Эрмитажда болғанымда

Кеңес заманында ол кезде Ленинград аталған бүгінгі Санкт-Петербургте болған кезімде атақты Эрмитаж музейінен Кенесары ханның

сүйектерін көргенім әлі есімде. Қазақтың соңғы ханының басы туралы баспасөзде жиі жазылып, бұл мәселе қайта-қайта көтеріліп жүргенін оқи жүріп, өзім куәсі болған сол жайды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Балтық теңізіне жақын орналасқан Ленин атындағы қалада жыл он екі айдың көп күндері бұлтты, жауынды болып келеді. Сол күні де аспаннан түйілген қара бұлт әлсін-әлсін сіркірете жаңбырын себелеп тұрды. Қоршауда қалған бұл қаланы қорғауға менің әкем де қатысқан екен. Бұдан бұрын да Ленинградта бірнеше рет болғаным бар-ды. Біраз бос уақытым болғандықтан, қаланы аралап, уақыт өткізгім келді. І Петр патша Еуропаға «терезе» ашқан көп жылдар Ресей империясының астанасы болған қалада көріп, тамашалайтын орындар аз болмайтын. Ленинградтықтар қонақжай, жылы жүзді келеді. Бірдеңе сұрай қалсаң, тоқтап уақытын бөліп, сұрағаныңа тәптіштеп жауап береді.
Қала көшелерін аралай жүріп, Эрмитажға барсам қайтеді деген ой келді. Ленинградта болып, Эрмитажды көрмеу қисынсыз жай сияқты көрінді. Содан көшеден такси ұстадым. Жасы қырықты орталаған орыс жігіті ақкөңіл және әңгімешіл болып шықты. Қазақстаннан екенімді естіп, Одақты түгел астықпен және етпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылықты республика жайында естіп білгендерін айтып, өзінің қалада жоғары оқу орнында оқитын ұлының қазіргі күні Торғай даласында практикада жүргенін есіне алды.
Содан Эрмитажға да жеттік. Музейдің үлкендігі атшаптырым болатын кең залдарын аралай жүріп, көп бағалы дүниелерді көрдім. Бір залдың қабырғасында әйнекпен жабылған үлкен қорапта сары түсті құм үстінде жатқан адам сүйектерінің қалдығын көрдім. Мені таңғалдырғаны сүйек емес, экспонат жайлы жазылған жазу болды. Онда «Останки степного разбойника Кенесары Касымова» деген жазу маңдайымнан әлденені осып өткендей әсер етті. Кенесарының қазақтың соңғы ханы болғандығын, ел сыйлап, қадір тұтатынын бала кезімнен санама сіңіріп өскен мен үшін бұл күтпеген жай еді. Әжемнің айтуынша, патша әскерлері хан Кенені іздеп, біздің ауылдың үстінен өтіпті. Бұны әжеме сол кездің куәсі болған әкесі айтқан екен. Халық арасында азаттық үшін күрескен хан саналған Кенесарының сүйегін музейге қойып және оған «қарақшы» деп жазған мына оқиға маған сұмдық әсер еткенін жасыра алмаймын. Бірақ, ол кезде өкпе-ренішіңді дауыстап айтатын заман емес-ті. Мен жанымнан тастамайтын фотоаппаратымды алып, түсіруге ыңғайлана бергенімде жаныма жетіп келген музей қызметкері суретке түсіруге болмайтынын айтып, қатаң ескертті.
Міне, содан бері зымырап көп жылдар өтті. Еліміз азаттық алып, тәуелсіз мемлекет болдық. Бір кезде кеңес идеологтары «қарақшы» атаған бабамыз Кенесары азаттық үшін күрескен ұлы тұлға деп танылып, Астанадан үлкен көше берілді және Есілдің жағасынан еңселі ескерткіші орнатылды. Осының бәрі тәуелсіздігіміз арқылы келген жетістіктер екенін біздер, сол кеңес заманында бодандық саясатты бастан өткерген аға ұрпақ өкілдері жақсы білеміз.
Бірде бір басқосуда жасы сексеннен асқан Шәмшия әжемізбен кездесіп қалғанмын. Ол кісі кеңес заманында еңбек озаты ретінде Ленинградқа жолдамамен барған екен. Сонда Эрмитаждан Кенесары ханның сүйегін көргендігін, оған «Останки степного разбойника Кенесары Касымова» деп жазылғандығын, соны көргенде қатты ренжігенін айтты. «Ойбай-ау, біз Кенесарыны қазақтың ханы деп жүрсек, мыналар оны қарақшы дегендері несі» деп іштей қатты күйініпті ол.
Кеңес заманында бұрмаланған тарихымыз қазір қайта жазылып, шындық қалпына келтірілуде. Тәуелсіздік өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілткендей игіліктерін әкелуде. Ұлт азаттығы үшін бар өмірін күреске бағыштап, қапияда қаза тапқан қазақтың ең соңғы ханы – Кенесарының есімі тарихымыздан лайықты орнын алды. Біз үшін осы ең үлкен жетістігіміз – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау басты мақсат болуы керек.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар