Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Комбайн шығаратын аймақпыз - АРҚА АЖАРЫ

Комбайн шығаратын аймақпыз

Бір кезде Көкшетауда жүк көлігін шығарады, комбайн зауыты ашылады деп кім ойлапты?! Әрине, осындай асқақ армандар болуын болды. Тіпті, кешегі одақ кезінде Мәскеудегі «ЗИЛ» зауытының бір филиалы осы Көкшетауда орналасады екен деген де әңгімелер ара-кідік айтылып жүрді. Бірақ, ол сол алып-қашпа сөз күйінде ғана қалғаны белгілі.

Бұл жағынан біздің қаланың айы тек бертін еліміз өз тәуелсіздігін алған жылдары ғана туды. Алдымен, жүрегімізде қуаныш сезімін ұялатып, «КамАЗ» жүк көлігін шығаратын зауыт дүниеге келді. Одан кейін 2011 жылдан бастап Индустрияландыру бағдарламасының арқасында «Вектор» комбайн зауыты да құрыла бастағанын естіп білдік. Қаланың солтүстік өндірістік аймағында орналасқан «Вектор» комбайн зауыты облыс өнеркәсібінің болашағынан мол үміт күтіп отырған жаңа бір қанат қақты жобасы. Ол әлемдегі астықты мемлекеттердің бірі болып саналатын Қазақстанды, соның ішінде өзіміздің Ақмола облысын жаңа қуатты астық комбайндарымен қамтамасыз ету үшін қолға алынған.
Әзір бастапқыдағы бұл мақсат ойдағыдай орындалып келеді. Жаңа кәсіпорын Ресейдің «Ростсельмаш» комбайн зауыты» акционерлік қоғамының лицензиясын алып, осы зауытта шығарылатын «Вектор-410» комбайнын құрастыруды өндірістік жолға қойып отыр. Әрине, жаңа жерде бірден ауыл шаруашылығы техникасын шығару оңай емес.
Бірақ, бір қуанарлығы, зауыт басшылығы алғашқы беттен осы орайдағы ұйымдастыру және жабдықтау жұмыстарын дұрыс атқара біліп, мұның өзі кәсіпорын конвейерінен алғашқы комбайндардың белгіленген мерзімінде шығуына мүмкіндік туғызған болатын. Алғаш Индустрияландыру картасында зауытта 96 жұмыс орны құрылып, жылына 300 комбайн құрастырылып отырады деп көзделген еді. Үкімет тарапынан жаңа өндірісті қолдаудың нәтижесінде 2011-2013 жылдар аралығында 188 комбайн шығарылып, оның бәрі де бағасы шетелдік «Джон Дир», «Класс» комбайндарынан арзан түсетін, өнімділігі жоғары астық техникасына сусап отырған өзіміздің ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне іске асырылды.
Мұның өзі зауыт өнімінің өтімділігіне көз жеткізіп, ұжымнан осы комбайндардың көптеп шығарылуын қажет ете бастады. Сондықтан, 2015 жылғы көрсеткіш алдыңғыларынан да асып түсіп, 222 «Вектор-410 KZ» комбайны өндіріске жолдама алды. Олардың сатылым құнын да айта кетсек, 5,5 миллиард теңге болды.
Кәсіпорынның алғашқы өнімі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының қолдарына тигенде, бұрын біздің аймақта көз көрмеген жаңа техниканың аяқ алысына, шаруалардың көңілінен шығар-шықпасына алаңдаушылық та басым еді. Қазір бұл күдік сейілді. Өйткені, жергілікті жерлерде осы комбайндарды сатып алған аграршылар оның жұмысына жақсы баға берді. Себебі, «Вектор» комбайндары гектарына 10 центнерден 30 центнерге дейін өнім беретін егін алқаптарына өте жақсы үйлесуде.
Оны сатып алатын диқандар қаржы жағынан да айтарлықтай ұтады. Бұған қызмет көрсету сервисінің қарапайымдылығын қосыңыз. Содан да болар, бұған дейін өз өнімдерімен тек Ақмола облысының шаруашылықтарын қамтамасыз етіп келген кәсіпорын енді оны көршілес Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары мен күңгейдегі Оңтүстік Қазақстан облысына да жөнелте бастады. Өйткені, 2016 жылы шығарылған құны 11 миллиард теңгенің 300-ге жуық комбайны бұған жақсы мүмкіндік туғызған жайы бар.
Рас, қазір бұл техниканың барлық тораптары мен тетіктері дерлік бас кәсіпорыннан – Ресейдегі «Ростсельмаш» комбайн зауытынан алынатынын мойындауымыз керек. Сондай-ақ, доңғалақтары Беларусь елінен жеткізілетінін де айта кетпей болмайды. Бұдан туатын қорытынды қандай? Ол біреу-ақ. Яғни, өзіміздің комбайн шығаратын зауытымыз бар деп марқаю үшін оны тек шетелдің бөлшектерінен құрастырып қоймай, сол керек-жарағын өзімізде шығаруымыз қажет. Кәсіпорынның өзінде де мұны түсінеді. Сондықтан, барлық тетіктердің 40 пайызын өзімізде өндіруге күш салынуда. Осы орайда, алғашқы сәтті ізденістер мен нәтижелер де бар.
Ал, зауыттың тұтастай болашақ жоспарларына келсек, ол қомақты-ақ. Біріншіден, мұнда өндірістік желілерді тиімді пайдаланып әрі ұлғайтып, таяу жылдарда шетелдік «Acros-530» астық комбайндарын шығаруды да қолға алғалы отыр. «Buhler Versatile» тракторлары мен Украинаның «Агросоюз» тұқым себу кешендері де осындай көзделген межелер қатарында.
–Кәсіпорын жыл сайын өзінің өндірістік қуатын арттырып келеді. Өткен кезеңде біздің техникалық қызмет көрсететін сервистік орталығымыздың аясы да айтарлықтай кеңейтілді. Оның өзімізде ғана емес, комбайндарымызды сатып ала бастаған басқа аймақтарда да құрылуына қол жеткіздік, – дейді бұл ретте зауыттың бас технологы Владимир Савин өз істеріне сенімділікпен.
Иә, біздіңше, ақмолалықтар «Вектор» комбайн зауытының жаңа табыстарымен де марқаятын күн тақа алыс емес. Бұл алдымен, тәуелсіздігіміз жеткізген жетістік. Сондықтан, маңызы зор, мәні асқақ. «Векторлар» біздің ел ырыздығын молайтқан диқандарымызға көптеп көмекке келе берсін.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар