Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласының «Жібек жолы» базары аумағындағы жер үйлердің тұрғындарымен кездесіп, алдағы жылдары мұндағы үйлер кезең-кезеңмен бұзылып, олардың орнына көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттар салынатынын жеткізді.
Өңір басшысы өз сөзінде бұл шағын ауданда жүргізілетін ауқымды құрылыстың жобалық жоспары қайтадан қаралып, өзгертулер енгізілетінін атап өтті. Мәселен, Оқушылар сарайы қайда салынатыны кейін белгілі болады. Қаржыны желге ұшырмау үшін бүгінгі таңда осындағы көлік жолдарына асфальт төселмейді.
– Көкшетау қаласы ішіндегі көлік жолы 250 шақырымды құрайды. Биылғы жылы қала бойынша 25 шақырым көлік жолы жөнделіп, он шақырымға қиыршық тас төселді. Жайлау шағын ауданы, Бірлік пен Станционный кенттері ішіндегі көлік жолдары қалпына келтірілді. Ж.Тәшенов көшесіндегі 1,2 шақырым көлік жолы жөнделді. Бұл Ш.Уәлиханов көшесінен М.Әуезов көшесіне шығуға мүмкіндік берді. М.Ғабдуллин көшесін күрделі жөндеуден өткіземіз. Келесі жылы осы көшенің бойындағы Қылшақты өзенінің үстінен өтетін көпірдің құрылысын бастаймыз. Әзірше «Собачий хутор» кенті тұрғындарының жүріп тұруы үшін келесі жылы «грейдер» түріндегі көлік жолы салынады. Жобалық жоспарға өзгерістер енгізілген соң асфальт жолдар төселеді. Сөйтіп, Ш.Уәлиханов көшесінен Абылай хан даңғылына шығуға мүмкіндік туады. Кенттегі электр желісін жөндеп, кабель тарттық. Су құбырлары мен кәріз жүйелері мәселесі шешілді. М.Ғабдуллин көшесі бойындағы көлік жолының негізін салдық. Келесі жылы бұл жолдың Қылшақты өзенінен М.Әуезов көшесіне дейінгі учаскесі пайдалануға беріледі. Биылғы жылы Ж.Тәшенов көшесіндегі көлік жолына қиыршық тас төселді,–деді бұл орайда, қала әкімі Ермек Маржықпаев. Кент тұрғыны Қанат Бекмағамбетовты жобалық жоспарға қашан өзгеріс енгізілетіні, көктем кезінде жер үйлерді су алатыны және көше жолдарымен жүріп-тұру қиындайтыны толғандырды. Аймақ басшысы өз сөзінде жоба наурыз
айында дайын болатынын, оны өзгерту әзірше көктемгі су тасқыны мәселесін шешпейтінін, жаз айларында көлік жолы жөнделетінін айтты. Тұрғындар өзен маңындағы апатты үйлер және пәтер алу кезегі жөнінде мәселе көтерді.
– Жер үйлер бұзылып, тұрғындарға пәтер беріледі. Проблема қазір бұрынғыдан гөрі тезірек шешілуде. Үстіміздегі жылы көптеген тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Мұндай мәселелерді бірден шешу мүмкін емес. Ол кезең-кезеңмен шешіледі, – деді облыс әкімі.
Рамазан Тілеуов.