Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біздің байтақ даланың ойы-қыры ертегі, Аршып алған ұрпаққа құпиясын шертеді. - АРҚА АЖАРЫ

Біздің байтақ даланың ойы-қыры ертегі, Аршып алған ұрпаққа құпиясын шертеді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаннан соң, әр аймақта өлкетану бағытында арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, тарихи маңызы бар орындар қайтадан анықталып, нақтыланып, оларды келер ұрпақ санасында қалдыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
Сол бастамаға орай, өлкетанушы азаматтармен бірге, «Байтақ даладағы бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылып, сол экспедициямен бірге көршілес Ақмола облысының Ерейментау, Көкшетау өңірлерінің біраз жерлерін аралап қайтқан едік. Экспедицияның мақсаты: Баянауыл жерінен шыққан, бірақ, бір замандарда әлдебір себептермен Көкшетау, Ерейментау өңірлерінде мәңгілік мекен тауып қалған тарихи тұлғалардың зират-кесенелерін анықтап, соларға байланысты көнеден жеткен әңгімелерді қайтадан жаңғыртып, деректі фильм түсіру болатын. Бұл адамдардың жатқан жерлерін біреулер білгенмен, біреулер біле бермейді. Сондықтан, оларға байланысты тарихи деректер біріншіден, кейінгі ұрпақ үшін қажет болса, екіншіден, ұлттық тарихымыздың бір бөлігі болып саналатын өлке тарихын толықтыру болары сөзсіз. Баянауыл жерін жайлаған Сүйіндік елінен шыққан тарихи тұлғалардың бұл жақта жерлену себебіне келсек, сонау ХVІІІ ғасырдағы Ақтабан шұбырынды оқиғасынан кейін Орта жүз, оның ішінде Арғын елі біртіндеп Арқа өңіріне қоныс аударғанын тарихтан білеміз. Бұлардың ішінде Баянауыл өңіріне ат басын тіреген Сүйіндік рулары да бар. Осы ел Баянауылға әбден орнығып, ес жиып, етек жапқасын, ғасырдан аса уақыт Шідерті, Өлеңті, Сілеті өзендерін кесіп өтіп, Көкшенің биіктеріне дейін барып жайлап жүрген. Бұл көштің батыс жақ шеті қазіргі Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы Домбыралы-Моншақты тауларына дейін жеткені мұрағаттық құжаттарда және ел аузындағы әңгімелерде де сақталған. Осындай себептен, ел жайлауда жүргенде қайтыс болған адамдар сол өңірлерден өздерінің мәңгілік мекендерін тапқан. Атап айтар болсақ: Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Мәдениет ауылының жанында жатқан Айдабол Торайғыр би Едігеұлы, Ерейментау ауданында Сілеті өзенінің бойында жатқан Қозған Түйте әулие Дүйсенейұлы, Ерейментаудың Қарағайлысындағы Балықты көлінің жағасында жатқан Күлік Көтеш ақын Райұлы, Едіге өзенінің жағасында жатқан Айдабол Едіге би Төлебайұлы, Шорман өзенінің жағасында жатқан Қаржас Шорман би Күшікұлы, Олжабай сөресінде жатқан (қазір Олжабай ауылы) Айдабол Олжабай батыр Толыбайұлы, Ақмырза өзенінің жағасында жатқан Құлболды батыр-әулие Шуманақұлы, Үшмырзаң көлінің (қазір Тамдыкөл деп аталады) жағасында жатқан Күлік Өтеміс абыз Жанайдарұлы және Айдаболдың үш мырзасы –Төкі Шоңұлы, Добан Шаржауұлы, Шоркен Ақынұлы секілді тарихи тұлғалар осының дәлелі. Экспедиция барысында біздер Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының жазбалары мен кейбір мұрағаттық деректерді негізге алғанымызды айта кеткіміз келеді. Енді жоғарыда аттары аталған тарихи тұлғалар жайлы бірер сөз. Ең бірінші Торайғыр би Едігеұлы жөнінде. Жасыратыны жоқ, Мәдениет ауылының жанында жерленіпті деген Торайғыр би жайлы кезінде әрқилы пікірлер айтылып, кейбіреулер бұл деректі теріске де шығарған. Және елдің өткен-кеткеніннен хабары бар кейбір азаматтар Торайғыр би ол жерде емес, Түркістанда жерленген, ал Мәдениеттегі Торайғыр тауы бидің аманаттап қойылған жері деген дәлел келтірген болатын. Оған себеп, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 2007 жылғы басылып шыққан 13 томдығының 6-томындағы мына бір әңгіме: «…Шоң өлді. Өлерінде өсиет қылды: «Балалар, Торайғыр мен екеуіміздің құдайға берген уағдамыз бар еді. Бұл һәм кешікпей менің артымнан келер. Мені аманат қып қойыңдар, екеуімізді хазіретке бірге алып барыңдар!» – депті.
…Сілетінің бойына аманат қылып қойдырған екен. Ел Баянауылға көшіп келгесін, Шоңның қырқын беріп жатқанда, Торайғыр өлді. …Жаз шыққан соң, Торайғыр мен Шоңның сүйегін аманат қойған жерінен алып, Хазірет Сұлтанға алып кетті. Сонда Шоңның сүйегін аманат қойған жерінен алғанда, ішінде едім дейді Шонабай деген қожа». Мәшһүр бабамыз, байқасақ, бұл деректі Шонабай қожа деген кісіден алған екен. Ол кісі Шоңның сүйегін алғанда ішінде едім дейді де, Торайғыр жайлы ештеңе айтпайды. Және аманаттап қойылған жері Көкшетау жағы емес, Сілеті бойы деп жазылады. Ал, Сілеті бойы мен Мәдениет ауылының арасы 120-130 шақырым шамасында…
Енді аталмыш он үш томдықтың 13-томын парақтасақ, Мәшһүр-Жүсіп тағы былай дейді: «…Сол күннен бері қарай Арғын ұрпағынан шыққан қадірлі би, қадірлі байлардың сүйегін жүз жылқымен Әзіреттің басына апарып қоятын болған. Шаншарұлы Қазыбек (Қаз дауысты) сонда, Шақшақұлы Жәнібек сонда, Тілеуке-Бертістің Тілеукесінің баласы Жарылғап, Күлік Ақыл баласы Айбас сонда, Едіге баласы Шоң би сонда, Малкелді баласы Ақпан сонда, жүз жылқымен апарып қойған».
Бірақ, бұл жерде де Торайғыр бидің аты аталмайды. Егер ол кісі Түркістанда жерленген болса, ел ішінде «Шоң-Торайғыр» деп қатар аталып жүрген ағалы-інілі адамдарды Мәшһүр бөліп-жармай, Торайғырды да бірге атар еді. Бірақ олай етпепті.
Әрине, біз не жазсақ та, Мәшһүр-Жүсіптің деректерін түпнұсқа етіп аламыз. Бірақ Мәшекең де көп деректерді ел аузынан жинағанын ескеруміз керек. Ол кезде де түрлі адамдар түрлі деректер айтатыны белгілі. Осыдан болар, Мәшекең мұраларында кейбір тарихи тұлғаларға немесе оқиғаларға байланысты бір-біріне қарама-қайшы деректер ұшырасып тұрады. Оның үстіне Мәшһүр-Жүсіп жазбаларының қағазы ескіруіне, жазулардың көмескі тартуына байланысты ма екен, кейде оқып отырып, мәтіндердің араласып кеткенін байқаймыз. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытовтың арғы бабалары Танашбай, Қуан деген кісілерге байланысты сондай бір әңгімені көзіміз шалды. Яғни, Жүсіпбектің арғы аталары қалмақтан тарайды деп көрсетіледі ол жазбада. Бұл әрине, Мәшһүрдің  дерегі емес, көшірушілерден кеткен қате болуы мүмкін.
Сондай-ақ, Мәшекеңнің алтыншы томының 161-бетінде: «Шоң би, Торайғыр би, Ізден абыз үшеуі құрдас екен» деген сөйлем бар. Ал ,Торайғыр Шоң бидің інісі екені баршаға белгілі. Тағы бір жерде «Шоң мен Торыайғыр екеуі 49 жасында опат болды» деген дерек айтады. Неге бұлай жазғаны түсініксіз. Әлде қағаздың ескіруіне байланысты, көшірушілерден кеткен жаңсақтық па? Сондықтан, бұл секілді әлі де нақтылауды керек ететін деректерді анықтап алмай, пайдаланған дұрыс емес секілді. Жоғарыдағы Торайғыр бидің қайда жерленгені туралы дерек те осындай нақтылауды керек ететін мәлімет.
Осы өңірдегі халыққа белгілі, 2010 жылы басылып шыққан «Баянауыл перзенттері» деп аталатын шежіре-кітап бар. Осы кітаптың «Айдабол» деп аталатын тарауында Шоң би Едігеұлы 1764 жылы туып, 1836 жылы Баянауылда қайтыс болған деген анықтама беріліпті. Санасақ, 72 жыл ғұмыр кешіп, інісі Торайғырдан кейін 6 жылдан соң қайтыс болған екен. Ал, жоғарыдағы Мәшһүр Жүсіп бабамыздың дерегінде екеуі бір жылда қайтыс болған делінеді.
Аталмыш кітапта Торайғыр би жөнінде: «1767 жылы Баянауылдағы Бауыртаста туып, 1830 жылы Көкшетаудағы Шалқаркөлде қайтыс болды», – дейді. Санасақ, 63 жыл ғұмыр кешкен. Бұл деректің біз үшін құндылығы, Торайғыр би Мәдениет ауылының жанында жерленген деген болжаммен дәлме-дәл келіп тұр. Себебі, осы ауылдың дәл іргесінде Шалқар деп аталатын үлкен көл бар. Торайғыр заманында ол көл Торайғыр деп аталса, кейін Шалқар, одан соңғы уақытта жергілікті халық Төлектің Тасшалқары, Атығайдың Шалқары деп жүргенін білдік. Ендеше, Торайғыр бабамыздың осы арада жерленгені дау туғызбаса керек. Тағы бір ел аузында жүрген дерек, Торайғыр би осы Көкшетау өңіріндегі Торайғыр көлінің жағасында туып, осыған байланысты Торайғыр деген есімге ие болған екен дейді.
Осыдан соң, біз бір дерек кездесіп қалар деген оймен, 2000 жылы Алматыда басылып шыққан «Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар» деген кітапты парақтадық. Байқағанымыз, кітаптың авторы Марат Тұяқбаев деген адам кесенеде жерленген адамдар мен олардың жатқан орындарын анықтау үшін жүздеген тарихи еңбекті қопарған екен. Олардың ішінде шет ел мен Ресей ғалымдарының зерттеулері де бар. Осы кітапта Әзірет Сұлтанда жерленген Қаз дауысты Қазыбек биден бастап 21 бидің аттары аталыпты. Бірақ, ішінде Торайғыр бабамыз аталмайды.
Бұдан басқа, 1907 жылы Мұхамедсадық Сапабекұлы деген кісі кесенеге барып, зиярат етіп, деректер жинапты. Және ол Шоң бидің осында жерленгенін айтады. Бұл жерде тағы да Торайғыр бабамыздың аты аталмайды.
Сосын біздер Торайғыр би жөнінде дерек іздеп, ҚР Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған, бидің өз ұрпағы Шаймерден Торайғыровтың жазбаларымен де таныстық. Онда да Торайғыр бидің сүйегі Түркістанда жерленгені туралы дерек кездестіре алмадық.
Дұрыс түсініңіздер! Біздікі қайтсе де, Торайғыр бидің Түркістанда жерленбегенін дәлелдеу емес. Егер шынымен сол жерде жатса, ұрпақ үшін тіпті қуаныш, топырағы торқа болсын дейміз! Бірақ, шама келсе, тарихи деректердің шындығына көз жеткізіп, оның дұрысын пайдаланған жөн. Егер Торайғыр би бабамыз Көкшедегі Шалқарда жерленсе, одан ештеңесі кеміп қалмайды. Ол да қазақтың қасиетті жерлерінің бірі. Сондықтан, айтылған деректерді назарға алып, Торайғыр би Едігеұлы жоғарыда аталған Мәдениет ауылының қасында жатыр дегенге тоқтағанымыз дұрыс секілді.
Енді Торайғыр би Бурабай ауданындағы Мәдениет ауылында жатыр деген дерек қайдан шықты деуі мүмкін кейбіреулердің. 2010 жылдың жазында біздер Торайғыр би жайлы деректер іздеп сол жақты аралап жүргенде, Мәдениет ауылының жанында Торайғыр тауы деген жер бар деп естіп, солай қарай ат басын бұрған едік. Біреулердің сілтеуімен, сол ауылдағы көнекөз, өткен-кеткеннен хабары бар Дулат Әбдірашұлы атты қарияға кіріп, сәлем бердік.
Амандасып, жөн сұрасқан соң, менің не шаруамен жүргенімді білген Дулат ақсақал:
 – Е, балам, сен Құдай айдап, тура келген екенсің, бабаң мына жерде, ауылдың іргесінде, Торайғыр биігінің басында жатыр. Қазір апарып көрсетем,–деді тура менің келетінімді күтіп отырған кісіше.
Мен әлі де болса дүдамалдау оймен: «Аға, бұл қай заманнан қалған әңгіме, дерегі бар ма, өзіңіз кімнен естіп едіңіз?» – деп сұрадым.
 – Қарағым, менің жасым сексен алтыдан асып, сексен жетіге кетіп барады. Бұл әңгімені сонау соғыстың алдында, біздің бала күнімізде: «Ана төбенің басында Сүйіндік елінің Торайғыр деген биі жатыр, әкесінің аты Едіге екен», – деп үлкендер айтып отыратын. Әйтпесе мен ойдан шығарып отыр дейсің бе, айналайын, – деді ақсақал менің сеніңкіремей отырғанымды байқап. Осыдан соң қарияға ілесіп, Торайғыр тауына шығып, би бабаның рухына бағыштап дұға қайырып едік… 

 

Түйте әулие- Дүйсенейұлы

 Енді Көкшетаудан бері еңкейсек, Сілеті өзенінің бойында жерленген тағы бір тарихи тұлға – Қозған Түйте әулие Дүйсенейұлы. Бір қызығы, Түйте тәуіптің зираты жайлы да біраз дау-дамай болғаны есімізде.
«Қазақ шежіресі» деген еңбегінде Мәшһүр бабамыз Түйте тәуіп жөнінде мынадай дерек айтады: «…Асаубайдың кенжесі Бәзіл қажы атанған. Қыстауы Сілетіде, Ешкіөлместе. Бәзіл қажыдан – Ғұбайдолла, Бопкен. Бопкен балалары – Жиіпалла, Нұрхамит. Бұл екі баланың қара орманын сыпырып алып, Ғұбайдолланы Омбыға, Бопкенді Семейге жер аударған. Бұл Бопкен Семей барамын деп, Қызылтау баурайында атын ұрлатып, жаяулап қайтып, Ескелдіде отырған, құдай рахмет қылсын, Мәшһүр Жүсіпке кез болып, «қатын-балаңды тауып ал» деп, бір шабдар атты басыбайлы  өзінікі қылып мінгізіп қоя бердім. Сол Бопкен айтты: «Қозғаннан шыққан Түйте тәуіптің моласы біздің қысты күнгі қотанымызда. Үстіне ағаш шыққан, шеңгел де шыққан. Ағаштан жасаған моласы бар. Бұл күнге дейін тозған жоқ, құлаған да жоқ», – деп.
Мәшһүр жазбаларында Түйте жайлы басқа да деректер айтылады. «Түйте тәуіптің қонысы әулиелі Қызылтауда, жын-перімен алысқан жеріне әлі күнге дейін шөп шықпайды, көктеуі мен күзеуі Шідерті өзенінің жайылған жері, Ақкөл-Жайылмада, Қаражар, Күрең бие деген жер, жұрт осы күні Әулиелі Ақкөл деп жүр. Сол Түйте тәуіп қоныс қылған соң, Әулиелі Ақкөл деп атайды да, өзі жайлауда Сілеті бойында, Ешкіөлместен жиырма бес шақырым, Керей Бәзіл қажының ауылында дүниеден өткен. Зиратын ағаштан қиып салған екен, басына барып дұға қылдым», – деп жазады.
Тағы бір жерде: «Қозғаннан шыққан Түйте тәуіптің қыстауы – Қызылтауда, Жосалы деген жерде. Таң намазын сол жерде оқып, бесін намазын Ақкөлдің жағасында оқып, бір күн түнеп жатып, ертеңгі памдат намазын сол жерде оқып, бесін намазын үйіне барып оқиды екен. Бес намазды  Ақкөл басында   бір дәретпен оқып, бес намазды үйінде бір дәретпен оқып, өмір бойы әдет қылған дейді. Ақкөлдің «Әулиелі Ақкөл» атанғаны сондықтан екен», – деп жазады Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы.
«Өзіне Қаракесек деген елден тоқсан қатын келіпті бала сұрап, бәріне де бірдеме депті, бір қатын құр қалыпты. Ол қатын назаланып: «Осынша қатын бәрі алғанда, құдайдың сүймес пендесі мен болғаныма көзіңіз жетті ме?» –деп, жылап қоя берген соң, Түйте әулие: «Бара бер, бердім!» – депті. Сол бала Жарылғап Ақтанберді баласы Жанысбай болған екен деседі», – дейді Мәшекең жарықтық.
Жасыратыны жоқ, Сілеті бойында Түйте әулиенің басын көтереміз деген бастама көтерілгенде, Қозған атасынан тараған ұрпақтардың пікірі екіұдай болып бөлінді. Біреулер Түйте тәуіп Әулиекөлдің жағасында жатыр десе, енді бірі Мәшһүр деректеріне сүйеніп, Сілеті бойында дейді. Осы даулы мәселе бойынша 2015 жылы Ерейментау ауданының Ажы ауылында тұратын Жұмажан Ахметов бауырымыз (Қозған-Жапат атасынан) ақпарат беттеріне «Түйте әулие қайда жерленген?» деген тақырыппен мақала жариялап еді. Енді оқырмандарға түсінікті болу үшін, сол мақаладан үзінді беріп отырмыз.
«Шежіреші Мәшекең Түйте әулие жайында өз жазбаларында осылайша ой түйіпті. Осы дәйексөздер  әулие зиратының Сілеті бойында екенін  көрсетеді. Дегенмен де,  ел аузындағы кейбір әңгімелер мен мұрағаттық құжаттарда Түйте әулие зираты Әулиекөлдің жағасында екені де айтылады. Төмендегі анықтап алуға тиісті жайттар осындай. Енді соларға тоқталайық. Көнеден көнеріп  жеткен ел ішіндегі ескі аңыз-әңгімелерге құлақ  түрсек, Түйте әулие өз елінің көшін бастап келе жатқанда,  көлді  жағалай жайлап отырған қалың елге кездеседі. Алыс жолдан шаршаған көшті дамылдатып, біраз уақыт тынықтыруға рұқсат сұрап, елші аттандырады сол елге. Сөйтсе, бұл  Қанжығалы  Алмашы Көлебе батырдың ауылы екен. Ол көштің аялдауына ықылас білдірмейді. Сонда батырға жолығуға Түйте әулие өзі келіпті. Екеуара  әңгіме барысында ер Көлебе: «Әулие болсаң бір кереметіңді көрсетші!» – деген екен. Сонда Түйте тұлпардың құйрығынан бір тал қыл суырып алып, аттың төрт аяғын байлап тастайды. Түйтенің жай кісі еместігін түсінген Көлебе оны үйіне түсіріп,  қонақ қылады. Азанда оянып қараса, аты тапжылмай, қылмен тұсалған орнында әлі жайылып тұр екен. Түйтенің ісіне тәнті болған батыр: «Сіз шын әулие екенсіз. Біздің ауыл үстінен өткеніңіздің  белгісі болсын»,– деп бір дәу тасты көтеріп әкеліп, ат тұсаулы тұрған жерге қадапты. Разы болған Түйте әулие батырдың үйінің жанына қолындағы аса таяғын шанышқан екен. Осы таяқ жайқалып үлкен ағаш болып өсіп шығыпты-мыс.
Жергілікті тұрғындар айтылған аңыз желісі бойынша, бұл жерді қасиетті орынға балап, қоршап қойған. Адамдар арнайы ат басын бұрып, тәу етіп жүреді. Сапарлап келе жатқан жолаушылар тиын-тебен тастап, «жолымыз ашылады» деп ырымдаған. Уақыт өте келе аңыз мазмұны көмескіленіп, Көлебе батыр қадаған тас пен Түйте әулие шанышқан таяқ орны жаңағыдай себептермен өзгеріп, бұл жер Түйте әулие бейіті деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан да болар, «Семипалатинский листок» газетінің редакторы Н.Я.Коншиннің Семей қаласында шығып тұрған «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского Географического общества» деген журналдың 1903 жылғы алғашқы санында  жарық көрген  «О памятниках старины в Семипалатинской области» деген мақаласында: «В Аккульской волости около озера Аулиеколь есть небольшой курганчик, под которым погребен по рассказам киргизов святой Туйтэ», – деп жазылған. Бұл біздіңше жаңсақ мағлұмат. Біріншіден, «жар басына там салма, жар құласа там кетер», деген ұстаныммен өмір сүрген қазақ халқы көлдің құлама жиегіне ешқашанда зират салмаған. Екіншіден, ата зиратын анықтауда мұрағаттық  құжаттармен және сол замандағы карталармен зерттеу жүргізген тарихшы-өлкетанушы Дәурен Аяшинов атты бауырымыздың  еңбектері әулие бейітінің орнын нақтылап тұрғанын төменде әңгімелейміз.
Енді, Д. Аяшинов деректеріне назар салайық. Түрлі мұрағаттық құжаттармен жұмыс істеп, тер төккен өлкетанушыға біздің өлкенің тарихы туралы өте қызықты мәліметтері бар құнды материалдармен танысу сәті түседі. Ресей империясы Сібір генерал-губернаторлығының генералдық штаб офицерлері жасаған  өте сирек кездесетін әскери топографиялық карталардың және 1830 жылдардан бастап халықты тіркеу, мал басы иелерінің тізімі құжаттары зор маңызға ие. Құжаттармен танысу барысында Түйтенің генеалогиялық кестесі, яғни, шежіресі анықталды. Мал басы иелерінің  тізімі құжаттарында 1835-1854 жылдары Түйтеұлы Байбөрі, ағалары Сасық, Еділ, Дүйсеновтер Шүрен бөлімшесімен  Баянауылдан қырық шақырымдағы  Ақшоқы, Қаратас және Жосалыны қыстайтыны жазылған. 1866 жылғы тізімде Елубай Байбөріұлы (№655) туралы дерек бар.
Сөзімізді әрімен қарай баяндайық. 1881 жылғы әскери топографиялық картада Түйте әулие зираты (Таты аулие деп көрсетілген) Әулиекөл көлінің жағасында екені көрсетілген. Себебі, осы болды ма екен, 2001 жылы Түйте шөбересі Ырысты Қырқайқызы (Қырқай – Байбөрі баласы) бұл жерге ескерткіш тақта орнатыпты. Әулие зиратына байланысты Мәшекең жазбаларындағы дерек пен картадағы белгі – екі түрлі дерек береді. Сондықтан, қосымша зерттеуді қажет етті. Нәтижесінде 1848 жылғы Санкт-Петербург қаласында шығарылған Батыс-Сібір аймағы картасы  табылып, Сілеті өзені бойындағы мазар салынатын тұс «Түйтенің адыры»  аталғаны  анықталды. Сонымен, Мәшһүр Жүсіп жазбалары мен тарихи құжат – аталмыш картадағы жер атауына сүйеніп, Түйте зираты Байсары ауылы жанындағы мазар салынатын жер екені күмән тудырмауы керек», – дейді  Жұмажан бауырымыз. Өткен жылы Ажы ауылындағы Мейрам Әлдебеков ақсақалдың үлкен ұлы Қосман бас болып, ағайын-туыстың қолдауымен, бұл араға үлкен кесене тұрғызылған.

 

Көтеш  ақын  Райұлы
Тағы бір тарихи орын – Ерейментаудағы Балықты көлі. Бұл арада ХVІІІ ғасырдың белгілі ақыны Көтеш Райұлы жерленген. Бір өкініштісі, дұрыстап зерделемеудің себебінен осы уақытқа дейін Көтеш ақынның тегі «Райымбекұлы» деп қате жазылып келді. Ал, шындығында ол Райымбектің інісі Райдың ұлы.
Өзінің бір өлеңінде Көтеш ақын:
«Арғы атамды сұрасаң – Сексен-Жұлма,
Райымбек Сексеннен туған ұл ма?
Райымбек дейсің де, Райды айтпай,
Райымбек би болса, Рай құл ма?»–
дейді. Осы шумақты бұрыннан оқып жүріп, ақынның Райымбек емес, Райдың намысын қорғап тұрғанын байқап, Көтеш Райдың ұлы емес пе екен деп іштей дүдамал болып жүретінбіз. Шындығында, шежірені дұрыстап зерделей келе, солай болып шықты. Өлеңдегі Жұлма-Сексен батырдың үлкен баласы. Жұлмадан – Рай, Райдан Көтеш ақын туады.
Көтештің Райдан туғанын растайтын тағы бір дәлел, 1854 жылғы Қызылтау-Күлік болысының мал-жан санағында Көтештің баласы Жайлаубай Рай атасынан тараған ауылдың ішінде көрсетіледі. Егер Райымбектен тараса, олай жазылмас еді. Себебі, аталмыш санақта ру ішінде әр атадан тарайтын ауылдардың малы мен жан басы жеке-жеке бөлініп, анық көрсетілген. Бұл ешқандай дау тудырмайтын дәлел.
Тағы бір жүгінеріміз, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының деректері. Мәшекең Көтештің Райдың ұлы екенін өз еңбектерінің бірнеше жерінде анық жазады. Мысалы, 2007 жылы шыққан 13 томдықтың 10 томының 91 бетінде «Сексеннен Райымбек, Рай, Қараша… Райдан Көтеш ақын» – дейді.  
Сондай-ақ, Мәшһүр-Жүсіптің:
«Жабысты маған өлең он бес жаста
Жұрт айтты, не қыласың, деді таста.
Дегенмен бастағасын қоя алмадым,
Сотым жоқ қылған жұртқа мұнан басқа»,
– деп басталатын өлеңі бар. Дәл сол жасында Көтеш ақын түсіне кіріп, аян берген екен. «Дәл он бесімде түсімде үш ауыз өлең үйретті, қызға жазатұғын өлең. Ояна келсем, ойымда сайрап тұр. Сонан соң гу-гу өлең ойыма келе берді. Өз ойымда: «Түсімде өлең үйреткен Көтеш ақын-ау» – дедім. «Күлікпін!» – деп айтқаны есімде» – дейді.
Көтеш ақын туралы тағы бір дерек ұсынатын Мәшһүр-Жүсіптің «Абылай аспаған сары бел» әңгімесі. Төртуыл мен Қаракесек елінің Жанай және Ботақан атты екі адамын Абылай тірідей зынданға салғызады. Кейін зынданнан шығарып алмақ болғанда, намыстанған Ботақан: «Көрге түскен адам тірі шықпайды!», – деп, өзін-өзі жарып жіберіпті. Осы оқиғадан соң ел іші бүлініп, Абылайдан кек алмақ болып, Бес Мейрам баласы атқа қонады. Көтештің он жеті жастағы кезі екен. Ханға беттеген ел жақсыларының алдынан орап шығып:
«Абылай, Ботақанды сен өлтірдің!
Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?
Хан басың қарашаңмен даулы болып,
Үстіне ақ орданың қол келтірдің!»–
деп, Абылайға қарсы қарап тұрып өлең төгеді.
Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың дерегі бойынша Көтеш ақынның сүйегі қазіргі Ерейментау ауданының аумағындағы Қарағайлы шоқыдан төмен, Балықты деген көлдің жағасында жатыр. «Көтешті қартайған шағында Шерудің ағашының жанында қарақшылар өлтіріп, тонап кетіпті. Бірнеше күннен кейін ауылдастары тауып алса, денесіне ит-құс тиген екен. Өзі толық адам болыпты, майы жерге сіңіп, айналасындағы топырақ қарайып кеткен екен», – дейді.
Көтештің өзін тонамақ болған ұрыларға айтқан:
«Әй, балалар, танымайтын не ел боларсың?
Не бастан, не дәулеттен кем боларсың?
Сексендегі Көтешті тонаймын деп,
Айдабол мен Күлікке жем боларсың!» –
деген бір ауыз өлеңі бүгінге жеткен. Сүйіндіктің жақсылары кейін осы өлең арқылы қарақшыларды тауып алып, жазасын бергізіп, құнын алады. «Қазақта бір басына үш кісінің құны төленген еркекте – Көтеш ақын, әйелде – Ұлбике ақын» – дейді Мәшһүр Жүсіп. Көтешті ақын қаза болған Шерудің ағашы бүгін де солай аталады, Балықты көлінен 20-25 шақырым шамасында, солтүстік-шығысқа қарай.

 

Едіге би Төлебайұлы
Ерейментаудағы Елтай ауылының жанындағы Едіге өзенінің жағасында Айдабол Едіге би Төлебайұлы жатыр. Былтырғы жылы Баянауыл ауданындағы Жаңатілек ауылының азаматтары би бабаның басын көтеріп, ас берген болатын. Негізі Елтай ауылының тарихи атауы – Едіге және ауылдың жанынан Едіге деп аталатын өзен ағып өтеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары алғаш колхоздар құрылып жатқанда, бұл жерден де колхоз ашылып, Елтай Ерназаровтың аты берілген екен. Осы  жерден 7-8 шақырым қашықтықта Едіге деп аталатын темір жол станциясы бар. Едіге бидің бұл жерде жатқаны 1898 жылы орыс зерттеушілері жасаған картада «могила Едигей» деп анық көрсетілген.
Едіге би кім десеңіз, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының қаламынан туған «Едігенің алғашқы билігі», «Едігенің Тоғаспен құда болуы», «Едігенің көрген түсі», «Едігенің соңғы билігі» деп аталатын этнографиялық әңгімелерден оның айшықты тұлғасын, адами бітімін қапысыз тануға болады.
Едіге би Төлебайұлының  шешендік, ақылмандығынан басқа, әулиелік қасиетіне де таң қалмасқа болмайды. Өз кіндігінен тараған ұлдары дүниеге келердің алдында түс көріп, олардың өмірде қандай адам боларын болжап біліп отыруы да екінің біріне біте бермейтін қасиет. Бұл әңгімелердің барлығы Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың кейінгі жылдары жарық көрген шығармалар жинағында жарияланған соң, қайталап жатуды жөн көрмедік. Іздеген адам болса, 2007 жылы шыққан 12 томдығынан, 2013 жылы шыққан 20 томдығынан таба алады.
Едіге би жөнінде айта кететін тағы бір жайт, қазақта «тектілік» деген түсінік бар. Қайсыбір адамның көңілден шығар бір ісін көрсек, «е, оның тегінде бар ғой» деп жатамыз. Бұны қозғап отырғанымыздың себебі, көптеген тарихи тұлғалардың елден ерек қасиеті (батырлығы, шешендігі, көріпкелдігі, әулиелігі т.б.) өзінің көзі жұмылғасын балаларына немесе ұрпақтарына дарымай, үзіліп қалып жатады. Ал, Едігенің өзінен басталған тектілік үзілместен ХХ ғасырдағы ұрпақтарына дейін жеткен. Мысалы, бидің тікелей ұрпақтары болып есептелетін қазақ тарихындағы кесек тұлғалар Шоң мен Торайғыр билердің өздері бір-бір төбе. Одан кейінгі Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәйбай Айманов, Шаймерден Торайғыров, Қамар Қасымов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевтар әрқайсысы бір-бір кітап арнауға тұрарлық  адамдар. Едіге бидің тегінің асыл екенін осыдан-ақ байқауға болады.
Едіге бидің Ерейментау жерінде жатуы жайлы айтар болсақ, оның әкесі Бөгенбай заманында жасаған Төлебай Жанқозыұлын ауызға алуға тура келеді. Төлебай бабамыз жайлы Мәшһүр-Жүсіп еңбектерінде біршама айтылып, оның өзі заманында Пәлі Төлебай, мерген Төлебай атанған жауынгер адам болғаны әңгімеленеді.
Жарайды, ол өз алдына. Ерейментау жерінде ғұмыр сүрген белгілі ақын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте мергендер тобын басқарған Молдажан Жадайұлы деген кісі болған. Өзі Бөгенбайдың ағасы Көлбайдан тарайды. Молдажан ақынның еңбектері бүгінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы. Біз 2014 жылы соның біразын алып келіп, араб қарпінен кириллицаға көшіріп, «Қанжығалылар» атты кітабымызда жариялаған едік. Сонда Молдажан мынадай дерек айтады. Ақтабан-шұбырындыда Сыр бойынан ауған Жеті Момын баласының арасына жолшыбай алауыздық кіреді. Қарауыл Жәпек батыр мен Қарауыл Қанай би бастаған Атығай-Қарауыл балалары батысқа қарай кетіп, Әбілқайырдың қол астына бармақ болып шешеді. Бұларға Қанжығалының Жетіруы-Бозым балалары да қосылады. Бөгенбай батыр бұлардың әрекеттерін құптамай, ол жаққа бармаңдар, ар жағында орыс жақын, түбі орыстың аяғының астында қаласыңдар, ал қалмақ өзіміз секілді көшпелі жұрт, түбі бір жеңеміз дейді. Бірақ, аналар оған көне қоймайды. Сөйтіп, ел екіге айырылып, ағайынға сөзін өткізе алмаған Бөгенбай өзіне қараған елмен Сарысудың бойына қарай бұрылып кетеді. Оған өзінің аталастары Мәмбеттің Бесқасқасы атанған – Атан, Досай, Ақпан, Бура, Тайлақ батырлар, Бозым ішінен өз туыстарынан бөлініп Нияз Жантай батыр қосылады. Және Бөгенбайдың жанында Айдабол Төлебай мерген де бірге болған деп жазады Молдажан. Ол бұл деректі ойдан шығарып отырған жоқ, сол кездегі кәрі құлақ қариялардан жеткен әңгіме. Одан басқа, Үмбетей жыраудың көпке белгілі «Жантай батыр» дастанында Абылайдың баласы Қасым төренің Уса-Серен бастаған хошоут-қалмақтардың ауылына қыз көре барғаны айтылады. Сонда оның қасында Қарауыл Қанай би, Айдабол Төлебай батыр, Үмбетей жырау болғаны айтылады. «…Қосылды Қарауылдан шешен Қанай. Сүйіндіктен Айдабол би Төлебай, …Жырауды Үмбетейдей қосты болмай» деп толғайды Үмбетей өз жырында. Осыған қарап, Төлебай айналасы мен Ерейментауды жайлаған Қанжығалы елінің арасында ертеден байланыс бар екенін байқау қиын емес. Сол заманнан қалып қойып, Ерейментауды әлі де қоныс қылып жүрген Орманшы-Қасқыртымақ, Қаржас-Ақша, Айбадол-Малқозы, Жанқозы, Мамыт ұрпақтары бірен-саран әлі де бар.

 

Шорман би Күшікұлы
Едігеден жоғары, 15-20 шақырым жерде, Шорман өзенінің бойында Шорман би Күшікұлы жерленген. Шорман бидің Ерейментаудың сыртындағы жайлауына барып қайтыс болғанын да Мәшһүр-Жүсіп жазады.
Және жоғарыда аталған, 1898 жылы жасалған картада Шорман бидің де жатқан жері «могила Черман» деп анық көрсетілген. Бұл жерде де үлкен қорым бар. Өкінішке орай, соның ішінде Шорманның қабірі дәл қайсы екені белгісіз және ешбір белгі қойылмаған. Бұл алдағы уақытта Шорман ұрпақтары ескеретін нәрсе деп ойлаймыз.

 

Олжабай батыр Толыбайұлы
Шорманның жоғары, 10 шақты шақырым жерде Олжабай ауылының жанында Абылай заманының қаһарманы Олжабай батыр Толыбайұлы жатыр. Бұл жердің тарихи атауы – Олжабай сөресі. Батыр қайтыс болғасын, сүйегін Түркістандағы Әзірет Сұлтанға апарып қоямыз деп, теріге тігіп, сөрелеп қойса керек. Бірақ, бір себептермен апара аламай, сол араға жерленіпті.
Кейін, ХІХ ғасырдың аяғында бұл жерді Ресейден келген қоныс аударушылар иеленіп, елді мекен атауы Подгорный, одан соң Благодатное болып өзгереді. Бір кездері Еркіншілік ауданының (Ерейментау) орталығы да болған. Қазір бұл ауыл өзінің тарихи атауына қайтадан ие болып, Олжабай ауылы аталады.  
Бір қызығы, Олжабай батырды ауызға алғанда, белгілі ақын Олжас Сүлейменовті оның ұрпағы деп жатамыз. Ал, шындығында, Олжабай батырдың тікелей ұрпағы – академик Әлкей Марғұлан. Таратып айтсақ, Олжабайдан – Дулат, Дулаттан – Марғұлан, Марғұланнан – Хақан, Хақаннан – Әлкей.
Олжабай батыр өзі төрт ағайынды болған – Олжабай, Орман, Құлжабай, Рысқұл. Олжас ақын Олжабайдың осы Орман атты інісінен тарайды. Әлкей Марғұланның өзі көрсеткен шежіре-дерек бойынша: Орманнан – Төбет, Төбеттен – Тайжан, Тайжаннан –Ақтай, Ақтайдан – Ұзын Сүлеймен, Ұзын Сүлейменнен – Омар, одан – Олжас ақын туады.

 

Құлболды батыр-әулие Шуманақұлы
Олжабайдан солтүстік батысқа қарай, 30 шақырым шамасында, Ақмырза өзенінің жағасында бүкіл Айдабол, Күлік, Ақбура, Тұлпар, Майлытон, Шегір руларының түп атасы болып саналатын Құлболды батыр-әулие Шуманақұлының кесенесі тұр. Құлболды баба жайлы да Мәшһүр-Жүсіп өз жазбаларында айтып өтеді. Және Ерейментау жерінде де Құлболды әулие жайлы біраз әңгімелер сақталып қалған. Сол өңірдің тумасы, соғыс ардагері, марқұм Құдайберген Қанапин ақсақал айтқан еді.
– Соғыстың алдында, біздің бала күнімізде батырдың қабірінің дәл ортасынан ағаш өсіп тұратын. Ел оны Құлболды батырдың кіндігінен шыққан дейтін. Сол кезде болған мына бір оқиға әлі есімде. Ауылдың бір адамы (атын айтпай-ақ қояйын, ұрпақтары бар қазір) қыз баласын самауыр тұтататын ағашқа жұмсап, табылмаса, зиратқа шыққан ағаштан сындырып ала сал депті. Үлкен кісі айтқасын, жаңағы қыз зиратқа шығып тұрған дайын ағаштан сындырып алады. Соңынан сол қыз баланың есі ауысып кеткенін көзіміз көрді. Жаңағы қызды жұмсаған адам да жазылмайтын ауруға шалдықты. Осындай әңгімелер айта берсек жетерлік. Мен өзім ес білгелі жергілікті халық Құлболдыны әулие тұтып, басына түнейтін. Соғыстың алдында, біздің бала күнімізде осы ауылда Әлі деген үлкен молла болды. Ел іші «сайтанның теңгесін тартып алған Әлі» дейтін. Қазір Құлболдының бейіті тұрған жерден сыртқа қарай үш шақырымдай жерде құдық, қасында жер үй болды. Бұл жерді Ақсарай деп атайтын. Бірде Әлі молла осы Ақсарай жағына барғанда, аспанға теңге лақтырып ойнап жүрген сайтанның үш қызын көріпті. Ақырын баспалап барып, біреуінің теңгесін қағып алып, тілінің астына сала қойыпты деседі. Жаңағы қыздар қанша жалынып сұраса да, қайтарып бермей, үйге әкеліп, Құранның ішіне салып қойыпты деген әңгімені үлкендерден еститінбіз. Ол кезде қазіргідей дәрігер жоқ, ауырып келген, есінен адасқан талай адамды осы Әлі молла Құлболдының басына апарып, жазып алатын, – дейді Құдайберген қария.
Тоқсаныншы жылдары Құлболды әулиенің басында шырақшы болып жүрген Ертай атты ақсақал да (марқұм) осы әңгімелерді қуаттайтын.
– Соғыстың қайнап тұрған кезі, – дейді Ерекең, – бала болсақ та, өгіздің басына мініп, үлкендермен бірге астық тасимыз. Бірде астық апарып, ауылға қайтып келе жатқам. Таң әлі ата қоймаған, алакөлеңке шақ еді. Ауылға жақындап, Құлболды зиратының тұсынан өте бергенімде, күңіренген бір дауысты естіп, тұла бойым мұздап кетті. Зират жаққа қарасам, ақ киім киген біреу отыр. Сөйтсем, зікір салып отырған Әлі молла екен. Бұл кісі кейде зират басында осылай таң атқанша зікір салып шығатынын білетінмін, жүрегім орнына түсті. Егер Құлболдыда қасиет болмаса, Әлі молла сөйтер ме еді?», – дейді Ертай ақсақал.
Бір айта кететін жайт, өзен атуына ие болып қалған Ақмырза батыр да Қаржастың Құлыке тармағынан, Мырзағұл батырдың баласы. Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында: «Ақмырзаны жайлауға таласып, Керей Жәнібек батыр өлтіріпті. Осыдан кейін керейлер сол төңіректен ауа көшіп кетеді», – дейді. Бұқар жыраудың белгілі «Керей, қайда барасың?» атты толғауы дәл осы оқиғаға байланысты туса керек. Тек кейін кейбіреулер өлеңдегі «өзен бойын көбелеп» деген жолды «Сырдың бойын көбелеп» деп өзгертіп жіберген.
«Керей, қайда барасың,
Өзен бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп,
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төбелеп…» –
деп айтылуы керек шындығында. Сондықтан, өткен ғасырлардағы ақын-жыраулардың жинағын құрастырушылар бұдан былай осыны ескергені жөн деп ойлаймыз.

 

Өтеміс абыз Жанайдарұлы
Енді осыдан төмен кетіп, Ерейментаудан Павлодарға қарай шығатын тас жолдың бойынан солтүстікке қарай оншақты шақырым жерде, Малтабар ауылынан төмен Күлік-Тілеуімбет Жақсы Жанайдардың баласы Өтеміс абыз бен Айдаболдың – Добан Шаржау баласы, Төкі Шоң баласы, Шоркен Ақын баласы атты үш мырзасы жерленген. Мәшһүр-
Жүсіп өз еңбектерінде Өтеміс абыз жайлы тебірене жазады.
«Өтеміс абыз бар тіршілігінде өмірі ораза болып өтті. Қай жерде мектеп, бала оқытқан молла болса, үйімен көшіп барып, қыс киіз үймен отырып, сабақ алып, оқу оқиды екен.
Ерейменнің айналасын, Қарағайлы шоқы маңын жайлап жүргенде күнде қатын-баласы: «Ноғайға мал сатып, киім-кешек алып бер» дегесін, екі қойды қосақтап, жаяу айдап бара жатса, жолда намаздыгер уақыты болып, тоқтап намаз оқыпты. Төрт бас намаз оқығаны – төрт жылға бергісіз екен. Асықпай-саспай оқып отырғанда, екі қойды қасқыр қуып жөнеледі. Бұны көрген ноғайдың жалшылары:
–Намазшылын қарашы, намаз бұған мал бере ме?! – деп мазақтап күлісіпті.
Өтекең асықпай намазын тәмамдап болып, қыр асып кеткен екі қойының соңынан барса, екеуі екі жаққа шиыршық атып сіресіп тұр екен де, қасқыр ортасындағы жіпке буынып, сілейіп қалыпты дейді. Бара сала жалма-жан: «Ит-құс (қасқыр) буынып өліп кетеді-ау!», – деп жіпті пышақпен қиып жіберсе, екі қой екі жаққа жонға қашып, қасқыр жерге сылқ ете түседі.
Көріп тұрған ноғайдың жалшылары шауып барса, Өтекеңнің қашып кеткен қойлармен жұмысы жоқ, қасқырды аяп, ботадай боздап:
–Уай, кәріп, мүсәпірім-ай, қарның ашқандықтан, жоқ жерде аяқсыз өліп қалдың-ау! – деп жылап отыр дейді.  «Бұл Өтекең түн баласында жастыққа басын қойып жатқан кісі емес. Қыстың бір түнінде Өтекең киіз үйде шарт жүгініп, құбылаға қарап отырса,  екі ұры шидің ішіне кіріп, сондағы ас-суды жапырып жеп жатыр дейді. Менің ояу екенімді білсе, жей алмай кетер деп, Өтекең қимылсыз отыра береді. Таң атып, үйге сәуле түсе бастағанда, Өтекең ақырын сыбдырын білдірмей ұрыларға келіп, сыбырлай сөйлеп: «Таң атып қалды, қатын иттің мінезі жаман еді, оянып қалса, сендерді ренжітіп жүрер, өздерің тойсаңдар, аузын қымтап, білдірмей шығып кетіңдер, – деген екен. Әлгі ұрылар сасқанынан пышақтарын тастап кетіпті. Соны неше жыл сақтап жүріп, өздеріне қайтарған екен.
Тағы бір қасиеті, жерде қайыңның қабығы жатса: «Бұнда әлиф бар ғой, әлиф Алланың аты ғой!» – деп, жинап алып жүреді екен. Және етікшілер қайыңның тозын етікке, мәсіге салайын деп жатса, «мен мына ауылға барып, сірі сұрап әкеп берейін» деп, салдырмайды екен.
Өлген соң моласының кіндік тұсынан үш қайың шығыпты, біреуі – жуан, екеуі – жіңішке. Сол қайыңның жапырақтары үстіне салған тас тамды бүркеп, жамылыш болып, көгерген бойымен тұрып қалыпты. Он алты жасымда бір зират қылып едім… Зираты Ереймен тауында, Үшмырза көлінің күнбатыс жағында, бір мұралтайдың үстінде, жоғарғы биігінде» – деп жазады Мәшһүр-Жүсіп.
Бұл зираттар бүгін де сол қалпынша сақталған және барлығының дерлік ортасынан қайың өсіп шыққан. Бір ғажабы, осы зираттардың қалануы да бүгінгіден басқаша, дөңгелектеу болып келеді.
Бір таңқаларлығы, арада 2-3 ғасырға жуық уақыт өтсе де, Көкшетау, Ерейментау өңірлерінде Баянауыл-Сүйіндік еліне қатысты топонимдер (жер атаулары) сол күйінде сақталып қалған. Мысалы, Көкшетау жағындағы Айдабол ауылы, Итемген-Мамайдың көлі (Итемген мен Мамай – Шоң бидің балалары), Торайғыр тауы, тағы басқа Ерейментау жеріндегі Түйтенің адыры, Үшмырзаның көлі, Едіге, Шорман өзендері, Тайбай көлі, Олжабай сөресі, Ақмырза өзені, Шәкей ауылы тағы басқа сол бір замандардың тілсіз куәгерлері секілді.
 Сөйтіп, өлке тарихын түгендеуге қатысты ұйымдастырылған «Байтақ даладағы бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық экспедицияның атқарған жұмысы осындай. Әрине, мүмкіншілік болып жатса, әлі де анықтап, нақтылай түсетін мәселелер жетерлік.    
Сайлау БАЙБОСЫН,
өлкетанушы, жобаның авторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар