«Бала дауысы» – Көкшетауда

   Көкшетау қаласында «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының ІV маусымының іріктеу кезеңі болып өтті. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін бұл бірегей жобаны Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырды. Көкшетау қаласынан ұлттық байқауға қатысатын үміткерді анықтауға әнші Айри келді. Қазылар алқасының шешімімен Ақмола облысының намысын Ерсұлтан Шаймұрат қорғайтын болды.

Ақмоланың арайлы таңымен ілесіп үміттерін үкілеген үміткерлер «Көкшетау» мәдениет сарайына қарай ағылды. Жүздері бал-бұл жанған жүздеген жауқазын қазылар алқасының алдында қазақша, орысша, ағылшынша және өзге де тілдерде әуелете ән шырқап, бақ сынады. Кең ауқымды байқауға алғаш рет қатысып отырған бала көңіл үшін бұл байқау толқынысқа толы маңызды сәт екені айтпаса да түсінікті. Дүбірлі байқауға облысымыздың әр түкпірінен ат арылтып жеткен 8 бен 12 жас аралығындағы жас дарындар өз қабілеттерін көрсету үшін тырысып, барын салды. Әнші Айридің айтуынша, Көкше жерінде өнер көрсеткен талантты жастар байқауға аса бір ыждаһаттылықпен дайын екендіктерін дәлелдей білді. Тәлімгерлер қатысушыларды тек тыңдап қана қоймай, өз ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, кішкентай өнерпаздарға қолдау көрсетіп отырды.
Ән бесігі атанған киелі Көкше өңірі ежелден ауыз толтырып айтарлықтай талантты өнерпаздарға бай екендігі анық. Атадан қалған сол асыл мұраны жалғап жүрген өскелең ұрпақтың да бойынан осы бір асыл қасиеттер байқалып тұрды. Осы орайда қазылар алқасына да тегіне тартып туған кіл жүйріктің ішінен үздігін таңдау оңайға соқпады. Дегенмен, Ерсұлтан Шаймұрат жүздің ішінен жүйрік шығып, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанды. Қатты толқып, қуаныштан көзіне жас үйірілген өнерпаз өрен: «Байқауға қатысуға келген осыншама баланы көргенде жеңіс маған бұйыра қоймайтын шығар деп ойладым. Бірақ, бар күшімді жинап, іріктеудің барлық кезеңдерінде өзімді сенімді ұстауға тырыстым. Жеңіске жеткеніме қатты қуанып тұрмын», – деді. Сонымен, еліміздің әр өңірінен үздік шыққан өнерпаздар анықталған соң олар кәсіби музыканттардан, хореограф, стилистерден музыка мектебінде бір ай тәлім алатын болады. Ал, қазан айының 25-27-сі аралығында Алматы қаласында өтетін финалдық бағдарламада қазылар алқасы мен смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер жүрегін жаулай білген хас талант париждік «Диснейлендке» тегін қыдырып қайту жолдамасына және Қазақстандағы ең үздік музыкалық оқу орындарының бірінің грантына ие болмақ. Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша осы жылдар аралығында іріктеу турларына 20156 бала қатысты, телевизиялық эфирге 12 концерттік шоу, 24 күнделік, 128 имидждік ролик көрсетілді. «Бала дауысы» түлектері бүгінде «Жандану әлемі» қорының қолдауымен музыкалық мектептер мен колледждерде білім алуда.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар