Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арыстың оралуы - АРҚА АЖАРЫ

Арыстың оралуы

Білім-ғылыммен, өмір-тіршілік тәжірибелерімен мұздай қаруланған, кемелденіп толысқан Шәрәпи Әлжанов 36 жасында Сталиндік қуғын-сүргіннің бейкүнә құрбаны болды. Алайда, ұлы тәуелсіздік, ұлы уақыт, ұлы халық қайта тірілтті. Расында, «Бәрінен данышпан – Уақыт, өйткені, ол бәрінің сырын ашады, бәрінен жүйрік – Уақыт, өйткені, ол бәрінен озады», – деп ойшыл Фалес айтқандай, Алаш арыстаны Шәрәпи Әлжанов тұтас тұлғасымен, кесек ой-әрекеттерімен, іс-қимылдарымен өзінің хан жайлаған көгілдір Көкшесіне, алтын ұясы Сәулесіне сұңқарша саңқылдап, тұлпарша дүбірлетіп оралып отыр. 

Еңбекшілдер ауданыңдағы Сәуле ауылындағы орта мектепке Шәрәпи Әлжановтың есімі беріліп, аталмыш білім ордасының алдында ескерткіш бюстінің ашылу салтанаты болып өтті.  
Жиында аудан әкімі Асқар Қиықов сөз сөйлеп, аталмыш шараға еліміздің әр түкпірінен арнайы келген құрметті қонақтарға алғысын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді. Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінде «Алаш арыстары және тәуелсіздік» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, конференция жұмысына белгілі ғалымдар мен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, ел азаматтары, өскелең ұрпақ – жастар да қатысты.
Мәжілісті Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахатұлы жүргізіп, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Алаш тағылымы және тәуелсіздік» баяндамасы үлкен ықыласпен тыңдалды. Мұрағаттардан Науан хазіреттің, Шәймерден Қосшығұловтың қолжазбаларын, хаттарын тапқан ғалым биыл сол тарихи, құнды құжаттарды кітап етіп бастырып шығармақ ниетте екендігін баса айтты.
Жерлесіміз, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов болса, профессор Шәрәпи Әлжановтың тұлғасы жөнінде ой толғады. «Көсем елдің бағын ашады» деген ел нақылы бар. Ылайым, солай болғай, – деді ғалым.
Профессор Шәрәпи Әлжановтың ғылыми ортасын, шығармашылық тұлғасын, әлеуетін, кісілік келбетін барынша жарқыратып көрсету үшін мына бір тарихи сәттерге барлау жасасақ, 1930-1937 жылдарда Абай атындағы ҚазПИ-де ғылым, мәдениет, руханият тарихында орасан із қалдырған А.Байтұрсынұлы, С.Асфендияров сияқты ұлт қайраткерлерінің ішінде шоқтығы биік зиялы Шәрәпи Әлжанов та алтын оттай лаулап, ұлтына қажырлы қызмет етті. 1933-1934 оқу жылында профессор 12 баспа табақ көлемінде «Ұлт мәдениетінің мәселелері» дейтін зерттеу еңбегін жазған. Сол кездің өзінде ҚазПИ қаламақы төлеп, Халық Ағарту комиссариатынан шығармақ болған.     
«Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деп сөзін жалғастырған халық мұраларын зерттеуші Мұсатай Ғалым, Шәрәпи Әлжановтың аталас туысы, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов Шәрәпидің атақты Біржан салмен аталас екенін шежіре бойынша талдап, текті атадан өрбігенін тыңдаушылар назарына ұсынды. Ғалымның немере қарындасы Әмина Әлжанова болса, туған еліне ағасының есімін ұлықтағаны үшін үлкен толғаныспен өзінің зор ризашылығын білдірді.     
Өз басым көптен бері Шәрәпи туралы облыстық «Арқа ажары», «Бұқпа», «Ардагер айнасы» газеттеріне мақала жариялап, оның артында қалған ұрпақтарын іздестіріп көріп едім. Қанша жазсам да, ешқандай да хабар ала алмадым. Оның сәті осы жолы түсті. Әмина Әлжанованың айтуы бойынша Шәрәпидің ұрпақтары қуғынға ұшыраған екен. Талай рет мекен жайларын ауыстырып, бірнеше қалаға қоныс аударыпты. Тіпті, қуғын-сүргіннің зардабынан тегін де ауыстыруға мәжбүр болса керек. Ғалымнан Еміл және Ерік деген қос ұл өрбіген. Еміл де, Ерік те қайтыс болыпты. Біріншісінен ұрпақ қалмаған, Еріктің баласы Марат Әлжановтың бір қызы, екі ұлы бар. Ақтөбе қаласында тұрады.
Конференция сәтті өтті. Қатысушылар арасында қызығушылық пен зор серпіліс тудырды. Кейінгі ұрпақтың қалғып бара жатқан ойына қанат бітіріп, санасын оятуға зор ықпал етері сөзсіз.
Мәжіліске қатысушылар Біржан сал бабамыздың зиратының басына барып, Жақия қажы атындағы мешіттің бас имамы Серік Халықов құран бағыштады. Орта мектепте ұйымдастырылған кездесу кешінде оқушылар үш тілде: қазақша, орысша, ағылшынша замана тұлғасы жайлы әңгімелер тыңдады.
Жиынға қатысушылар «Абылай ханның қара жолының» бойындағы әулие Мұхаммед-Салықтың зиратына барып, баба рухына тағзым етті.
Ғылыми-практикалық конференциядан бас-
тау алған мерекелік шаралар аламан бәйге сынды ұлттық спорт ойындарымен жалғасып, одан әрі ауыл шаруашылық жетістіктерінің көрмесімен, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.             

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,
Қазақстанның оқу ісінің үздігі,  Еңбекшілдер ауданының  құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар