Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлтымыздың болашағы үшін - АРҚА АЖАРЫ

Ұлтымыздың болашағы үшін

Көптен бері баспасөз бетінде қызу талқыланып, әртүрлі пікірлерге азық болып келген латын әліпбиіне көшу мәселесіне соңғы нүктені Елбасы қойды.

Сөйтіп, қазақ тілі латын әліпбиіне толықтай көшетін болды. Бұл мәселені алғаш Елбасы көтеріп, дегенмен нақты іс жүзіне асыру жайы қолға алынбай, тіл саласының ғалымдары арасында түрлі пікір қайшылықтары орын алған болатын. Енді міне, Мемлекет басшысының бастамасымен латын әліпбиіне көшу жайы нақты шешімін тапты деуге болады.
Қазақ «көз – қорқақ, қол – батыр» деді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Елбасымыз астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс айтқанда, қарсы шығып, оның болашағына күмән келтіргендер аз болмаған еді. Дегенмен, Елбасының бұл бастамасының дұрыс болғандығын өмірдің өзі анық көрсетіп берді. Сөйтіп, Сарыарқаның төрінен әлемдегі ең әдемі шаһарлардың бірі бой көтеріп, ол бүгінде халқымыздың мақтанышына айналып отыр. Сол сияқты латын әліпбиіне көшуде де күмән келтіріп, тіпті, ұзақ жылдар жинақталған жазба қорымыздан айырылып қаламыз деп жатқандар да жоқ емес. Десе де, әр істі «он рет өлшеп, бір рет кесуге» дағдыланған Елбасымыз бұл мәселені де ғалымдармен, тіл жанашырларымен, жалпы халықпен кеңесе отырып, заман талабына сай шешім қабылдады.
Менің мамандығым – филолог. Яғни, тіл мәселесі маған жақын және ана тіліміздің келешегі де мені қатты толғандырады. Егер тарихымызға назар аударып қарасақ, қазақ тілі өткен ғасырда үш рет әліпбиін өзгерткен екен. Бірақ, соған қарамастан, жазба тіліміз кенжелеп қалған жоқ, керісінше қарқынды дамып, жазба әдебиетіміз қалыптасты және әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, өзгелерге танылдық. Тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы кезең ішінде экономикалық, әлеуметтік жағынан көп дамыдық, еліміз әлемге танылды. Елбасымыздың биыл көктемде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында әлемнің алдыңғы қатарлы отыз елінің санатына қосылу үшін де ендігі кезекте рухани жағынан сананы жаңғырту, ұлттық бірегейлігімізді сақтап, ата дәстүріміздің жақсыларын жарату арқылы алға жылжу қажеттігі айтылған еді. Бұл мақала еліміздің болашақ даму бағдарын айқындауымен де маңызды. Осы орайда, латын әліпбиіне көшу де ұлттық санамызды заман талабына сай жаңғыртуға игі ықпалын тигізетін қадам екені анық. Өйткені, латын әліпбиін қолданып отырған ағылшын тілі бүгінгі кең таралған интернет тілі болып табылады. Сондай-ақ, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты түркі тілдес бауырлас елдер де әлдеқашан латын әліпбиіне көшіп алған. Латын әліпбиін қабылдау арқылы түбі бір түркі бауырларымызбен байланысымыз нығая түсері даусыз.
Қалай болғанда да, латын әліпбиіне көшу заман талабынан туған еліміздің, қазақ халқының болашағы үшін аса маңызды қадам екені күмәнсіз.

Айдар ҚОЖАБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университетінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар