Қылқобызшы Сая

Қобыздың бебеулеп боздағаны бөлек қой, шіркін! Арқаның самал желіндей бірде сарнап, бірде уілдеп көңілді тебірентіп, қобыздан шырылдап төгілген мұңлы әуен жан жүректі шымырлатып жібереді…

Жасырары жоқ, ұлттық өнерді бойына сіңіріп өскен баланың болашағынан зор үміт күтетініміз бар. Себебі, құлақ құрышын қазақ әндерімен қандырған жауқазын баланың бойында ұлттық тәрбие қалыптасатыны хақ. Осы ойды Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, дарынды домбырашы Мұхаметжар Рахымбердин де құптайды.
– Мен немерем Саяның бойынан өнерге деген ықыласын байқап, қабілетін танып, оны жетелеп облыс орталығындағы Көкшетау қаласындағы балалар музыка мектебіне әкелдім. Ондағы ойым өзім сияқты домбырашы болар деген ой ғой. Бірақ, Саяның өзі қобыздан төгілген әуенді естіп, осы аспапты меңгеруге талпыныс танытты. Аяқ алысы жаман емес. Болашақта осы немеремнен зор үміт күтемін, – дейді дүлдүл домбырашы.
Талабы мол талантты ұл-қыздың өрісін ашып, өнерге баулитын облыс орталығындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Сая Рахымбердинаның өнер өлкесіндегі алғашқы қадамы қуантады. Ол облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Мәселен, таяуда ғана Алматы қаласында өткен жас музыканттардың республикалық фестиваль байқауында жеке орындаушылар арасында жеңімпаз атанды. Музыка мектебінде Сая ұлағатты ұстаз Назгүл Қайратқызының қылқобыз сыныбында тәлім алады. Жастайынан қазақтың әндеріне қанып, уызынан жарып өскен баланың сөз саптауынан, ой орамдарынан тәлімді тәрбие алған ибалы қыз болып өсіп келе жатқандығы бірден аңғарылады. Сүйкімді қыз қобызды жетік меңгеріп, ертеңгі күні атадан мұра болған ұлттық аспаптың ғажап үнін кейінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізсем деген ұлы мұратты ұстанған.
«Атам күй тартса, елең ете қалатынмын. Домбыраның қос ішегінен мөлдір музыка болып төгілген сыңғырлы әуезге ынтызар көңіл мені өнер ордасына жетелеп әкелді. Арман арқалап музыка мектебінде ұлағатты ұстаздардан тәлім алып, ізденуден жалықпай, талпынып жүрмін. Бізді музыка әлеміне жетелеп, өнерге баулып, тәрбиелеп жүрген ұстазым Нұргүл Абылайқызына айтар алғысымыз шексіз. Алар асуым алда деп ойлаймын. Басты мақсат – ертеңгі күні көнеден қалған қоңыр үнді саф, таза күйінде кейінгіге жеткізу», – деп соңғы сөзін екпін түсіре айтқан жауқазын қыздың арманы асқақ екенін байқадық.
Ұлы мақсатты мұрат етуді әркімге жазбаған. Ол үшін үлкен жүрек керек! Олай болса, жүрегінде өнерге деген ынтызар сезім ұялаған өрімтал қыздың әлі талай өнер биігін бағындыруына шынайы тілектеспіз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суретте: жас өнерпаз Сая және атасы, белгілі күйші Мұхаметжар Рахымбердин.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар