Көкшенің күміс көмей Күләші

Редакциямызға ерлі-зайыпты Талғат және Салтанат Мүрсәлімовтар келді. Зеренділік танымал айтыскер ақын, мәдениет қайраткері Күләш Сәбікенқызы Рақымжанованың 70 жасқа толуына орай, көптен бері өнер саласында жүрген осы ардагер апамыз туралы газетімізде бірер ауыз жылы лебіз білдірілсе екен деген тілектері бар екен.

Бұл өтініштерін қуана құп алдық. Есімі Көкше өңіріне жете таныс, сегіз қырлы, бір сырлы бұл кісі жөнінде өмірінің осындай бір шуақты сәтінде қалам тартпау жөн болмас. Оны ішкі түйсігіміз де жақсы сезеді. Халқымыздың өзінде де «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар емес пе. Ал, Күләш болса, ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан сөз, ән өнерін бір кісідей ілгері апарып, бүгінге жұғысты етіп келе жатқан өнер майталманы.
Осы бір жүрегі елім деп соғатын, туған Зерендісін шексіз сүйетін талантты қыздың бойындағы өнерге деген үлкен ұмтылыс бала кезінен-ақ көріне бастаған еді. Өзі туып-өскен Кеңөткел ауылының орналасқан жерінің өзі адамды сұлулыққа, жақсылыққа жетелемей қоймайтын құтты қойнау. Іргесінде бір кезде қалмақты жеңген Қошқарбай батырдың есімімен аталған Қошқарбай тауы. Ол кезде қия беті жасыл қарағай, ақ қайыңға тұнып тұрған, кімді болсын алыстан тартатын қалың жынысты тау еді. Осы тау да, айналадағы табиғаттың адам жанымен өзге үндестігі де бала Күләшті небір қиял қанатына бойлатып, туған жердің киелі қасиетімен сусындатқаны анық. Содан барып көңілінде әнге, ақ қанатты жырға ынтық сезімі оянатын.
Осы күнгі күміс көмей әнші, әрі айтыскер ақын, жазба өлеңде де өзіндік орны бар жас қыз өнерге осылай ынтықты. Сол бір арман жолы оны сол кездегі Көкшетау мәдени-ағарту училищесіне алып барды. Сонда мәдениет қызметкері мамандығын алып, туған ауданында еңбекке араласты. Күләштің қазақы тәрбиенің уызына бөленіп, табиғатынан жаны жайсаң, көпшіл, адамға жақсылық жасауды ғана білетін мейлінше ізетті болып өсуіне кішкентайынан ата-әжесінің қолында болғаны көп септігін тигізгені анық. Атасы Мұғжан, әжесі Зылиқа әрдайым адамгершіліктің биігіне жетелеп, бойына ізгіліктің өрісті дәнін сіңіре білді. Содан болар, Күләш жастайынан айналасын жіті танып, оң-солын тез айырып, еңбектен де, қоғамдық жұмыстардан да сырт айналуды білмейтін өжет, өрелі қыз болып өз мақсатына бойлай берді.
Ақан сері бабамыздың атақты «Балқадиша» әнінің кейіпкері Балқадиша апамызды, басқа да тарихи тұлғаларды, еңбек, қоғам қайраткерлерін өмірге әкелген бұл топырақта шынымен, Күләш тағылым алар, өнеге тұтар өткеннің өрімдері, бүгіннің берекеттері жетерлік еді. Соның бәрін көкейіне тоқып, әлі де өткен-кеткенді білсем, елге ақадал қызмет етсем деген зерделі жанның осы ұмтылысын байқаған аудан басшылары оны санаулы жылдардан кейін аудандық мәдениет бөлімінің басшысы етіп тағайындағанда әлі жас еді. Бірақ, елге әншілігімен, өз ортасының гүлі болып жүретін өнершіл болмыс-бітімімен танылып қалған. Ал, суырып салма айтыс ақыны ретіндегі қабілет-қарымы шындап сексенінші жылдардың басында көрінді.
Жалпы, Зеренді ауданы сол кездегі аудандық партия комитетінің басшылығында әрнені тереңнен зерделейтін аңыз адам, Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғалов, ол кісінің аузынан шыққан әрбір кәделі сөзді екі етпейтін Мұхит Қабдөшев, Олжабай Нұрғалиев сияқты партия қайраткері мен қызметкерлері тұрғанда, жер-жерде өгейсітіліп жатқан ұлттық өнерді де естен шығармайтын. Содан болар, сол сексенінші жылдардың қатпалында ауданда ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сол кездің қалыптасқан дәстүрімен айтысқа қатысады деп іріктеліп алынған үміткерлердің бәріне дерлік сөздері дайындалып берілді. Әрине, арасында өздері де дайындағандар бар, бірақ, соны көзіміз көргеніндей, басты көмек жергілікті ақын-жазушылардан болды. Сонда домбырасын күмбірлетіп, өлеңін өзі суырып салып шығарған, сонысымен де тыңдаған жұртты риза еткен жалғыз-жарым айтыскер ақынның бірі осы Күләш еді.
Сол кезде Ілия Жақанов ағамыз келіп, Қошқарбай тауының етегінде «Ақан әуендері» деректі фильмінің кейбір керекті кадрларын түсірді. Әрине, ол «Балқадиша» әніне байланысты тұсы еді. Сол фильмде де осы әнді орындаған Күләш сенім биігінен көрінген болатын.
–Жалпы, қайда барсам да менің ән салып беруімді қолқалаған жұртшылыққа алдымен осы «Балқадиша» әнін орындау мен үшін бұлжымас әдет. Өйткені, бүкіл қазаққа, тіпті, өзге халықтарға Балқадиша апамызды әйгілеген ұлы Ақан бабамыздың осы әні біздің Кеңөткелмен тығыз байланысты болған соң, менің де өмірімнің бір бөлшегі сияқты көрінеді де тұрады,–деп ағынан жарылудан танбайтын апамыз әрине, өз өмірінде мұндай талай әннің қадіріне жете білгені ақиқат.
Оның бәрін осы жылдарда жерлестері – зеренділіктер де, жалпы алғанда, көкшетаулықтар да жақсы аңғарумен келеді. Мәдениет саласындағы қым-қуыт жұмысының ыстық-суығы мен тұла бойындағы ақындық, әншілік, бертінгі сазгерлік өнерді бірге ұштастырған Күләш Рақымжанова кешегі Мұса Асайынов, Көкен Шәкеев, Кәрім Ілиясов, Жұмабай Есекеев, Маман Ементаев секілді өнері аршындаған айтыскер ақындар мен әншілердің көзі тірі кезінде, солардың соңынан еріп, ауыл-ауылды шоқтығы биік өнерімен дуылдатып, елдің алғысын арқалаған осы ортаның да қырмызы бір гүлі еді. Сосын да сол асыл ағалар мен қазіргі сексеннің сеңгіріндегі өнер дүлдүлі Иран сал ағасы үшін Күләш қашанда қазақтың бір өнер қонған көшелі қызы болып қала берген.
Сонау ел жағдайы ауырлай түскен тоқсаныншы жылдары араға санаулы жылдар салып, Күләшқа аудандық мәдениет бөлімінің тізгінін қолына қайта алуына тура келді. Сөйтіп, бар күшін бір кезде әр ауылдың самалалы кешін думанға бөлеген мәдениет ошақтарының жойылып кетпеуіне салды. Замананың салқын желі солай соққан соң, оларды сақтап қалудың өзі мүмкін емес дүние еді. Көбі тоз-тоз болып, жабылып тынды. Бірақ, аудандық мәдениет үйінің сол қалпы халыққа толыққанды қызметін жалғастыра түсуі, ондағы өнер ұжымдарының тарамауы, бірқатар клубтар мен кітапханалардың заман ырқына дес бермеуі осы Күләштардың өздері жан-тәнімен сүйген өнер жолындағы жанкешті еңбектерінің арқасы болатын.
Зерендінің әнші Күләші, пайымды, парасатты Күләшінің міне, осы бір мәдениет саласында бойындағы барын да, нәрін де еліне қалтқысыз беріп келе жатқанына жарты ғасырдың жүзі болып қалыпты. Бұл уақыт ішінде аудан мәдениетін өрге сүйреп, облыс көлемінде де есімі барша өнерсүйер қауымға кеңінен танымал болған Күләш Рақымжанова туралы жылы пікірлер мерзімдік баспасөз беттерінде де аз болған жоқ. Мәселен, белгілі ақын-журналист, жерлесіміз Қорғанбек Аманжол «Біржан бұрмалары» кітабына енген «Халықтық өнер өрістей берсін» атты туындысында «Көкше топырағы ежелден ән мен жырдың, ақындықтың алтын бесігі атанып келеді. Мұнда шынайы халықтық өнердің бірі – суырып салма айтыскерлік те әріден басталған өрелі желісін үзбей, жаңа мазмұн, жаңаша сапамен өрістей түсіп отырғандығы қуантады. Сондай ақындардың ішінде облыстық айтыстың екінші жүлдегері Күләш Рақымжанованы айтуға әбден болады. Табиғатынан әнші Күләштің дауысы биік, өлең сөздерінің логикасы берік, дәлелі мол, уытты болып келеді» деп жазады. Жалғыз облыстық емес, республикалық айтыстарға да қатысып, көзге түскен Күләш ақын әрине осыдан кейін «өнерде осындай шоқтығы биік қызымыз бар» деп мақтанарлық тұлға екені даусыз.
Ал, енді біз ойын-тойларда Күләш апамыздың өнердегі тағы бір қыры – өзінің өмірге әкелген әуезді әндерін де тапжылмай сүйсіне тыңдаған жанбыз. Бүгінге дейін туған ауылына арнаған «Кеңөткелім», «Тәуелсіз Қазақстан», «Наурыз», «Бесік жыры», «Ақ орамал», «Нұрайыма» сияқты ондаған әндері бар. Бірін-бірі қайталамайтын, кәдімгі үлкен ізденістен, шабыттан туған бұл әндерден де Күләш қабілетінің қарымдылығын аңғарасыз. Кең тынысты, жаныңды баурар сырлы сазы бар олардан өзге әндерге ұқасастық таппайсың. Апамыздың өз қолтаңбасы жазбай көрініп тұр. Бұған енді соңғы жылдары қаламынан туған «Әнім сенсің, туған жер», «Қиянат» тарихи деректі кітаптарын қоссаңыз, Күләш әлемі, оның айшықтылығы, сан алуандылығы тайға таңба басқандай таныла түседі.
Жетпіске келдім, бізді де егделіктің ауылы дендеді деп қарап отырған Күләш апамыз жоқ. Әлі де сол елдік істер жолындағы ширақ қимылы, тынымсыз жүріс-тұрысы. Ауданның маңызды деген бірде-бір қоғамдық жұмысынан қалып көрген емес. Сол бұрынғысынша мәдениет саласында да, ардагерлер кеңесінің жұмысында да ақыл қосар, кез-келген істі дөңгелетіп алып кетер басты тұлға осы Күләш Рақымжанова. Өз балаларын құтты орнына қондырып, қызық көріп отырған ардақты ана тұтастай жас ұрпақтың өнерлі, мәдениетті болуы жолында да көп толғанып, осыған белсене ат салысып жүрген жайы бар. Сосын да шығар, аудан көлемінде осы бір суырып салма ақын, жезтаңдай әнші, сырлы сазгердің шәкірттері мен ізбасарлары аз емес. Бұған қаламгерлігін қоссақ, Күләш апамыз шынында да осынау бір сұлу да ерен өңірге біткен өзінше бір құт. Сондықтан, сөз соңында әрбір атқан таң, шыққан күн бойыңызға қуат беріп, өзіңіз сүйген өнердегі биік белестерден әлі де жарқырап көріне беріңіз дегім келеді.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар