«Шағын және орта бизнеске несие беруден біздің облыс бірінші орында!»

Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы
Ербол ЖАҚСЫЛЫҚОВ:

Ата-бабамыз аңсап өткен киелі тәуелсіздігімізді алғанымызға биыл 26 жыл толып отыр. Осы аралықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен саясаткерлігінің арқасында еліміз екі жаңғыруды басынан өткеріп, бүгінде оның үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Соның ішінде Ұлт Көшбасшысы міндеттеп берген стратегиялық бағдарламалар мен жыл сайынғы Жолдауларда кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласын дамыту туралы нақты қадамдар айқындалды. Еліміздің түкпір-түкпірінде шағын және орта бизнес нысандары құрылды. Осы орайда, шағын және орта бизнестің біздің өңірде қазір қалай жүзеге асырылып жатқандығы туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Жақсылықовпен арнайы сұхбаттасқан едік.

–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл өткен сайын жаңа реформаларды қабылдауда. Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласын дамыту барысында да бірқатар жобалар қолға алынуда. Сондықтан, шағын және орта бизнестің мәселесіне көшпес бұрын, ең алдымен Индустрияландыру картасының облыстағы жай-күйін айтып берсеңіз?
– Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған негізгі капиталдың инвестициялары 2017 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 47 миллиард теңгені құрады. Соның ішінде тау-кен саласын дамытуға және карьерлерді өңдеуге – 10,3 миллиард теңге, өңдеу саласына – 19,8 миллиард теңге қаржы тартылды. Облыстың Индустрияландыру картасына, яғни, кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы құны 782,5 миллиард теңгені құрайтын 90 жоба енгізіліп, 12,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары қалыптастырылды. Солардың арасында Целиноград ауданында іске қосылған «SAMHAT» аяқ-киім фабрикасы» ЖШС ерекше атап өтуге тұрарлық. Жылдық қуат-қауқары 500 мың жұп аяқ киім өндіруге жететін бұл жобаның жалпы құны 350 миллион теңге. Мұнда өндіріс орны қосылған соң, 150-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Степногорск қаласындағы «Инвест-РТ» ЖШС минералды шикізатты өңдеу жөніндегі алтын шығару фабрикасы 108 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Оның құны – 1288 миллион теңге және онда 40-тан астам адам жұмыс істейді. Ал, Еңбекшілдер ауданында әлі толықтай іске қосыла қоймаған, бірақ, жұмыс істеп жатқан «Көкше – Цемент» зауытының құрылысы аяқталды. Оның жобалық құны – 63100 миллион теңге болса, жылдық қуаты 2 миллион тонна өнім шығаруға жетеді. Мұнда 650 жұмыс орны ашылып отыр. Күні кеше Индустрияландыру күніне орай өткен жалпыұлттық телекөпір аясында Степногорск қаласындағы «Қазақалтын Technology» компаниясы Ақсу кентінде Доре қорытпасын өндіретін жаңа фабриканы ашып, іске қосты. Дәл осындай фабрикалар жылдың соңына дейін Бестөбе және
Шортанды ауданының Жолымбет кенттерінде іске қосылады. Бұл фабрикалардың ашылуы халықтың біраз бөлігінің жұмыспен қамтылуына жол ашып, өңірдің әлеуметтік дамуына, салық төлеуге үлкен үлес қосады. «Қазақалтын Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техногенді минералды түзілістерді қайта өңдеу бойынша, кейіннен Доре қорытпасы түрінде алтын мен күміс өңдейтін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Жылына 7 миллион тонна техногенді минералды түзілістерді өңдеуге қауқарлы.
– Шағын және орта бизнесті дамыту да Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарламаларының жемісі. Осы орайда, аймақтағы шағын және орта бизнестің тыныс-тіршілігіне тоқтала отырсаңыз.
–Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шағын және орта бизнес нысандарының саны өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2,3 мың бірлікке көбейген, нақтырақ айтқанда, қазір облыс аумағында 42,2 мың шағын және орта бизнес нысаны бар. Осы нысандарда жұмыспен қамтылған адамдардың жалпы саны 129,03 мыңды құрайды. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында олардың өнім өндірушілігі, жұмыстары мен қызметтері 234,2 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен әлдеқайда көп болып, 120 пайызды құрап отыр.
Елбасы биылғы Жолдауында бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуді екінші басымдық деп атап көрсетті. Онда Мемлекет басшысы «Біздің стратегиялық мақсаттарымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ, оған қол жеткізуге болады» деп атап өткен болатын Елбасы. Шағын және орта бизнес өкілдерінің өнім шығаруының арқасында өңірлік жалпы өнімнің көлемі 25,6-дан 26,1 пайызға жоғарылады. Бұл алдыңғы екі жылдың қорытындысы бо-
йынша орын алған көрсеткіш, ал, биылғы жылдың нәтижесі келесі жылдың басында анықталады. Ал, енді 2050 жылға дейін біздің көрсеткішіміз көзделген межеге әбден жетеді деп ойлаймын. Ағымдағы жылдың он айы ішінде кәсіпкерлер 5 558 жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздар қатарын азайтты. Олардың салған салықтарынан қазынаға 28 миллиард теңге ақша құйылды.
–Қазір облыста шағын және орта бизнесті дамыту бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 наурыздағы №168 қаулысымен бекітілген «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында, оны жүзеге асыру сәтінен бастап 682 жоба қолға алынды. Соның ішінде сыйақының пайыздық ставкасын субсидиялауға бағытталған кредиттердің 71 159,8 миллион теңгесіне 465 жоба жүзеге асты. Ал, шағын және орта бизнес кредиттері бойынша кепiлдiктер беруге 2 216,6 миллион теңге қарастырылып, бұл қаржыға 122 жоба қолға алынды. Басқа да жеткіліксіз инфрақұрылымдарды жеткізу, гранттық қаржыландыру бойынша 15 жоба бар.
– Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары иелерінің өз бизнесін дөңгелетіп әкетуі жолында қандай кедергілер бар? Оларды шешудің жолдары қандай?
– Бизнесті бастауда кездесіп жататын қиындықтардың бірі – оны дамыту үшін қаржының жетіспеушілігі. Сондықтан да, мемлекет оларға тиімді келісім-шарт жағдайында несиелендіруді ұсынады. Биылғы жылы кәсіпкерлерге 58,1 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын несие берілді, бұл нақты берілген несиелердің 30 пайызын құрап отыр. Өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен елу пайызға жоғары. Бұл берілген несиелердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен сауда-саттық саласына бағытталып отыр. Әрине, қиындықтар бар, бірақ, қазір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кездес-
кен ауыртпалықтар, қаржы дағдарысы деген мәселе жоқ. Бағдарламалар аясында берілетін қаржылық қолдау барынша көрсетіліп жатыр. Біздің облыс басқа аймақтармен салыстырып қарағанда шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне несие беру жағынан бірінші орында.
– Елбасы биылғы Жолда-
уында «Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр» деген еді. Осы орайда, өңірде жеке кәсіпкерлердің қатысуымен қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке ерекше көңіл бөліп жүр. Облыста осы міндетті жүзеге асыру мақсатында 2015 жылдың соңына таман «Есіл» ӘКК» ҰК» АҚ-ның қатысуымен «Ақмола облысының мемлекеттік-жекеменшік аймақтық орталығы» ЖШС құрылған болатын. Орталықтың негізгі қызметіне жобаларға ақпараттық-кеңестік сүйемелдеу жасау, мемлекеттік және жекеменшік әріптестермен жобаның оңтайлы моделін құру, оның шарттарын, тұжырымдамасын әзірлеу, конкурстық құжаттамасын және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісім-шарттарын дайындауда өзара әрекеттестік орнату кіреді. Өңірде бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және коммуникация салалары қатыстырылған.
Өткен жылдың басында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы аймақта осы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі арқылы жүзеге асыруға жоспарланған жобалардың тізімін қалыптастырды. Осы тізімде 3 кезең бойынша жүзеге асырылатын 52 жоба бар. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттерінің лимиттері 2016 жылы 11,6 миллиард теңгені, ал, биыл 23,5 миллиард теңгені құрады, қарап отырғаныңыздай лимит жыл сайын ұлғайып келеді.
2016-2017 жылдар аралығында облыста МЖмС-тің 13 жобасына өтініш берілді. Оның 6-уы білім беру, 2-еуі денсаулық сақтау, 4-еуі құрылыс және 1-еуі энергетика саласына қатысты. Осы жобалардың ішінде 11-інің бекітілуіне жоғарыда аталған орталықтың қосқан үлесі зор.
Қазіргі таңда облыста 8 жоба бойынша жекеменшік серіктестерді таңдап алу анықталды. Оның қорытындысы бойынша жеке серіктестермен келісім-шарттарға қол қойылып, мемлекеттік міндеттемелер қабылданды. Қалған жобалар бойынша серіктестерді анықтау, олардың құжаттарын жинақтау секілді жұмыстар жүргізілуде.
– 2017 жыл да аяқталып қалды. Биылғы жыл қаншалықты табысты болды және келер жылға қандай мақсат-жоспарларыңыз бар?
– «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, менің және менің ұжымымның, яғни, басқарма мамандарының алдында Елбасының алға қойған тапсырмаларын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында үлкен міндеттер күтіп тұр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әр бағдарламаны іске асыруға біз де жауаптымыз. Сондықтан, басты мақсат өңірге неғұрлым көбірек инвестиция тарту, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнес өкілдеріне барынша қолдау жасау. Жоспар көп, сондықтан, әріптестерім мен облыс тұрғындарының қолпаштауымен біз жобаларды іске асырамыз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар