Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латынша жазу жат емес екен-ау! - АРҚА АЖАРЫ

Латынша жазу жат емес екен-ау!

Қан майданнан келген сағынышқа толы үшкіл хат – біртұтас әулеттің құнды жәдігеріне айналған. Көкшетау қаласының тұрғыны Светлана Сәдуақасоваға Ұлы Отан соғысына аттанған атасының 72 жыл бұрын жазған хаты осыдан он екі жыл бұрын қолына тиген. 

Украинаның  Каменец-Подольск қаласында  неміс әскерінің  қолына түскен хат осы уақытқа дейін Австриядағы  мұрағаттардың бірінде сақталып келіпті.  Сәлем хатта не жазылғанын білмейді ол. Себебі, хат  таза қазақ тілінде, латын қарпімен жазылған. Ата аманатын аяқ асты қалдырмай, жылдар бойы сол хаттың көшірмесін көзінің қарашығындай сақтап келген ана бүгінде ел болып талқылап жатқан Елбасының латын қарпіне көшу бастамасын жақсылыққа балап отыр. Ұлы Отан соғысында жанын шүберекке түйіп жазған сыр тұнған, сарғайған сол хатқа уақыттың табы түскен, кейбір сөздері өшкен, дұрыс оқылмайды, оның үстіне әркімнің жазуы әртүрлі болатындықтан, қолтаңбаны айырып оқу да оңай емес.
– Қан майданға аттанған  менің нағашы атамның туған інісі Құмар Ахметқалиевтен ешқандай хабар болмады. Ал, осыдан тура он екі  жыл бұрын Ресейдің  «Жди меня» хабарынан  отты жылдары майданда жауынгерлердің жазған хаттары бар екендігін естідік. Солардың арасында біздің де атамыз туралы бір хабар табылар деген үмітпен іздестіре бастадық. Жетпіс жыл бойы сақталған хатты Австрия үкіметі Жеңістің 65 жылдығына орай Украинаға қайтарыпты. Біз хаттың көшірмесін сол жақтан алдырттық,– дейді Светлана Қадырханқызы. – Өз басым осы мәселені көптен бері қаузап, жүрген жерімде латын қарпін танитын адамдарды сұрастырып жүремін. Қолыма хаттың көшірмесі түскен сәттен университет ғалымдарына, ұстаздарға, көнекөз қарияларға да бардым. Алайда, ешқайсысы хатта жазылған жазуды айырып оқи алмады. Мен барып, өтініш білдірген ғалымдар біз үшін құнды құжатқа айналған қос парақ қағаздан «Амандық хат» деп басталып, «Амансың ба, Алдабергенім» деген жазуларды ғана оқып берді. Анам өмірден өткенінше Құмар атадан бір хабар күтетін. Өкініштісі, ана үміті орындалмады.
Дүбірлі дүниенің жаңалығын теледидардан тамашалап, баспасөзден оқып, біліп  жатамыз. Ел Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесін қозғады. Меніңше, бұл ұлттық құндылығымыз қазақ тілінің келешегін жарқын етуге жасалған нақты қадамдардың бірі. Сонымен қатар, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатса, оны да рухымыздың асқақтай түскені деп білемін, – дейді ол.     
Светлана Қадырханқызы осы хатты іздестіру мақсатында республикалық «Караван» газетіне барып, сұхбат та берген екен.  Оның айтуынша, хаттың сыртында жазылған мекен-жай тура аталары тұрған үйдің мекен-жайымен сәйкес келеді. Сонымен қатар, хатта есімі аталатын Алдаберген Құмар атаның туған інісі. Бір атадан  Алдаберген, Мерген, Ерген және Құмар тарайды. 1941 жылғы 22 маусымда соғыс басталып, көп ұзамай Украинаның Каменец-Подольский қаласын жау басып алғандығы тарихтан белгілі. Осыған байланысты Кеңес солдаттарының 1941 жылдың маусым-шілде айларында жазылған хаттары пошта жәшігінде қалып қойса керек.
Бұл хаттар жау қолына түсіп 2009 жылға дейін Вена қаласының (Австрия) мұражайлар қорында сақталып келгендігі белгілі болып отыр. Кейін Ұлы Отан соғысының 65 жылдығында Киев мұражайына тапсырылып, мұражайдың тұрақты мемлекеттік қорына алынғандығын жоғарыда айтқанбыз. Бүгінге дейін 500-ден астам хаттың көшірмесі иелеріне табыс етіліпті. Шекара асып, қайта оралған үшкіл хаттар  географиясы бұрынғы кеңбайтақ Кеңес одағын түгел қамтиды. Жылдар бойғы үміт сезімі арманға ұласып, жүрегі өкініштен сыздап, сарыла
жол күтіп, сағына қарайлап жүрген мыңдаған адам, мыңдаған тағдыр… Солардың қатарында Светлана Сәдуақасова да бар.     
– Бізге атамыздың өмір жолы, тағдыры белгісіз.  Бәлкім газет оқырмандары арасында латын қарпін айыратын тіл мамандары  қол ұшын беріп, атамнан аманат болып қалған естелік хатта не жазылғандығын оқып берер, кім білсін?!.  Қалай дегенмен де, келер күнге зор үміт. Себебі, Елбасының құнды бастамасы жүзеге асып, ертеңгі күні балаларым латын қарпін меңгеріп, хат болып сексен жылға жуық сақталған сыр ашылады деп сенемін.  
Әңгімені жазып алған
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар