Алдағы жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізейік

Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдауға арналған Ақмола облыстық қоғамдық штабының ашылуы туралы облыстық қоғамдық штабының төрағасы, «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен брифинг болып өтті.

Брифинг жұмысына облыстық қоғамдық штаб мүшелері, аумақтық қоғамдық штаб төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Бүгін Сіздермен үлкен тарихи оқиғаның қарсаңында кездесіп отырмыз. Еліміздегі ең жоғарғы биліктің ауысу үдерісі қолға алынып, оның соңы президенттік сайлауға ұласып, алдағы 9 маусым күні біздің қоғам еліміздің жаңа Президентін сайлайтын болады. Осыған орай, бүгін облыстық қоғамдық штабтың ашылуы жөнінде арнайы брифинг ұйымдастыруды ұйғардық, – деген облыстық қоғамдық штабтың басшысы Ғалым Мәдешұлы сөзін одан әрі жалғады.
– Құрметті әріптестер! Еліміздің Тұңғыш Президенті, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 19 наурыз күні өз қызметін тоқтататыны туралы шешімінен кейін көп ұзамай жаңа президенттік сайлау белгіленгені баршамызға мәлім. Ал, 23 сәуірде партияның кезектен тыс XIX съезін өткізіп, онда Елбасының ұсынысымен партиямыздан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынылғанын да жақсы білесіздер.
Міне, осыдан кейін партия Төрағасы «Nur Otan» партиясына маңызды науқанға белсенді түрде қатысу жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында республикалық қоғамдық штаб ашылып өз жұмысын бастап кетті. Республикалық штаб жұмысына «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев төрағалық етіп, әр өңірде Президентікке үміткер кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлының қоғамдық штабтары ашылуда. Штаб өзінің жұмысын, Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңдарына сәйкес, 11 мамырдан ресми түрде бастайды.
Біздің партиямыздың еліміз бойынша 1 миллионнан астам мүшесі бар. Еліміздің барлық ірі қалалары мен облыс орталықтарынан бастап аудан орталықтарына дейін партия филиалдары тұрақты жұмыс жасап келеді. Филиалдардың нақты саны 247 болса, бастауыш ұйымдар саны 6 мыңға барады. Ал, Ақмола облысында 370 бастауыш партия ұйымына біріккен 47 мыңнан астам партия мүшесі бар. Сондай-ақ, елімізде 227 қоғамдық штаб құрылған. Оның 17-сі облыстық, 37-сі қалалық және 173-і аудандық деңгейде жұмыс істейді. Аймақтық және аумақтық штабтардың құрамы 5766 адаммен толықса, оның 1267-сі жастар қанатының өкілдері. Облыстық қоғамдық штаб құрамында 66 адам бар, оның 22-сі жастар. Біз сайлау кезінде осы ресурстардың бәрін іске қосып, науқанға тиімді пайдалана білуіміз керек. Бұл міндетті орындауға, республикалық қоғамдық штабтың жұмысына жан-жақты қолдау көрсетіп, заңмен рұқсат етілген барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тиіспіз. Бұл ретте өзіміздің бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, қазіргі таңдағы ең жедел де ауқымды сала болып отырған әлеуметтік желілер мен интернеттің мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға күш салғанымыз жөн, – деді Ғ.Бекмағамбетов.
Бүгінде «Nur Otan» партиясының алда өтетін Президент сайлауына сақадай-сай десек болады. Осылайша нұротандықтар бұл науқанда өзінің алға қойған мақсаттарын толық орындап шығатынына сенімді. Сондай-ақ, үгіт-насихат жұмыстарын тиімді, креативті және нәтижелі жүргізу жолында қолда бар мүмкіндіктер мен шаралардың барлығын іске қосатынын да жеткізді, облыстық штаб жұмысының төрағасы Ғалым Бекмағамбетов. Ал, облыстық штаб төрағасының орынбасарлары болып, облыстық аурухананың дәрігері, облыстық мәслихат депутаты Серік Аяғанов және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті облыстық партия филиалының саяси кеңесінің мүшесі Сағынтай Елубаев тағайындалды.
Брифингте ресми жиынға қатысқан партияластар атынан облыстық қоғамдық штаб мүшесі, «Көкшетау қаласы темір жол вокзалының басшысы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Роза Арыстанқызы, облыстық қоғамдық штабтың мүшесі, партия ардагері Владислав Станиславович Бочковский, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, химия ғылымдарының кандидаты, Ұлттық биотехнология орталығы Степногорск қалалық филиалының директоры Дархан Серікұлы Балпановтар сөз сөйледі.
Алдағы маңызды науқанға сәттілік тілеген брифинг жұмысы осылай аяқталды.

Асылай ҚадырҚызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар