Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев журналистерге биылғы көктемде су тасқынын болдырмау мақсатында қолға алынып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Бүгінгі таңда табиғаттың тосын мінезі күн ілгері болжанғанымен, кейбір төтенше жағдайдың алдын алу қиын. Осындайда бірден «апат айтып келмейді» деген халық даналығы еске оралады. Бұған облысымызда соңғы жылдары үздіксіз орын алған жойқын су тасқыны айқын дәлел. 2014 жылы Атбасарда, одан кейін Целиноград, Ерейментау аудандарында болған көктемгі су тасқыны жүздеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды, бірқатар ауылішілік жолдарды шайып кетті. Ерейментау ауданындағы су тасқыны алдыңғы екі аудандағыдай орасан зор болмаса да, ондаған тұрғын үйлер жарамсыз болып қалды. Былтырғы жылы Атбасарда қайталанған су тасқынының зардаптары әлі күнге дейін толық жойылған жоқ. Сол жағдайдың тағы да қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
– Биыл қар жылдағыдан аз түсті. Қардың аз болуынан топырақтың беткі қабатының қатуы орын алды. Оған қоса, синоптиктер наурыздың үшінші онкүндігінде жауын-шашын көп болады деп болжам айтып отыр. Осыған байланысты аймақта су тасқынының алдын алу жөнінен жылдағыдай облыстық шұғыл штаб құрылды. Наурыз айының алғашқы онкүндігінде облыстағы су тасқынының қаупі бар аудандарда көшпелі мәжіліс өткізілді. Онда аудан және қала әкімдіктері, азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің алдына ауқымды міндеттер қойылып, зор жауапкершілік жүктелді, – деді Қанат Доспаев.
Апаттың алдын алу шаралары алдыңғы жылдардағы орын алған су тасқындарындағы ерекшеліктер мен «әттеген-айларды» саралай келе, жүзеге асырылуда. Ең қауіпті өңірлер саналатын Атбасар, Целиноград, Аршалы және Сандықтау аудандарындағы өзен, көлдер бақылауға алынған. Оған қоса, облыстың елді мекендерінен қар шығарылып, арықтар тазаланды. 9,7 мың тонна инерттік материалдар, 104 мың қап, 341 тонна жанар-жағар май және 18 тонна азық-түлік дайындалды. Жергілікті атқарушы органдар және шаруа қожалықтарымен елді мекендерден қарды шығару жұмыстарына көмек көрсету үшін келіссөздер жүргізілді.
– Облыс аумағындағы барлық гидротехникалық нысандардың жұмысы тәулік бойы бақыланып отыр. Облыстың азаматтық қорғаныс құрылымдарының арнайы техникалар және жүзу құралдарының дайындығы, қауіпті аймақтардан адамдарды көшіруге арнайы орындардың әзірлігі де басты назарда, – деді Қанат Доспаев.
Жалпы, биылғы көктемде су тасқынын болдырмау мақсатында қолға алынған шараларды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Көктем келгенімен облыс аумағындағы өзендер мен су көздеріндегі мұз қалың. Кейбір тұстарында ғана сәл жібігені байқалады. Демек, қауіп-қатердің бетін қайтару үшін қамдануға аз да болса уақыт бар.
Аслан Оспанов.