БУРАБАЙ.
Биыл жазда «Қазақстандық Лапландия» аумағында «Бурабай-лэнд» ойын-сауық паркі ашылмақшы. Бұл туралы «Бурабай даму» бірыңғай байланыс орталығының жетекшісі Азамат Баймұқанов мәлім деді.
Оның айтуынша, 1 мамырдан бастап, «Қазақстандық Лапландия» аумағында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп, жаздың басында Қазақстанның ұлттық «Диснейленді» келушілерге есігін айқара ашатын болады. Ойын-сауық алаңы әткеншектер және цирк алаңдарымен жабдықталып, балалар мен ересектер үшін қызықты болады деп жоспарланған. «Лапландия» жобасындағы Санта Клаус резиденциясы мен шаман үйі, бұғылар мен хаскилер өзгеріссіз қалады.
Себебі, оларға осы күні сұраныс өте жоғары екен. Жақында бекітілген 2017-2020 жылдарға арналған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының 3-ші кезеңі аясында 61,3 миллиард теңгеге 33 шараны жүзеге асыру қарастырылып отыр.