетпес» білуі тиіс еді. Өйткені, соңғы рет 2014 жылы араға бірнеше маусым салып, Премьер-Лигаға әзер оралған. Енді міне, мұндағы «пропискасы» тағы да екі-үш жылға ғана жетіп тұр. Команда жанкүйерлеріне мұның өзі үлкен реніш. Бұл әрі Көкшетауда футбол құтаймай тұр деген сөз.
Түбі жағдайдың осылай болып шығарынан секем алған жанкүйер қауым да қарап отырмай, соңғы әр ойын сайын ғаламтор арқылы команданы дұрыс нәтижеге қайрап баққан. Бірақ, бәрі керісінше.  «Оқжетпес» дегенше,  сөз өтпес десейші осыдан кейін бұл шіркіндерді…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар