Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күйеулер бар... бір сағаттық! - АРҚА АЖАРЫ

Күйеулер бар… бір сағаттық!

Қазақ «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген. Бұл күнде әркім өзінше пайда көзін табуға тырысқан. Қолыңыз қалт еткенде интернет желісінен жарнама көремін десеңіз болғаны, қызметтің неше түріне тап боласыз. Әбестікке баламассыз, ашығын айтуға тура келеді, тіпті, келіншектер жатырын да «жалға» беретін болған! Жан түршігеді! Бұл әрине, қоғам қасіреті.

Жарнама беруші клиенттерді неғұрлым көбірек тарту мақсатында түрлі құйтырқыға да барады. Астарлы ойдың байыбына барып, бабадан қалған асыл сөзді ардақтайтын ұрпақ кемде-кем қазір. Жұмбақтап сөйлегеніңді қайдам, тура мағынада айтып, турап бергеніңді қорыта алатын бала аз ғой, шіркін. Айт-айтпа, қазіргі таңда арзан әзіл, жеңіл ойдың дәуірі жүріп тұрған заман. Көзіміз шалған мына жарнаманың атауы да жұрт назарын үйіріп әкету мақсатында қойылған сияқты. «Бір сағаттық күйеумін». Жылайын ба, күлейін бе? Келесі бір мақаламның тұздығына жарар деген ниетпен мен де хабарласып көрдім. Нөмірін тергенім сол-ақ екен, арғы жақтан ән естілді. Ән болғанда қандай! «Мужиков надо любить, мужиков надо ценить!». Еріксіз жүзіме күлкі үйірілді. Не де болса әліптің артын бақтым.
– Сәлеметсіз бе.
– Сәлеметсіз бе.
– Қызметіңізге қанша сұрайсыз?
– Сағатына екі мың теңге!
؎ Қолыңыздан бәрі келеді ме?
– Ақшасын төлесеңіз, күйеуіңіз емеспін бе?
«Әзілге әзіл қайтару жастық салты» демекші, мен де қарап қалмай оны сөзге тарттым. Сөйтсем, Саматтың бизнестің бұл түрімен айналысқанына 6 жыл екен. Оның негізгі мамандығы сантехник. Өзі бес мекемеде жұмыс істейді. «Мекеме басшысына бірден айттым, мен таңнан кешке дейін жұмыста тапжылмай отыра алмаймын» деп. Олар келіскен. Себебі, сантехниктің жалақысы мардымсыз. Шұғыл шаруа шығып қалса шақырта қояды. Осылай бес мекемемен келісім-шартқа отырдым. Бұған қоса газетке «Бір сағаттық күйеу» қызметін ұсынамын деп жарнама беріп қойғанмын. Шақыртулар көп. Жалғызбасты әйелдер істен шыққан дүниелер мен бітеліп қалған құбырларды, жарық сымдарын жөндеу үшін тағы басқа ұсақ-түйек жұмыстарды істеу үшін бір сағаттың ішінде қолыңа ақшаңды ұстата салады. Адал еңбек қой. Қолымнан келеді, неге істемеске?», – дейді ол ағынан жарылып. Самат өз сөзінде аяқ-қолы балғадай ер адамдар көп хабарласатынын айтты. «Қазіргі жастар кәсіп білмейді. Үш тіл меңгерген, заңды біледі, ал, тұрмысқа қажетті шаруашылыққа келгенде ештеңеге икемдері жоқ. Өткенде бір жас отбасы электр шамын бұрап беру үшін шақыртқан. Жастар ақшам болса болды деп пайымдайды. Бұл дұрыс емес. Маңдай терімен тапқан ақшасын үнемдеуді білмейді. Ысырап етеді»,– дейді ол.
Байыбына барсақ, Саматтың сөзінде жан бар. Расында да қазіргі жастардың материалдық құндылыққа оңай жетуді, жұрт алдында беделді болуды армандап жүретіні бар. Солардың көбі қолына диплом алғасын екі қолға бір күрек таппай жұмыссыздардың қатарын көбейтетіні де өтірік емес. «Бір сағаттық күйеу» болып жұмыс істейтін Самат күніне жоқ дегенде 5-7 мың теңге көлемінде табыс табады екен. Бұл негізгі табысынан бөлек.
«Тапсырыс өте көп. Алдағы уақытта өзім сияқты қолы епсекті жігіттерді жаныма жинап, ортақ кәсіп ашып алуды көздеп жүрмін» деді Самат бізбен болған әңгімесінде. Жалпы, осындай елеусіз, бірақ, берекесі мол кәсіптің еш кетпесі анық. Қалай дегенмен де талап қылған адам табысқа да жетеді. Тек заман сұранысына қарай икемделе білу керек. Жігіттер кәсіп үйренейік. Әйтпесе, күйеулер бар… бір сағаттық!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар