Өткеннен сыр шерткен музей

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жаңажол ауылының №7 негізгі мектебінде «Ауылымның шежірелі байлығы» атты мектеп музейі ашылды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған құндылықтарымызды насихаттау мақсатында шараны ұйымдастырған мектеп ұжымының мақсаты шәкірттерге кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілікті сезіндіру болып табылады.

Өзіміздің тарихымыз бен мәдениет, салт-дәстүрімізге терең бойлай білу, отаншылдық тәрбиені, ұлтжандылықты рухани жаңғырту арқылы жас ұрпақ бойында қалыптастыру.
Шараға аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлім Нұрмұханова, ішкі саясат бөлімі мамандары, ауыл ақсақалдары, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты. Аталмыш музей мектеп жәдігерлерімен директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Рүстем Қырғызбай, ауыл тарихымен директордың тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Гүлнәр Аманжоловалар таныстырып өтті.
Ең бастысы, тарихымыз бен мәдениетіміздің сақталуы – ұрпақ сабақтастығы. Ата-бабаларымыз бізге қалдырған асыл мұра – тіліміз, салт-дәстүр, өнер, мәдениетіміз. Оны көзінің қарашығындай сақтау бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Мектеп музейіне Жаңажол ауылының тарихына қатысты мағлұматтар мен заттар қойылған. Оның ішінде көптеген материалдар ауылдағы тыл еңбеккерлері, Ұлы Отан соғысы, еңбек ардагерлері жайында және алғашқы тың игеру уақытындағы заттар, қолөнер бұйымдары, тұрмыста қолданған құралдар мен құнды заттар қойылған. Кішігірім музейден Жаңажол ауылының тарихы мен мәдениетіне байланысты дүниелерді, осы ауылдан шыққан Оспан қажы ақынның кітаптарын, оқушылардың қолөнер бұйымдарын тамашалауға болады.
Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағытында атқарылып жатқан жергілікті шаралардың барлығы қастерлі мекен – Жаңажол ауылы тарих пен шежіреге тұнып тұрғанын аңғартады. Осылайша рухани жаңғыру арқылы кешегімен бүгінгіні сабақтастырып, болашаққа аманат ету байқалады. Іс-шара соңы мектеп өнерпаздарының концерттік бағдарламасына және ауыл тарихымен байланысты көрініске ұласты.
Рүстем ҚИССАҰЛЫ,
тарих пәнінің мұғалімі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар