«Жаңа сипаттағы жаназа және жерлеу рәсімдері ысырапқа жол бермеуді көздейді»

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкілі,
Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит:

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесінің бекітуімен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы жарық көрді. Уақыттың сұранысына сай дайындалған осы кітапта бүгінгі қоғамда жиі айтылып жүрген өзекті мәселелер қамтылған. Қабір басына кесене тұрғызу, тастан белгі қою, мұсылман зиратының талаптары мен қағидалары, діни жоралғылар бір жүйеге келтірілген. Ғұламалар кеңесінде екі жыл қаралған жинақта жаназаға қатысты үкімдер топтастырылған. Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі де жан-жақты қамтылады. Ортақ мәмілеге келудегі мақсат –
ең алдымен, еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу болып табылады. Біз де 11 мың данамен ғана жарық көрген кітап барша қауымға жетпейтін болғандықтан, жинақты жан-жақты насихаттау, ондағы айтылған дүниелерді елге жеткізу мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкілі және облыстық орталық Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбитке жолығып, тілдескен болатынбыз.

– Имам, алдымен жаназа және жерлеу рәсімдері туралы кітаптың қазіргі маңыздылығы жөнінде айтып берсеңіз.

– Жинақ өте құнды. Оның ішінде жамағат білуге тиісті көптеген дүниелер бар. Алдағы уақытта осы жинақта айтылған үкімдерді көпшілікке жеткізу, түсіндіру үшін семинарлар өткізбекші болып отырмыз. Шынын айтқанда, кітаптың көп адамға жете бермеуі мүмкін. Сондықтан, бұл кітап халықтың ықыласына орай тағы да бастырылып шығарылмақшы. Біз облыс халқына арнап 2000 дана кітапқа тапсырыс беріп отырмыз. Оның 500-і облыс орталығындағы жамағатқа таратылатын болады. Ал, ғұламалар кеңесі бекіткен үкімдер туралы айтатын болсақ, алдымен, қайтыс болған кісіні жерлеу мәселесі туралы сөз сабақтағанымыз жөн болар.
Жан тапсырғалы жатқан адамды оң бүйіріне жатқызып, жүзін құбылаға бұру – сүннет. «Ләә иләһә иллалаһ» кәлимасын айтқызу үшін қасында шәһада кәлимасын (куәлік сөзі) қайталап тұру мұстахаб амалға жатады. Өлім халінде жатқан адамға жан алқымға келіп, қырылдап қалмай тұрып, «Әшһәду ән ләә иләһә иллалаһ уә әшһәду әннә Мухаммадар расулуллаһ»,–деп кәлиманы жай дауыспен айтып тұру керек. Бірақ, бұл сөзді айтқызуға тырысып, оны қыстамаған жөн. Өлім халінде жатқан кісінің қасында «Ясин» сүресін оқу – мұстахаб.
Адам жан тапсырған соң, мәйіттің көзін жабу керек. Мәйіттің көзін жабушының «Бисмилләһи уә ъалә милләти расулилләһ» деп айтуы – сүннет. Марқұмның көзін жабумен қатар, артында қалған отбасы мүшелері мен ағайындары сабыр сақтап, тек жақсы сөз айтуы тиіс. Себебі, отбасының айтқан сөздеріне періште «әмин» деп тұрады. Сосын іш дәретін алдырып (үлкен және кіші дәретін тазалау), еденге жайма төсеп, салқын жерге мәйіттің оң жағы құбылаға келетіндей етіп жүзі құбылаға бұрылып жатқызылады. Бұл «оң жаққа жатқызу» немесе «мейрам су» деп аталады. Содан соң жағын иек астынан жоғары қарай жалпақ шүберекпен байлап, аяқ-қолын дұрыстап, мәйіттің киімін шешіп, үстіне жамылғы жауып қою керек. Осылай жасау әуелден келе жатқан әдет, әрі мәсіт үшін қайырлы болмақ. Мәйіттің іші кеуіп, көтерілмес үшін үстіне ауыр зат қоюға болады. Хадисте бұл жайында былай дейді: «Әнәстің қызметшісі күн батқан уақытта көз жұмған еді. Сонда Әнәс: «Оның ішіне темір зат қойыңдар», – деген» (Бәйһақи риуаяты).

– Соңғы кезде мәйітті ерте шығару, жерлеуге асығу байқалуда. Осыған орай, кейде шалғайда тұрған ағайындары топырақ салуға үлгере алмай жатады. Бұл туралы не айтылған?

– Марқұмның қайтыс болғанын жариялап, жерлеу рәсіміне асығу – мұстахаб. Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаят бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер сендерден біреу қайтыс болса, оны кешіктірмеңдер және қабіріне қоюға асығыңдар»,–деген (Табарани риуаяты).
Қаралы үй иелері (мәйіттің жақындары) көңіл айтушыларды қабылдау мақсатында үйінде
3 күн аза тұтуына болады. Көңіл айту кісінің жан тапсырған уақытынан басталады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның сахабалары былай ететін. Бір мұсылман қайтыс болып, оның жаназасына қатыса алмай тек қана жерлеуіне үлгерсе, оны жерлеп болған соң жұмыстарына кететін. Арнайы көңіл айтуға бара алмаған жағдайда кездескен жерде көңіл айтуға рұқсат. Бабаларымыз сол себепті «Көңіл көріскен жерде» деп, көңіл айту мәселесіне мән берген.
Қазалы жандардың қазасына ортақтасу, оларға қолдан келгенше қол ұшын беру, сабырға шақырып, қайғы-қасіреттерін жеңілдетуге тырысу – сүннет. Алыс жерде тұратын кісілер түрлі себептермен жаназаға жете алмаса, кейін көңіл айтуына болады.
Марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайындап беруі – сүннет. Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Ол үйден ас шығартпау керек. «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» деген сөздің шариғатта негізі бар. Қонақтар үшін арнайы дастархан жайылып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Тағамды туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде жасауына болады. Өздері жақындарынан айырылып қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн.

– Көкшетау төңірегінде Зеренді ауданына қарасты елді мекендерде көп жерде кездесе бермейтін иманды ұйымшылдық бар. Осы бір әдемі үлгі нағыз адамгершіліктің көрінісі емес пе?

–Дұрыс айтасыз. Зеренді ауданына қарасты Ақан, Баратай, Жылымды, Қызылсая, Биіктесін, Қызылағаш, Елтай, Дөңгілағаш, Қонысбай, Бірлестік, Жаңатілек, Қараөзек, Жолдыбай, Бұлақ, Симферополь, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданының Талап, Мәдениет ауылдарындағы иманды дәстүр сабақтастығы туралы айта кеткеніміз жөн. Міне, осы елді мекендерде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» жинағында айтылып отырған пәтуа ежелден қолданылып келеді. Кешегі кеңес заманында да солай болған. Бұл ең алдымен дін қағидасы болса, екіншіден адамгершілік, оның үстіне елдің бір-біріне деген жанашырлығын, ауызбірлігін көрсететін дүние. Бұл жосық Көкшетау төңірегіне дін шапағатын шашқан Науан Хазіреттен қалған үлгі.
Тіпті, әулеті түгел дерлік өзге өңірлерге көшіп кеткен адамдар да түп қазығы осы елде қағылған соң жаманат хабарды естісе, арнайы келіп, ас-суларын өздерімен бірге ала келіп, кісі түсіріп жатады. Өйткені, бұл қарыз дүние. Заманында олардың туған-туысқандарына да осы ел көмектесті ғой. Қазіргі күні үлкен адамдар былай тұрсын, жастардың өзі әдейілеп келіп кісі түсіріп жатқанын көргенде, ел бірлігінің бекемделе түскеніне көзіңді жеткізесің. Кейде бала-шағасы, құда-құдағиы көп өскен әулеттің танымал тұлғасы өмірден өтсе, халықтың көп жиналатын кезі болады. Ондайда әр отбасының мүмкіндігіне орай, екі-үш табақ кісі түсірілуі мүмкін. Біздің елде кәбіршілерді де ауыл болып көтеріп алады. Молдаларды да қайғылы үй емес көршілері немесе ағайындары күтеді. Бір сөзбен айтқанда, қайғы жамылып отырған үйге салмақ түсірілмейді. Осындай мысалдан-ақ асыл дініміздің әуел бастан адамгершіліктен негізделгенін көруге болады.
Шариғатта жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екендігі аят пен хадистерде баяндалады. Жетісі, қырқы және жылы шариғатта нақтылы белгіленбегендіктен, оны тек рәміздік атау ретінде ғана орындаса болады. Сондай-ақ, «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал, тағы басқа күні еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан, ас беріп, дұға жасау керек екен» деген жаңсақ түсініктердің ешбір негізі жоқ. Кейбір аймақтарда осы сияқты бейсенбілік, елу екілік, жүзі, тағы басқа да әдеттер бар. Шариғат ысырапшылдыққа, мүмкіндіктен тыс қиындыққа негізделген аста-төк ас, құдайы тамақ беруді бұйырмаған.
Негізінде, үшін, жетісін, қырқын, жүз күндігін және жылын беру шариғаттың талабы емес. Алайда, Ханафи мәзһабының ғалымдары оны жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын «мубах» (рұхсат етілген) жоралғылардың қатарына жатқызады (Тахтауи, «Марақи әл-фалах фи шархул-изах»).
Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіне жетпей жатқан қажетті қаржыны жұмсап, өлі атынан мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Құдайы асы берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс. Өлілердің атынан жақсылық жасаудың түрі көп. Оны кез-келген уақытта шама-шарқына қарай орындауға болады.

– Соңғы жылдары біздің өңірде жаназаның, марқұмның қырқында немесе жылында берілген аста құтты әлдебір жиналыстардағыдай көп сөйлеу етек алып кетті. Осы бір көрініске орай қандай уәж айтуға болады?

– Осындай құдайы астарда дүниелік әңгімелер емес, діни насихат айтылуы тиіс. Өйткені, мұндағы басты мақсат – Алла Тағаланың разылығына жету, марқұмның өмірде істеген күнәлары үшін жарылқау сұрап, атынан беріліп жатқан садақаның Құдай Тағаланың құзырында қабыл болуын жалбарына тілеу. Әрі өмір бар жерде өлім бар екендігін басқаларға сабақ етіп, қамшыдай қысқа ғұмырды ғибадатпен ғибратты өткізудің қамын жасауға үндеу болмақ. Жалпы, өлілердің атынан жасалатын жақсылықтардың түпкі мәні осы. Ал, басқадан кем болмайын деп бәсекеге бағытталған, елден асайын деп мақтаныш үшін берілетін астардың сауабы шамалы.
Өзекті жанға бір өлім бар. Әрбір жанның өлімі оның кіші қияметі делінеді. Қаза дүниелік мүддені, пенделік пиғылды паш ететін де, тамаққа тояттайтын жер емес. Әрнені айтып әңгімеге, ойын-сауыққа, әзіл-күлкіге айналдыратын жайт та емес. Қаза бар, қазалы жандар бар, оларға көңіл айта келген, қазасына ортақтасатын жұрт бар. Ең бастысы осы. Бүгін бір үйге келген қаза ертең басқа шаңыраққа да жетеді.
Өлімі жақындай түскен кісінің аузынан күпірлікті тудыратын сөздер шықса, ол адам күпірлікке түсті деген үкім тумайды. (Өйткені, ажал аузындағы адам не айтқанын білмеуі мүмкін). Әрі оған толықтай мұсылман мәйіттеріне жасалатын мәміле жасалады.

– Қаралы үйге көңіл айта барған адам басқа үйге соқпауы керек дейтұғын дәстүр бар. Егер баратын болса өзімен бірге жамандықты да ілестіре барады деп есептеледі. Осы бір ілкіден келе жатқан әдет жайында не айтар едіңіз?

– Халық арасында кең тараған әдет бойынша қаралы үйге көңіл айта барғанда, әсіресе, ол алыс жерде болса, басқа адамдардың үйіне, тіпті, көптен көрмеген туысы болса да, соқпау керек деген тыйым бар. Өйткені, қаралы үйге барып, басқа үйге соқса, ол үйге де бәле-қаза келеді деп ырымдайды. Олай ету жаман әдет деп туысының үйіне арнайылап басқа уақытта сапарға шығады.
Бұл әдет негізінен, зиярат әдебінен шыққан. Яғни, көптен көрмей жүрген кісінің үйіне қаралы хабарды сылтау етіп, соға салу әдепсіздікке жатады. Кейіннен бұл әдепті дұрыс түсінбеушілік тыйымға айналған. Ал, ол тыйым жаман ырым деп есептелген.
Расында да, қаралы үйге барып, қуанышты үйге соғу ыңғайсыз. Дегенмен, шариғатта бұл жайтқа қатысты нақтылы тыйым жоқ. Қазалы үйге барған соң қуанышты үйге соқсам, ол үйге де қаза келеді деп ырым ету әрі соған сену – мұсылманның сенім қағидасына қарама-қайшы, теріс түсінік. Шын мәнінде, адамдардың тағдыры бір Жаратушының ғана иелігінде.
Жағдайы бар адамға қайтқан кісінің артынан құдайы ас беру шариғатта тыйым салынбаған. Қалаған уақытта марқұмға арнап құдайы ас берсе болады. Бірақ, сол үшін қарызданып, несие алып өзіне қиындық тудыру дұрыс емес. Ол ысырапшылдыққа жатады.

– Атамыз қазақта «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дейтұғын қаталдау сөз бар. Қазалы үйге жаназаға жылқы сою міндет пе? Әркім ауыл-елден ұялған соң, шамасы жетпесе де ұмтылып жатады.

– Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сой деп талап етуге болмайды. Оны бәсекеге айналдыру дұрыс емес. Марқұмның атынан берілетін құдайы асты әркімнің шамасына қарай беруіне болады.
Қаза болған үй иесінің мәйіт жерленгеннен кейін қоғамдық дәмханаларда ас беруіне болады. Бірақ, ас беру әрбір мұсылманға шариғат бекіткен міндет болмағандықтан, ас беруім керек деп қолындағы бар дүниесін шашуға немесе шаш етектен қарыздануға болмайды. Әркім ол істі шама-шарқына қарап атқаруы тиіс.
Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұртты имандылыққа шақырған дұрыс. Құдайы асы той емес, жарыса сөз сөйлеу дұрыс емес.
Шариғатта құрбан айттан бір күн бұрын, яғни, Арапа күні шектік құрбандығын шалу керек деген мәселе жоқ. Сауабын өліге бағыштап кез келген уақытта құрбан шалуға болады.
Кейбір адамдар құрбан айтта өз атынан құрбан шалу уәжіп бола тұра, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап шектік шалумен шектеліп жатады. Бұл дұрыс емес. Яғни, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан айтта мал шалғысы келген кісі егер өз атынан құрбан шалу міндеттелген жан болса, әуелі өз атынан құрбан шалуы шарт. Ал, егер екі құрбан шалуға шамасы жетпесе, онда тек өз атынан шалады. Бұл – құрбан айтта құрбан шалу уәжіп болған жандарға тиесілі үкім.
Бұл – нәпіл садақа түріне жататын іс. Яғни, жасаса, сауабы өліге жетер деп үміт етіледі. Бірақ, жасалмаған жағдайда күнә емес. Сондай-ақ, Құран оқыту үшін міндетті түрде ас дайындап, дастархан жаю да шарт емес. Дастархан жаймай-ақ, кез келген уақытта өзіңіз білген аятты оқып, сауабын марқұмға бағыштай беруге болады. Ал, егер көп кісі шақырсаңыз, жұртқа діни уағыз-насихат, ғибратты әңгімелер айтылуы үшін имам, молдаларды шақырған жөн.

– Дін біреу болғанымен, әр өңірдегі бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрде аздаған айырмашылық бар екендігі жасырын емес. Ендігі арада еліміз бойынша осы рәсімдер бір ізге түсіп жатқан шақта жалпыға бірдей тәртіп қандай болмақшы?

– Мәйітті жуындыру – өлген кісіге қатысты жасалатын алғашқы іс. Сондықтан да, шариғат кітаптарында бұл мәселе жаназа бөлімінің басында тұрады.
Мәйітті жуу – тірілерге парыз кифая (мұсылмандардың бір тобы оны орындаса, қалған жамағат мойнынан жауапкершілігі түсетін амал). Яғни, сүйекке бірнеше кісі кірсе, басқалардың мойнынан парыз түседі. Ал, егер ешкім орындамаса, сол мекендегі барлық мұсылманға күнә болып жазылады.
Мұсылман мәйіттің жуылуы – мұсылмандар мойнындағы міндет. Мәйітті бір рет жуу – парыз, бірнеше рет тақ етіп жуу – мұстахаб.
Марқұмға ғұсыл алдыру, яғни, жуындыра білу үшін белгілі шарттар бар. Ол шарттар мыналар: мәйіт мұсылман болуы ләзім, өлі туған болмауы тиіс, мәйіт денесінің жартысынан немесе басымен бірге жартысынан көбі яки басымен бірге жарты денесі болуы қажет (басы жоқ мәйіттің жаназасы шығарылмайды), марқұмның шәһид болмауы.
Мәйіттің әуреті (кіндік пен тізенің арасы) жуындыратын кезде және жуындырып жатқанда жабық болуы тиіс. Мәйіттің әурет жеріне жалаң қол тигізу немесе оған қарау – харам. Себебі, мәйіт әуретіне қарау тірі адам әуретіне қараумен бірдей. Сол сияқты әйел кісінің әйелді жууы кезінде әуретіне қарауы да – харам.
Тірі адамның ғұсыл құйынатыны сияқты мәйітке де аузы мен мұрнына су құймастан дәрет алдыру – мұстахаб. Мәйіттің аузы мен мұрнына су құю мүмкін болмағандықтан, бас бармақ пен сұқ саусақты шүберекпен орап, оны сулап, мәйіттің аузына, қызыл иегіне және мұрнына мәсіх тарту (қолды сулап сүрту, сипау) – мұстахаб. Бұл аузы мен мұрнын шаю орнына жүреді.
Мәйіт 3 рет басынан аяғына дейін жуылуы керек. Мәйіт бір немесе екі жуғаннан кейін-ақ тазарса да,
3 реттен кем немесе артық жуу – мәкруһ (ұнамсыз іс-әрекет). Ал, егер де мәйіт 3 реттен кейін де тазармаса, оны сабынмен тазарғанша жуу керек. Сонымен қатар, мәйітті барынша тақ етіп жуу – мұстахаб (мысалы
4 реттен кейін мәйіт тазарса да, тақ болу үшін 5-ші ретті қосқан абзал).
Жуындыратын суға иіссу (алкогольсіз) немесе соған ұқсас иіс май араластырып жуу – мұстахаб. Ақырғы рет иіс сабынмен жуу да – мұстахаб. Мәйітті барлық уақытта жылы сумен жуған абзал. Мәйітті жууға лайықты кісі – ең жақын туысы. Жуатын адам әдепті де тақуа болуы – мұстахаб. Мәйітті жуу кезінде мәйіттің кемшілігін (иістенгені немесе басқа да кемшіліктерін) айтпау қажет. Жуындыруға түсетін адамның жүніп не етеккір күйде болуы – мәкруһ. Жуып болғаннан кейін, кебіндемей тұрып, мәйіт денесін құрғатып сүрту қажет.
Мәйіттің сақалы, шашы таралмайды. Сондай-ақ, шашы, тырнағы алынбайды, сақал-мұрты қысқартылмайды, қолтығы мен әурет жерлеріндегі түктерін тазалауға болмайды. Мәйіт қайтыс болғанда, қандай күйде болса, сол күйінше жуып, жерлеу керек. Егер шашы немесе тырнағы түсіп қалса, мәйітпен бірге көму үшін оларды кебінге салып қою ләзім.
Мәйіт биіктеу орынға жатқызылады. Жуу кезінде жуатын және оларға көмектесетін кісілерден басқа ол жерде өзге адамдар болмауы – сүннет. Әбу Ханифа (р.а.) бойынша мәйітке алдымен истинжа жасап, содан соң дәрет алдырады. Ал, егер мәйіт туылғанда дауыс шығармаған шарана болса, дәрет алдырмайды, жаназа оқылмайды. Мәйітті жуғанда, екі қолынан емес, бетінен бастап жуады. Егер мәйіттің шашы болса, тірі адам секілді жуындырылады. Егер мәйіттің шашы жоқ болса, сабынсыз таза сумен жуу жеткілікті. Мәйіт басына мәсіх тартылады. Оң жағынан бастап жуу үшін мәйітті сол жағына жатқызып, басынан аяғына дейін 3 рет су құяды. Мәйіттің арқасын жуу үшін етпетінен жатқызуға болмайды. Су екінші жағына жету үшін ыңғайлап әрі-бері қозғайды. Үшінші рет жуғанда, иіссу немесе иіс май қосылады. Кейін мәйіт денесі құрғатылады. Сосын иіс май жағу мұстахаб.
Мәйітті кебіндеу – мұсылмандар үшін парыз кифая. Кебін мәйіт денесін түгел жауып тұруы керек. Кебін ақысы мәйіттің өз мал-мүлкі есебінен алынуы – уәжіп. Мал-мүлкі болмаса, кебін ақысын туыстары мен одақ жақсылық көрген кісілер төлейді. Кебіннің жақсысы – ақ түстісі, жұқа болмауы тиіс. Оның жаңа немесе ескі болуы шарт емес. Кебіннің үш түрі бар: сүннет кебін, кифая кебін, зәру кебін. Мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою дұрыс емес, 40 күн бойы шам немесе шырақ жағу деген әдет те шариғатта жоқ амал. Шариғат мұны талап етпейді. Керісінше, жан тәсілім еткенге дейін адамның қасында болып, кәлимаға тілін келтіріп, дем алып, аузына су тамызып отыру – сауапты іс. Қайтыс болған соң, таңға дейін мәйіт күзету талап етілмейді. Алайда, сырттан зиян тиюі қаупі жағдайында күзетсе болады. Мәйітті жуатын жуушылардың саны шариғатта нақты белгіленбеген. Шамасы келсе, бір кісінің де жууына болады. Алайда көмекшілердің болғаны жақсырақ. Сондай-ақ, сүйекке құда-жекжат, туыстарынан түсемін деушілер болса, оған шариғат қарсы емес. Шариғатта мәйітті жуу – парыз кифая. Мәйіт иіс май қосылмаған таза сумен жуылса да, парыз орындалған болып саналады. Бірақ, мәйітті үшінші рет жуғанда суға иіс май қосу – мұстахаб.
Балиғат жасына жеткен әйелдік және еркектік жынысы бар адамды әйелдер де, еркектер де жумайды, жабылған күйінде тәйәммүм алдырылады. Кебіндері сақтық тұрғысынан әйелдердікі секілді бес қабат болғаны жөн. Үш қабат болған жағдайда да жарамды.

Қолданылған медициналық қолғаптарды күресінге (қоқысқа) тастау қажет. Не өртеуге де болады. Алжапқышты тазартып жуғаннан кейін қайта қолданса болады. Мәйітті жуындыруға қажетті шелек, құмған, шөміш, кірлен, шылапшын (тазик) секілді заттарды жаңадан сатып алу шарт емес. Қолданыстағы заттарды пайдалануға да болады. Жаңадан алса, сөкеттігі жоқ. Мәйітті жуындырып біткен соң, аталмыш заттарды тұрмыста қолдануға болады. Мәйітті жуған суды дәретханаға немесе адам аяғы баспайтын жерге төгуге болады. Ешқандай ырымға балап, лақтырудың қажеті жоқ. Кейбір аймақта мешітке апарып жатады. Мешітке келуші жамағат сол марқұмның атынан дәрет үшін пайдаланса, сауап болады.
Шариғат жуындырып, кебіндеп болған соң, мәйітті үйден басымен яки аяғымен шығаруды міндеттемейді. Дегенмен, басымен шығарған жөн. Алайда, жоғары қабаттан түсіргенде (аузы-мұрнынан қат, т.б. нәжіс шығып кетпесі үшін) сақтық ретінде аяқ жағымен алып түскен дұрыс. Бір отбасыдан екі кісі қайтыс болса, кейбіреулер біреуін есіктен, екіншісін терезеден шығарып жатады деген дұрыс емес. Қандай жағдай болмасын мәйіт есіктен шығарылады.
Мәйітті оң жаққа қойған кезде, кей аймақтарда астына жұмсақ топырақ немесе құс төсеп жатады. Бұл топырақ немесе құм лас үкімін алмағандықтан, қайта пайдаланса болады. Сол секілді оны далаға, қырға апарып тастауға да рұқсат. Бірақ, ол топырақ қабірге тасталмайды. Себебі, ол қабірден шыққан топырақ емес. Шариғатта мәйітті сүюге рұқсат етіледі.

қане, ойласайықшы!

Жаназаға сойылған мал еті туралып берілсе дұрыс болар еді. Бұл біріншіден, алыстан келген жамағаттың уақытын үнемдесе, екіншіден, ысырапқа жол бермес еді. Мәселен, ірі жылқыдан 24 табақ ет шығады. Ал, егер турап берсеңіз, елу табаққа дейін жетеді. Сонда бір жылқының етімен 600-ге тарта адамды күтуге болар еді.

Көкшетау төңірегінде Ақан, Баратай, Жылымды, Қызылсая, Биіктесін, Қызылағаш, Елтай, Дөңгілағаш, Қонысбай, Бірлестік, Жаңатілек, Қараөзек, Жолдыбай, Бұлақ, Симферополь, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданының Талап, Мәдениет ауылдарындағы иманды дәстүр сабақтастығы туралы айта кеткеніміз жөн. Міне, осы елді мекендерде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» жинағында айтылып отырған пәтуаның бір парасы ежелден қолданылып келеді. Кешегі кеңес заманында да солай болған. Бұл ең алдымен дін қағидасы болса, екіншіден адамгершілік, оның үстіне елдің бір-біріне деген жанашырлығын, ауызбірлігін көрсететін дүние. Бұл дәстүр Көкшетау төңірегіне дін шапағатын шашқан Науан Хазіреттен қалған үлгі.

– Жаназа намазы туралы таратып айта кетсеңіз ешбір артықтығы болмас еді.

– Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң, жаназа намазға асыққан жөн. Себебі, шариғатта жаназа намазында уақыт күттірмеуді бұйырған. Мәйітті жөнелту кезінде тыныштық сақтау қажет. Дауыс көтеріп жоқтау айту, жылап-сықтау дұрыс емес. Әйелдер табыттың артынан еріп бармайды. Жаназа намазы – парыз кифая. Жаназа намазын ешкім өтемесе, сол ауылдың немесе кент тұрғындарының барлығы күнәһар болады. Егер жаназа намазына қауымның бір тобы немесе бір адам оқыса, басқалардың мойнынан парыз міндеті түседі. Жаназаға қатысуға ешкім мәжбүрленбейді. Бірақ та қатысқан кісі мол сауап алады. Жаназа намазында имам мәйіттің кеуде тұсында тұрады. Жаназа намазының парызын өтеуге ниет етеді. Имам тәкбірлерден басқасын іштей оқиды. Жаназа намазының шарттары. Мәйіт мұсылман болу керек, мұсылман емес кісіге жаназа оқылмайды. Намазға мәйіттің бар болуы шарт, жоқ мәйітке жаназа оқылмайды. Мәйіт жуылмайтын немесе су жоқ жағдайда тәйәммум жасалады. Мәйіт жамағаттың алдына көлденең қойылуы тиіс. Жаназа намазын оқитын кезде мәйіт көлік үстінде, адамдардың қолдарында немесе иықтарында болмауы керек. Жаназа намазын оқушының тиісті 4 шарты бар. Дәреті болуы, ниет ету, әуретінің жабық болуы, құбылаға қарау. Жаназа намазы соңына дейін түрегеп тұрып оқылады. Жаназа намазын үзірсіз (себепсіз) отырып оқуға болмайды. Жаназа намазы оқылу үшін жамағат болуы абзал. Ал, егер жамағат болмаса, жаназа намазын бір ер адам оқыса жеткілікті. Мүлдем ер адам болмаған жағдайда, әйел адам жаназа намаз оқыса, рұқсат. Шариғат бойынша жаназа намазын оқу үшін дәретті болуы шарт. Дәретсіз намаз оқуға болмайды. Дәреті жоқ екенін біле тұра, елден ұят болмасын деп намаз оқитын болса, сауапқа емес күнәға батады. Мұндай жағдайда мәйіттің туысы мен имамнан өзге жамағат сумен дәрет алуға мүмкіндігі болмаса, тәйәммум соғып сапқа тұруы тиіс. Жаназа намазына үш сап болып тұру – сүннет. Көп адам қатысса, одан да абзал болмақ. Жаназа намазын өткізуге ең құзыретті кісі – патша, мүфти және ол тағайындаған әкім, жергілікті имам, молдалар. Сол секілді марқұмның жақыны немесе өсиет еткен кісісі де оқуына болады. Егер имам жаңылып, тәкбірді төрт реттен артық айтып қойса, (оған ұюшылар) оған ілеспей, сәлем бергенше күтеді. Кейін бірге сәлем береді, сонда жаназа намазы дұрыс болады. Егер біле тұра, тәкбір төрт реттен аз айтылса, намаз бұзылады. Ал, жаңылып кем айтып қойса, намаздың бір рукунін кемітіп қойғандықтан, қайта оқылады. Жаназа намазында сәһу сәжде жасалмайды. Жамағаттан бір кісі тәубірдің кем болғандығын имамға ескертуі керек, имам тәкбірдің кем болғаны үшін намазды қайта оқуы тиіс. Шарттары толық күйде бір рет оқылып қойған жаназаны қайта оқу – мәкрүһ. Өйткені, жаназа намазы жамағатпен бір-ақ рет оқылады.
Үлкен-кіші, ер немесе әйел болсын, әрбір мұсылманға жаназа намазын оқу – парыз кифая. Алайда, белгілі бір себептермен жаназа оқылмайтын кісілер болады. Бүлікті, мұсылмандарға қарсы қару қолданып, соғыс ашқан кісілер, қарақшылық шабуыл кезінде өлген тонаушылар және сол сияқтылар, ата-анасын өлтіргендер: оларға қорлық болу үшін жаназа оқылмайды. Мұсылман бола тұра өзге дінге өтсе, оның жаназа намазы оқылмайды және олар мұсылмандар зиратына жерленбейді.
Ханафи мәхзабы бойынша әйелдер жаназа намазына қатыспайды. Әйелдердің жаназаға еруіне де болмайды. Олардың жаназа оқуы және еруі тахримән мәкрүһ.
Егер нәресте тірі туылып, сосын қайтыс болса, тіпті бір ғана әрекет көрінсе не даусы естілсе, оған ат қойылып, жуындырылып, кебінделеді, жаназа намазы оқылады, сосын жерленеді. Ал, егер туылған кезде жыламаса және тіршілік белгісі байқалмай, өлі туылса, аты қойылып, бір шүберекке оралып, жерленеді. Жаназа намазы оқылмайды.
Адамдар мәйіт салынған табыттың төрт жағынан ұстап, тербелтпей, тездетіп жүріп отырады. Көтергісі келген кісі табыттың алдыңғы оң жағын оң иығымен, соңғы оң жағын да оң иығымен көтереді. Сол жағының алдыңғы жағын да, соңғы жағын да сол иықтарына салып көтереді. Қабір басындағы кісілерге қабір көмілуден бұрын үш уыс топырақ салу – мұстахаб. Жалпы жерлеу ісін кез-келген шамасы жеткен кісі атқара алады. Қазаға байланысты діни уағыз, насихат айтудың тыңдаушыларға әсері зор. Себебі, олар – қазаға куә болған жандар.

– Соңғы жылдары мәйіттің басын көтеру, зират салу мәселесі ушығып тұрғандығы жасырын емес. Кейбіреулер тіпті, бұл жайды бәсекеге айналдырып алған сыңайлы. Қазір кез-келген елді мекендегі зират басына барсаңыз биіктігінен басыңыз айналатын зәулім кесенелерді көрер едіңіз. Ғұламалар бекіткен пәтуада бұл жайында не айтылады?

– Қабірді белгілеу үшін үстіне аты-жөні жазылған құлпытас немесе ағаш қоюға немесе тал егуге болады. Құлпытастарға марқұмның бейнесін салу, мүсінін қашап қою, табыттың алдында өлген кісінің суретін алып жүру рұқсат етілмейді. Мұндай әдеттер мәйіттің қабірде қиналуына себеп болады. Қабірлердің үстіне кесене орнату, басқа құрылыстар салу – мәкрүһ, жағымсыз іс. Өйткені, марқұмға осы дүниеде істеген жақсы амалдары, ғибадат-құлшылықтары ғана пайда береді. Қабірлер тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Алайда, кейбір Ислам ғалымдарының пікірі бойынша, ғұлама ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген. Бірізділік мақсатында қайтқан адамның қабірінің көлемі: ені 2,5 метр, ұзындығы 3,5 метр болғаны жөн. Екі қабір арасы 1,5 метрден аспауы тиіс әрі әрқайсысы қатарлап рет-ретімен қойылуы қажет.

Сұхбатты жүргізген Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар