Ертеде белгілі ғұлама Жүсіп Баласағұн «Әділ заң – тірегің» деген екен. Осыдан барып билердің әділ әрі қарапайым халыққа жақын болуы бұрыннан-ақ маңызды екендігін байқаймыз. Бабалардың өсиетін жадымызға сақтап, қашанда әділдік жағында болсақ, халықтың бізге деген сенімі де күшейе түсетіні белгілі.
Елбасымыздың Жарлығымен осы қызметке тағайындалып, Бурабай аудандық сотында білікті судьялармен бірлесе қызмет етіп келе жатқаныма төрт жылға жуық уақыт өтті. Сөздің шыны керек, әріптестерім өз істерін жетік біледі деп нық сеніммен айта аламын. Судьялар Баян Әділбекова, Ғайни Хамзина, Айгүл Бәйкенова, Әсел Әбимұратова азаматтық істерді қараса, Асқар Құлмағамбетов қылмыстық істер бойынша судья.
Аудандық сотта 2014 жылы 1792 азаматтық, 183 қылмыстық істер қаралып, осылардың ішінде мемлекеттік тілде 12 сот ісі жүргізілді. «Медиация туралы» заңның қолданылуымен 2 іс қаралды. Ал, биылғы жылдың басынан бастап 396 азаматтық, 20 қылмыстық істі қарап үлгердік. Айта кететін бір жайт, аудандық сотқа қылмыстық істерге қарағанда азаматтық істер бойынша талап-арыздар көп түседі. Әрине, судья үшін бұның көп маңыздылығы жоқ. Біз үшін ең басты міндет – сотта екі тарапты да қанағаттандыратын әділ шешім шығару.
Осы жағынан алып қарағанда, қазір қолданыста жүрген «Медиация туралы» заң екі тараптың өзара ымыраға келуі арқылы сот процесін аз да болса жеңілдетеді деп ойлаймын. Әрине, дауласушы тараптарды ымыраға келуге көндіру оңай шаруа емес. Дегенмен, мұндай әдісті ықылым замандарда атақты билеріміз де қолданғаны сонау тарихтан белгілі. Сондықтан, ымыраға келушілік елімізде одан әрі өріс алса, оған тек қуануымыз қажет деп есептеймін.
Осы орайда, айта кететін тағы бір жағымды жаңалық – электрондық сот ісінің жеделдігі мен оған қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Соттың www.sud.kz ресми сайтында «Сот кабинеті» сервисінің іске қосылғандығы. Оқырмандарға түсінікті болу үшін «Сот кабинеті» дегеніміз не, оның халыққа берер пайдасы қандай деген сауалға жауап бере кетейін. «Сот кабинеті» – бұл сот органдарының онлайн сервистеріне және көрсететін қызметтеріне қол жеткізілетін жалғыз терезе. Мәселен, «Сот кабинеті» сервисін пайдалану үшін сот ісіне қатысушы Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландыру орталығының электрондық сандық қолтаңбасын алуы және оны пайдаланып, тіркеу рәсімінен өтуге тиіс. Сотқа қатысушы, оның өкілі немесе адвокат өзіне ыңғайлы уақытта үйден шықпай-ақ, жоғарыдағы сайт арқылы сотқа электронды түрде талап, өтініш беріп, мемлекеттік баж салығын ғаламтор арқылы төлей алады. Бұған қоса, қалаған уақытында сот құжаттарын қарауға, іс бо-йынша сот актілерін қағазға шығарып ал-уына да болады. Аталған сайт қолданысқа енген алғашқы күннен-ақ өзінің тиімділігін көрсетуде. Біздегі мұндай қызмет түрі Щучинск қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан. Мәселен, Бурабай аудандық сотында аталған сервис арқылы жыл басынан бері 35 электронды талап-арыз түсіп, өндіріске алынды.
Республика соттарында іс жүргізуді электрондық әдіспен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінің бағдарламасы енгізілгеннен бері сот қызметі біраз жеңілдей түскені рас. Бұл сот реформасындағы үлкен өзгеріс. Себебі, сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдету, оны басы артық төрешілдік рәсімдерден арылту жаңа ақпараттық технологияларды белсенді түрде енгізудің арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ, бұл электрондық әдіс бюрократиялық кедергілерді жойып, еліміздің тұрғындары үшін сот жүйесінің ашық әрі қолжетімді болуына барынша мүмкіндік туғызды. Жоғарыда айтып өткен «Сот кабинетімен» қатар, Жоғарғы Сот пен жергілікті соттардың сайтында «Сот құжаттарымен танысу» сервисі де іске қосылған.
Заманауи технологияға жол ашылған бүгінгі қоғам үшін электронды қызметке көшу аса қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Сот процесіне оларды енгізу арқылы біз тұрғындарға бір қадам жақындай түсеміз деген ойдамын.
Мақсат СЕЙДАХМЕТОВ,
Бурабай аудандық сотының төрағасы.