Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының қатысуымен Көкшетау қалалық әкімдігінде «Облыс аумағында орналасқан сауда және ойын-сауық орталықтарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Қала әкімінің орынбасары Иван Юрченконың төрағалығымен өткен өңірдегі өрт қауіпсіздігі мекемелерінің мамандары қатысқан шара барысында кәсіпкерлерге ғимараттарда, құрылыс, сауда, қызметтік және қоймалық мақсаттағы аумақтарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кеңес берілді. Алдымен Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау профилактикалық қызметі басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс бойынша подполковнигі Денис Шелкоплясов бірқатар орын алып отырған кемшіліктерді жария етті. Оның айтуынша, облыста өрт қауіпсіздігіне толық сай емес сауда орындары бар.
– Өңірде 60-тан аса ірі сауда орталығы тіркелген. Негізі кез келген құрылыс нысанын салу кезінде белгілі бір қағидалар сақталуы керек. Қазір тез тұтанғыш материалдар құрылыста көп қолданылуда. Ғимараттарды салғанда өрт қауіпсіздігі ережелері сақтала бермейді. Мұның бәрі бүгінгі күні кез келген сауда нүктесінде кездесетін заңсыздықтардың көрінісі. Облыста 750 өрт сөндіру гидранттарының 344-і ғана жұмыс істейтіндігі анықталды, – деді ол.
Жиынды жүргізіп отырған И.Юрченко өрт қауіпсіздігі мәселесі басты назарда тұруы керектігін қадап айтты:
– Өртке қарсы дайындықты күшейткен жөн. Егер әкімдік немесе төтенше жағдайлар департаменті тарапынан көмек қажет болса айтыңыздар. Дәл қазір ұсыныстарыңызды тыңдауға әзірміз. Сонымен қатар, өрт сөндіру мамандары ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында кинотеатр мен балаларға арналған ойын-сауық орындарының жоғары қабатта орналастырылуы бойынша құзырлы органдар тарапынан талап күшейеді, – деді ол. Ағымдағы жылдың 2-8 сәуір аралығында төтенше жағдайлар басқармасы ірі ойын-сауық кешендері мен сауда үйлеріндегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша оқу-жаттығулар өткізеді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.