Ұлттық ойын өреңді өсіреді

Ұлттық спорт – мемлекеттің мерейін асырып, жас ұрпақтың бойына қазақы қайсарлық пен ерік-жігерді сіңіріп, өз ұлтыңның салт-дәстүрлерін сүюге бастайтын мәдениеттің бірі. Тәуелсіз елге айналғаннан бері осы ұлттық спорт саласы да жаңғыртылып, барынша даму үстінде. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, теңге ілу, жамбы, асық ату, бәрі-бәрі – мәдениетіміздің бір бөлшегі. Осындай ұлттық өнерге жастарды тартуға, спортқа баулуға атсалысып келе жатқан өңірдегі спорт мекемелердің бірі – Көкшетау қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі.

Ұлттық спортты жаңғырту мақсатында ашылған мектеп ең алғашқыда «Дәстүр және өнер мектебі» деп аталды. Кейін араға сегіз жыл уақыт салып, 1999 жылы ол балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт мектебі деп өзгертілді. Мұнда қазіргі таңда бәйге, тоғызқұмалақ, жамбы ату, көкпар, қазақ күресі, аударыспақ, құсбегі, теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлерінен 30-дан астам бапкер жас спортшыларды ұлттық ойындарға баулып, тәрбиелеп жатыр. Бурабай, Еңбекшілдер, Ерейментау, Зеренді, Сандықтау, Целиноград аудандарында мектептің филиалдары жұмыс істеп, жасөспірімдерді ұлттық спорт түрлерінен жаттықтыруда. Жалпы, облыс бойынша атылмыш мектеп пен оның филиалдарында жеті жүзден астам оқушы тәлім алып, шынығуда.

Балаларға арналған жамбы ату, бәйге, көкпар, аударыспақ ойындарынан оқу-жаттығу сабақтары, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр селосының маңындағы ипподромда өтеді. Мектеп «Ұлттық спорт түрлерінің қауымдастығымен» бірлесіп, көкпардан республикалық және халықаралық, Азия чемпионаттарын, құсбегілердің халықаралық фестивалін, тазылар мен төбеттердің халықаралық көрмесін ұйымдастыруға мұрындық болып, басы-қасында жүреді. Осы орайда, облыстағы көкпар құрама командасы Қазақстанның үздік үштігіне енгенін, үш мәрте күміс жүлдегер атанғанын айтқым келіп отыр. Бұл мақтануға тұрарлық жай.
Ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушылары да түрлі сайыс-
тар мен жарыстарға қатысып, биік нәтижелерге қол жеткізіп, өз шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсетуде. Олардың қатарында жамбы атудан Айболат Естай, көкпардан – Ерғали Тоқабаев, аударыспақтан – Берік Ахметов, Азамат Қадыров, құсбегіліктен – Абылайхан Ізбасов, қазақ күресінен – Найль Ковалев, білектесуден Илья Ильин секілді Қазақстан Республикасының спорт шеберлері бар. Соңғысы білектесуден өткен Азия чемпионатының жеңімпазы.
Аударыспақ ойынының бапкері Берік Ахметовтің шәкірттері халықаралық дәрежеде өздерін жақсы қырынан көрсетуде. Мерейхан Хамит есімді жас спортшымыз 2016 жылы Қытайда өткен Азия чемпионатында жүлделі орынды бағындырды. Сонымен бірге, Кенжебек Есләмов, Ақылбек Аманжолов, Нарбота Босов секілді балалар мен жасөспірімдер Алматы, Тараз, Ақтөбе қалалаларында өткен аударыспақ жарыстарынан жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, жүлделі орындардың тұғырына көтерілді. Қазақ күресінде болашағынан үміт күттіретін балуандарымыз аз емес. Солардың ішінде Қазақстан Республикасының чемпионы мен Сан-Пауло қаласында өткен әлем чемпионатының жүлдегері атанған Данияр Темірхановты, Қазақстан Республикасының чемпионы, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің қатысушысы Леонид Станеевті, тоғызқұмалақ ойынынан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған Алтынкесер Шешханды атап өткім келіп отыр.
Ұлттық спорт мектебіне келетін балалар спорт түрлеріне байланыс-
ты жас ерекшеліктері бойынша қабылданады. Мәселен, балаларды бәйгеге 10-12 жастан, көкпарға 12 жастан, жамбы атуға 10 жастан бастап қабылдаймыз. Тоғызқұмалақ, құсбегілік, көкпар ойындарына кішкентай балалар алынбайды. Оқушылар оқу-жаттығу топтарында төрт жыл оқиды. Оны тәмамдаған соң, егер олардың жетістіктері болса, спортты жетілдіру тобына ауыстырылады.
Ұлттық спорт мектебінде жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасында ұйымдастырылатын Қазақстан Республикасының чемпионаттары өткізіліп тұрады. Бір жылда әр спорт түрінен республикалық деңгейдегі үш чемпионат ұйымдастырылады.
Ағымдағы жылдың 8-11 желтоқсан аралығында Бурабай ауданында өткен атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлы атындағы құсбегілердің халықаралық турнирінде бүркітшілер арасында Қанат Шүленбаев бірінші орынға ие болды. Сонымен бірге, биылғы жылы жоғарыда аталған мектеп шәкірттері Кенжебек Есләмов, Ақылбек Аманжолов, Жасұлан Таңқыбаев аударыспақтан ҚР спорт шебері атағына ие болды.
Жуырда облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ бабамыздың аты берілді. Балуан атамыздың есімі алдағы уақытта жас спортшыларымызды одан сайын қанаттандырып, ұлттық спорт түрлеріне қатысуға құлшынта түседі деген ойдамын. Ал, мұның өзі біздің қасиетті тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болуына қосып келе жатқан үлесіміз.
Марат ҚОЙШИН,
Балуан Шолақ атындағы Көкшетау балалар мен жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар