Жыл қорытындысы шығарылып, жаңа міндеттер белгіленді

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрағалығымен өткізілген облыстық ішкі саясат басқармасының алқа мәжілісінде

өткен жылдың жұмыс қорытындыларына баға беріліп, басқарма алдына жаңа міндеттер қойылды.

Аудандық және қалалық әкімдіктердің, облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқа мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырəлімова ашып, тіл саясаты саласында, азаматтық қоғам институттарымен əріптестікте, ауқымды жалпыұлттық жобаларды іске асыру сияқты басты стратегиялық бағыттар жайында айтып берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жұмыс сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдарды оңтайландыру жұмыстарын жалғастыру туралы бірқатар міндеттер қойған болатын. Осыған орай, биылғы жылдан бастап облыстық дін істері, жастар саясаты мəселелері жəне тілдерді дамыту басқармалары облыстық ішкі саясат басқармасына біріктіріліп отыр. Мұнымен бірге, әсіресе, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу, дін саласында заңдылықты сақтау бойынша нақтылы міндеттер белгіленген еді. Осыған орай:
– Дінаралық жəне ұлтаралық келісімді одан әрі нығайтуда діни ұйымдар мен этномəдени орталықтар арасында өзара əрекеттестіктің жаңа тетігін ойластыруымыз қажет, – деді Айна Мысырəлімова.
Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында көтерілген биылығы «Жастар жылына» баса мән берілуі керектігіне тоқталды. Әсіресе, жастармен жұмыс істеуде ауыл жастарын қоса алғанда жастардың барлық санатына кең көлемде қолдау бойынша жобалардың қажеттігін атап өтті. Бұдан кейін сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының үкіметтік ұйымдармен және саяси партиялармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Серік Сәдуақасов, ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Динара Жакеева, қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг бөлімінің бас маманы Марал Бәкібаева және қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің басшысы Мәлік Ахметқалиев өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды. Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан шараларды бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде кеңінен насихаттау туралы ұсыныс айтылды.
– Өңірде ішкі саясат саласында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша 2018 жылы қыруар жұмыстар атқарылды. Биылғы жылда да бұл бағытта бірлесіп еңбек ететінімізге сенімдімін. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен бірге, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді халыққа жеткізетін боламыз, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.
Сонымен қатар, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі саясат саласында белсенділік танытқан өңірлерді атап өтті. Солардың ең бастылары Сандықтау, Бурабай, Жақсы, Целиноград, Бұланды аудандары мен Степногорск қаласында шоғырланғандығын айта кеткен жөн. Сандықтау ауданында «Туған жер» кіші бағдарламасы шеңберінде меценаттардың қолдауымен 25-тен астам нысан жөнделіп, жаңадан салынды. Степногорск қаласында әлеуметтік мәселені шешуге үкіметтік емес ұйымдар белсене қатысуда. Оның ішінде «Луч» қоғамдық бірлестігі «Таным» сыйлығымен марапатталып отыр. Бурабай ауданындағы Абылай хан алаңында Елбасының қатысуымен «Біржан-Сара» операсы қойылды. Жақсы ауданында бірінші болып «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Баубек батырдың 180 жылдығына арналған халықаралық конференция ұйымдастырылды. Гуманитарлық бағыттағы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың» он сегізі Жақсы аудандарының мектептеріне берілді. Целиноград ауданында «Атамекен» кіші бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұланды ауданында біраз шаруалар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, білім, мәдениет саласында да көптеген шаралар назардан тыс қалмаған. Облысымыз рухани құндылықтары мол өңір саналады. Сондықтан да, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша биыл да үлкен жұмыстар атқарылатынына сенім мол.
Жиын соңында Айна Мысырәлімова 2018 жылы ішкі саясат саласында еңбегімен танылған Сандықтау, Бурабай, Жақсы, Целиноград, Бұланды аудандары мен Степногорск қалаларының ішкі сая-сат бөлімдері және Көкшетау қаласы, Зеренді және Жарқайың аудандарының баспасөз хатшыларына Алғыс хат және бағалы сыйлықтар тапсырды.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар