Өзін таныған халықтың болашағы зор

Ұлы даланың жеті қырына тоқталатын болсақ, Қазақстан жер көлемі жағынан дүние жүзі бойынша 9-ыншы орында тұр. Осы аумақта жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз бен айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Қазіргі киім үлгісінің базалық түрлері дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.

Елбасының мақаласында көшпенділердің мәдени коды, киім үлгісінің, оның ішінде көне шалбардың қазіргі шалбарға ұқсас екені айтылған. Саптама етік ат үстінде отырғанда өте ыңғайлы. Ежелгі ғасырдың етікшілері әйел адамдарға арнап қазіргіше ботильондар тіккен. Оның сәнділігі соншалықты, терісі инкрустацияланған және қазіргі кезде тиімді деп айтылып жүрген шоқайма өкшелер салған. Соғыс кезінде киген киімдері де өте керемет болған. Ол жеңілдігімен, ыңғайлылығымен ерекше көзге түседі. Сондай-ақ, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамтитын «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялар шығарылмақшы. Оны тарату жұмысы бір жүйеге енгізілетін болады. Осы орайда, қазақстандық ғалымдармен бірге шетелдік мамандар да тартылмақшы. Сөйтіп, ата-бабамыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ, шетелдік азаматтар да білетін болады. Дүние жүзінде ең алғаш металл өндірудің амал-тәсілдерін ұлы дала тұрғындары меңгерген. Қазақ жерінің Орталық және Шығыс аймақтарында темір, қола, мыс, күміс, алтын қорытпалары алынған. Ежелгі көшпелілердің арғы ата-бабаларының дүниетанымы мен құндылықтары өте терең қалыптасқан, өз жазуы, мифологиясы, озық мәдениеті болды. Жануарлар бейнесі тұрмыста күнделікті пайдаланатын ыдыс-
тарда, қолданылатын құралдарда бейнеленген. Сөйтіп, олар адам мен табиғаттың өзара байланысының символы болғанын білген. «Аң стилі» әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады. Әлемдік ғылым үшін «Алтын адам» тәрізді таңғажайып саналған жаңалық қазақ жерінен табылған. Археологиялық жұмыстар жүргізілетін болса, одан да көп алтын олжалар табылатындығына сеніміміз мол.
Қазақ жері түркі әлемінің алтын бесігі болған. Ұлы далада билік жүргізген мемлекеттер – Түрік қағанаты, Батыс және Шығыс қағанаттары, Түргештер, Қарлұқтар сияқты өзге де мемлекеттер біздің елімізде өмір сүрген. Сол кездің өзінде әр мемлекеттің өзінің заңы, туы, салық жүйесі, билік құрылымы болды. Ұлы ойшылдарымыздың еңбектері өз актуалдылығын осы уақытқа дейін сақтаған. Ұлы жібек жолы елімізге географиялық тұрғыдан ұтымды болды. Ұлы даланың Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Батыс пен Шығысты байланыстырған Ұлы жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымды экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді. Қазірдің өзінде сол жолдың қажет екенін біліп отырмыз. Соның нәтижесінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы салынды. Қазақстан қазір де дүние жүзіне таралатын Сиверс алмасының отаны болып табылады.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенеміз. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі.
Бақыт СЫЗДЫҚОВА,
Ақкөл қаласындағы №3 орта мектептің мұғалімі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар