Адамға не жетпейді?

Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, – дейді Абай атамыз. Иә, адам адам болу үшін талаптануы керек, еңбек етіп, әр нәрсені үстіртін емес, тереңнен ойлауы қажет. Ал, егер осылардың барлығын да сабырмен, ақылмен басқара біліп, астамшылдық жасамай, қанағат етсек, аузымызда ылғи да шүкір деген сөзіміз жүрсе, мына аумалы-төкпелі заманда адаспаймыз деп ойлаймын.
Шыны керек, көңіліміз әркез бірдеңені қалап тұрады, өмірімізге жалт еткен өзгеріс енсе екен дейміз. Тіпті, кейде өзіміз киіп жүрген киіміміз, ішіп жүрген асымыз, үйімізде тұрған нәрселердің бәрі сондай жалықтыратын, ұнамсыз болып көрінетін кездер болады. Соларды қалай өзгертсек екен деп осындай түкке тұрғысыз нәрселерге бас қатырамыз. Туыстарының әрекеттеріне көңілдері толмай, олардың сырттарынан пыш-пыш етіп өсек таратып жүргендерді де көріп жүрміз.
Осындайда «Адам баласына бақытты болу үшін не жетпейді?» деп ойланатыным бар. Басында баспанасы жоқтар пәтер алсам екен деп армандайды, ал, үйі барлар соның ішін жиһазға толтырғанша асық. Баласы жоқтар нәрестелі болсам екен дейді, ал, керісінше ата-ана болу бақытына ие бола тұра, кейбіреулер сәбиінен бас тартып жатады. Айтыңыздаршы, сонда мына заманда адамға не керек, не жетпейді?
Бойымызда қанағатшылдық болса, біз өмірімізді бұлай сергелдеңмен өткізбей, қолда барымызға тәубе етіп отырушы едік деп ойлаймын. Бақытты, берекелі өмір сүргіміз келсе, қанағат деген сөзді ешқашан да жадымыздан шығармауымыз керек. Әйтпесе, көзбояушылық, көрсеқызарлық, астамшылдық көп мына қоғамда адасып қаламыз. Жүрегіңізді қанағат билемесе, еңбекақыңыз миллионнан асқан күннің өзінде тапқан табысыңыз еш нәрсеге жетпейді. Ал, көрсеқызар болмай, өз-өзіңізді шектеп отырсаңыз, азын-аулақ ақшаны да жеткізіп, берекелі жұмсауға әбден болады.
Несін жасырайын, кейде өзім де қалың ойға шомып, «өмірім неге олай емес, былай», «қашан еш нәрсеге мұқтаж болмай, жеткілікті өмір сүреміз» деген ойлар жанымды жегідей жеген кездерім болады. Кейін көшеде мүгедек жандарды, қайыр сұрап отырған бейбақтарды көргенде, бүгінгі барым үшін, он екі мүшемнің саулығы үшін Жаратқанға тәубе деймін. Әсіресе, көгілдір экраннан, я ғаламтордан ауыр дертпен күресіп жатқан кішкентай сәбилерді көргенде жүрегім қарс айырылады. Тәубесіз өткізген күндерім үшін, астамшылдық жасағаным үшін өзімді жазғырамын.
Осы сәттен бастап бәріміз барымызға қанағат етіп өмір сүрейікші. Күн сайын тәубемізді айтып жүрсек, молшылық, тоқшылық, жақсылық атаулының бәрі есігімізді қақпай-ақ, төрімізге келетініне сенімдімін. Дана халқымызда «Қанағат қарын тойғызады», «Жоқ десең жоғала береді» деген асыл сөздер бар. Сондықтан, не нәрседе де тағдырымызды жазғырмайық, барға қанағат еткен адам ең бай, бақуатты адам екенін ұмытпайық.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар