Бүгінде бүкілхалықтық мақтанышымызға айналған Астана қаласының «Жасыл белдеуін» қалыптастыру қозғалысы өзінің жемісін беріп келеді. Маңызды іс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылы қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ол қаланы желден қорғау және тұрғындарға қолайлы климаттық жағдайлар тудыруды көздейді. Аталған міндет біздің институтымыздың ғалымдарына да үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Мемлекеттік маңыздағы айрықша тапсырманы орындауға Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары да белсене кірісті.
Жұмыстың бірінші кезеңінде ағаштар мен жасыл өскіндер тұқымын себу арқылы ені 20-24 метрлік белдеулер жасалды. Ал, 2009 жылдан басталған екінші кезеңде, егін дестелерін еске салатын әлгі белдеулер орман қалыптастырушы ағаш түрлерімен толықтырылды. Қазір Астананың жасыл аймағындағы орман өскіндерінің аумағы 75 мың гектардан асып отыр. Бұл іспен тікелей айналысушы «Жасыл аймақ» РМК қарауында 8 орман шаруашылығы кәсіпорны бар.
Елордамыздың жасыл аймағы құрғақ дала аумағындағы қатал климаттық және өзіндік топырақ құнары жағдайында қалыптастырылып отырылғанын ескерсек, жұмыстың ыждаҺаттылығымен қоса ғылыми талдамаларға айрықша назар аударуды қажет ететіні түсінікті. Сондықтан, алғашқы кезеңде құрғақшылыққа және жер қыртысының тұздылығына төзімді тал шыбықтар тұқымы себілді. Екінші кезеңде кәдімгі қарағай, сібір шыршасы сияқты құнды тұқымдар орналастырылды. Ал, Астананың айналасында декоративті ағаштармен бірге алма, қарақат түріндегі жеміс өскіндері (жалпы 11 сұрып) егілді.
«Жасыл аймақ» үздіксіз зерттеулер нәтижесінде дамытыла бермек. «Қазгипролесхоз» РМК Солтүстік Қазақстан филиалы 2011 жылы топырақ құрамына талдамалар жасады. Мұның қорытындысымен 1,5 миллион гектар аумақтағы өскіндер мен орман ағаштарын екінші кезеңде күтіп, баптаудың жұмыс жобасы түзілді. Бұл орайда, декоративті өскіндермен қоса екпе шөптер көлемін арттыруға көңіл бөлінді. Аталған жоба 2012 жылдан бастап белсенді түрде жүзеге асырылуда. Ол қала тұрғындары мен қонақтарының демалысын ұйымдастыруға қолайлы жағдай туғызып отыр.
Түйіндеп айтқанда, осынау жылдар ішінде, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ ғалымдарының ғылыми ізденістері, орманшылар қызметінің сауатты қадамдары нәтижесінде Астана қаласы маңында толыққанды орман алабы қалыптасты деуімізге болады. Ендігі жерде 2020 жылға қарай егілген орман көлемі 100 мың гектарға жететіні анық. «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге байланыс-
ты «Астана-Щучинск» автобаны, Вячеслав су қоймасы және Қарабидайық ағын су жиынтығы бойында да жасыл белдеу құру жұмысы ғылыми негіздемелерге сай жоспарлы түрде жүргізілді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында елімізді «жасыл» даму қанатқақты жобасының үлгілі қадамдары негізінде өркендетуге бағытталған тұрақты әрі тиімді экономикалық модуль қалыптастыру міндеті қойылды. Осыған байланыс-
ты ғалымдарымыз «Жасыл аймақ» кәсіпорнына орман орналастыруға жарамды шартты бөліктерде қолданысқа енгізуге болатын бірқатар ұсыныстар енгізді. Онда қорғаныстық орман өскіндеріне және осында орналастырылатын ағаш түрлері мен тұқымдарына қатысты тәжірибелік қорытындылар айқындалған. Мұнда ландшафттық топ, орман бағы құрылымы айрықша назарда ұсталады. Бұл жағдайда, аталған топты қалыптастырудағы экономикалық тиімділік пен экологиялық факторларға, орман зиянкестерімен күреске ерекше маңыз артылатыны ескерілген. Сонымен қатар, пайдалануға жарамсыз алаңқайларды көгалдандыру ісі де өзекті болмақ.
Институт ғалымдары дайындаған ұсыныстардың маңыздылығы суландырылған жердің өнімділігін арттыруға, өскіндердің сапалық құрамын жақсартуға бағытталғандығында. Мұндай жұмыс орман шаруашылығының барлық салалары бойынша жалғаса бермек. Бұл орайда, заманалық және бұрыннан қалыптасқан технологияларды тиімді пайдаланып отырғанымызды айтқым келеді. Біз осы бағытта өңірдің климаттық жағдайына төзімді әрі әсем сәулетімен көз тартатын «сымбатты қарағай», «бұланды» сияқты қарағайдың жаңа төрт түрін қолданысқа енгіздік. Республикалық «Үздік ғылым ордасы-2017» байқауының жеңімпазы атанған ұжымымыз алдағы уақытта да Елбасы халқымызға қойып отырған міндеттерді жүзеге асыруда іргелі ізденістер үстінде болатыны анық.
Болат МҰҚАНОВ,
Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының құрметті академигі,
Бурабай ауданының құрметті азаматы
Бурабай ауданы.