Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әр азамат өзінің нақты үлесін қосуы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Әр азамат өзінің нақты үлесін қосуы тиіс

 Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көпшілік тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Өйткені, мақалада жұртшылықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтеріліп, оны шешудің нақты жолдары ұсынылған. 

Шынын айтқанда, бұл еліміздің болашақ даму бағдарын айқындайтын бағалы құжат болып табылады. Расында да, түрлі қоғам лебіне, талай заман желіне төтеп берген, қиындық-ауыртпалықты қайсарлықпен жеңе білген халқымыз ендігі үшінші мыңжылдықтағы уақыт талабына сай қадам басуы тиіс. Ширек ғасырлық Тәуелсіздігіміздің шежіресі өткен тарихымызды зерделеуге, асылдарымызды ұлықтауға септессе, ендігі жерде алдағы болашағымызды, ұлт ретіндегі іс-тірлігімізді заманауи дәрежеде болжайтын кезең келді. Саламаттылық пен ұқыптылық, зерделілік пен үнемшілдік келешек ұрпақ өмірінің басты темірқазығына, ұстанымына айналғаны абзал.
Ал, зерделілік пен ілім-білімнің түпкі мәні ата дәстүрімізді, төл мәдениетімізді, имандылығымызды, барша рухани құнды қазыналарымызды қастерлеуді меңзейтінін барша ұрпақ айқын түйсінуі алғышарт болмақ. Заманауи білімді игерумен қатар, замана ақтаңдақтарынан тиісті нәтиже шығарудың, өмір салтына да бір сәт мән берудің, шет ел тілін  жетік меңгере жүріп, нәресте күніңнен нәр алған ана тіліңді де әспеттей білудің мәні зор. Тіл – әрбір ұлт пен ұлыстың қасиетті құнды қазынасы. Нақты тарихи деректерге зер салсақ, әр уақыт төл жазуымызға өз өзгертуін, түзетуін енгізіп келгенін байқаймыз. Ата-бабаларымыз араб әліпбиін қолданса, өткен ғасырдың 30-40 жылдарында латын қарпімен сауат ашқанын, хат-хабар алмасқанын тарихтан білеміз. Бүгінгі ұрпақ кириллицамен көзін ашса, келешек немере-шөберелер латын таңбасымен жазылатын деректерге қанығатын болады. Көршілес тәуелсіз Өзбекстан Республикасының бүгінде бұл жазуға, іс-қағаздарын толтыруға әбден төселгенін естіп те жүрміз. Негізінен бізге әлі де біраз дайындық, ұйымдық әдістемелік жұмыс қажеттігі белгілі. Осы орайда, Елбасы тапсырмасына сай бұл бағытта тиісті мамандар мақсатты жұмыстар жүргізуі қажет.
 «100 жаңа есім» жобасының да өзіндік мән-маңызы ерекше. Елінің қамын жеген, білім мен күш-жігерін Отан игілігіне арнаған ұлағат иелерін, барлық жақсы істерін жастарға жақын таныстырудың, үлгі етіп көрсетудің маңызы зор. «Ағаға қарап іні өсер» демекші, өскелең ұрпақтың да ата-аға ізін ту ететіні заңдылық. Бұл да патриоттық рухымызды асқақтатуды көздейтін құнды бастама.
Сонымен, жаңа құжатта енгізілген ұсыныстар мен тың идеяларды көпшіліктің мақұлдағанын айқын аңғардық. Дегенмен, қолдау бар да, оны нақты жүзеге асыру бар. Елбасы көтерген маңызды мәселелер іс жүзіне асырылғанда ғана елімізге игілік әкелмек. Ал, оны жүзеге асыратын барша халық, біздерміз. Ендеше, әрбір азамат еліміздің ертеңгі дамуына зор серпін беретін бұл бастамаға қолдау танытып, оны нақты іске асыруға өз үлесін қосуы тиіс.  

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар