Ескерткіштер – көне тарихтың айғағы

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлтымыздың тарихы, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап қана қоймай, бүгінгі таңда оны қайта жаңғырту, тарихи-мәдени мұралардың маңыздылығын арттырып, оларды сақтау мен қорғауды өскелең ұрпақ санасына сіңіру жолында жұмыла еңбек етуіміз қажеттігін атап көрсетті.

Нұр-Сұлтан қаласы Ақмола облысы аумағында орналасқандықтан, заманында Абылай хан ордасына айналған, шежіресі мол, құпия сырға толы бай мәдени ескерткіштері бар киелі Көкше жерінің тарихына деген қызығушылық жыл санап артып келеді.
Қазіргі таңда Ақмола облысының аумағында мемлекеттік қорғауға алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы саны 1594-ке жетті. Олардың 4-еуі республикалық маңызы бар, 1032-сі жергілікті және 558-і алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра объектілері. 10 объекті республикалық тізілімге, 33 объекті аймақтық киелі объектілер тізіліміне енгізілді. Олардың барлығы облысымыздың әр жерінде орналасқан қала құрылысы, сәулет және археологиялық ескерткіштер мен объектілерге бөлінеді. Солардың бірі Ақмола облысы Зеренді ауданының көркем аймағында орналасқан Қошқарбай шатқалы. Ландшафтық қатынаста шатқал Шағалалы өзенінің алабына жатқызылады. Қарсақ пен Айдарлы ауылдарының ортасындағы Шағалалы өзенінің алабы және оның оң жақ ағысы Қошқарбай табиғи-тарихи аймақ болып табылады. Бұл аймаққа 10 мың жыл бұрын, мезолит дәуірінен бастап қоныстанған. Әртүрлі және әр уақыттағы (мезолиттен орта ғасыр дәуіріне дейін) археологиялық ескерткіштер, көптеген кезеңдегі тұрақтар, жылдық қоныстар аймақты тұрақтаған халықтардың өткен тарихынан терең сыр шертеді. Осындай археологиялық қазба жұмыстардың бірі Қошқарбай шатқалы, Степногорск қаласына жақын орналасқан «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында және Сандықтау ауданының аумағында жүргізілді. Ұйымдастырылған археологиялық қазба жұмыстарына ғалымдар мен мамандардан басқа жоғары оқу орындарының студенттері мен орта
арнаулы оқу орындары оқушыларын қатыстыру өскелең ұрпақ үшін туған өлкенің тарихын көзбен көріп, оның мәні мен мазмұнын, қадір-қасиетін түсінуге зор мүмкіндіктер туғызды.
Орталықтың басты мақсаттарының бірі халықтың асыл қазынасы – мәдени мұраларды зерттеумен қатар, жас ұрпақты сол тарихи-мәдени мұраларды қорғауға, құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Осы орайда атап айтар болсақ, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 1 курс студенттері жыл бойы археологияны теориялық тәсілде оқып, маусым айында орталық мамандарының жетекшілігімен тәжірибеден өтеді. Сөйтіп, болашақ тарихшы мамандар қорғау-құтқару жұмыстарына шығады, нағыз археологтар сияқты, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорымына тапсырылатын жәдігерлерді анықтайды. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, 2005 жылдан бастап 90 археологиялық ескерткіш сақталды. Анықталған жәдігерлердің арасында қола айна, алқа, жебе және найза ұштары, пышақтар мен крестер, алтын әшекейлер, сүйек тескіштер, қыш ыдыстар және тағы басқа құнды жәдігерлер бар.
Осылайша зор ізденістерге толы үш жылдық еңбектің және аудан бойынша барлау экспедициясының нәтижесінде 2008 жылы «Ақмола облысының тарихи-мәдени мұрасының жинағы» атты кітабы жарық көрді. Қазіргі таңда облыста зерттеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Орталық мамандарының айтуынша, археологиялық ескерткіштердің саны жылдан-жылға өсуде. Бурабай, Еңбекшілдер, Ерейментау, Зеренді, Сандықтау аудандарында қоныстар, жерлеу орындары, қорғандар орналасқан. Олардың ішіндегі қызықтыратындары Ерейментау ауданындағы Торғай ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым қашықтықта орналасқан түріктердің діни кешені – Қосбатыр. Бұл екі тас қоршау мен балбалдардан тұратын діни құрылыс. Қазіргі таңда орталықтың алдындағы ең өзекті мәселе мен басты міндет – археологиялық қазба жұмыстары мен жәдігерлер табу ғана емес, оларды қорғап, құтқару. Себебі, Ақмола жерінде ежелден өмір сүрген халықтардың куәгерлері кейбір тарихи-мәдени ескерткіштер табиғи және антропологиялық факторлар әсерінен жойылды және жойылып жатыр. Зерттеу және қорғауға алу мақсатында қазба жұмыстары жер бетінен жойылу үстінде тұрған ескерткіштерге ғана жүргізіледі. Сондықтан, маусым сайын, қорғау-құтқару жұмыстары барысында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы археологиялық экспедицияға шығады. Зерттелген ескерткіштер мен нысандардың координаттары орталықтың көрсеткіш базасына енгізіліп, қорғауға алынады. Орталықтың көрсеткіштер базасына енген облыс аумағындағы алты ауданның ескерткіштерінің техникалық жағдайлары үш жылда бір рет тексеріліп отырады.
Орталық құрылғалы жұмыстың басты өзекті мәселесі мен мақсаты тарих және мәдениет ескерткіштерін мемлекеттік қорғауға алуды қамтамасыз ету, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қалпына келтіру, қорғап, пайдалану, насихаттау және консервациялау, есеп бойынша жұмыстарды үйлестіру болып саналады. Қазіргі таңда орталық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Қасиетті география» базалық бағыты бойынша іс-шараларды жүзеге асыру, заң жүзіндегі тәртіппен белгіленген тарих және мәдениет ескерткіштерін мемлекеттік қорғауға алу бойынша ұсыныстар дайындау, Ақмола облысы тарихи-мәдени объектілерінің техникалық жағдайын қадағалауды жүзеге асыру, археология ескерткіштерінде қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізу, жер учаскілерін бөлгенде тарихи-мәдени мұра объектілерін айқындау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарихи-мәдени мұраны насихаттау бойынша акция мен семинарлар өткізу, Көкшетау қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерінің техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, орталық қызметкерлері мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары студенттерімен қала ескерткіштері алдында ұдайы акция, семинар, дөңгелек үстелдер өткізіп қана қоймай, тарихи-мәдени ескерткіштердің мәні мен мазмұны туралы дәріс оқиды. Атқарылған жұмыстар бойынша бұқаралық баспасөз беттерінде ұдайы ақпараттар жарияланып отырады.
Сонымен қатар, Ақмола облысының киелі объектілері туралы қолжетімді ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында «Ескерткіштер сыр шертеді» атты Ақмола облыстық акциясы ұйымдастырылды. Әртүрлі салада ақпараттық технологияны енгізу, компьютерлік ресурстарды, Ақмола облысының тарихи және мәдени ескерткіштерін цифрлау бойынша «Ескерткіштер сыр шертеді» атты жобаның негізгі арқауы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың мәдени-тарихи ескерткіштері туралы қала және облыс тұрғындары мен туристер үшін заманауи технологияның көмегі арқылы қолжетімді ақпараттар алуға мүмкіндік жасау. Металдан жасалған кестелер әлдеқайда берік болып келеді, ал, бағдарламаның іске қосылуы халыққа аймақтың тарихи және мәдени мұрасымен танысуына мүмкіндік туғызады. Өйткені, мобильді құрылғыға объектідегі QR кодқа қойса болғаны, қажетті ақпарат онлайн-режимде жүктеледі.
QR кодтың артықшылығы мынада. Негізгі тарихи мәлімет мәтін түрінде жазылып, одан басқа тарихи тұлға және оқиға туралы деректі фильм көрсету бағдарламаға енгізілген. Аталмыш жоба тек қана қонақтар мен туристерге ғана емес, сондай-ақ, танымдық жағынан өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін қызықты және қажет болып саналады. Нақты айтар болсақ, Ақмола облысының 1032 тарих және мәдениет ескерткіштері арасынан 20 киелі объекті QR коды арқылы шифрланды. Бұл аса маңызды табиғи және тарихи-мәдени объектілер Бурабай кентіндегі Абылай хан алаңы, Ерейментау ауданындағы XVIII ғасырдың қолбасшысы, қазақ әскери өнер мектебінің негізін салушы Бөгенбай батырдың ескерткіші, Атбасар қаласындағы танымал жерлес жазушы Ілияс Есенберлиннің ескерткіші, Көкшетау қаласындағы Абылай хан ескерткіші, Ақан сері, Біржан сал, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес Одағының батырлары Т.Бигелдинов және М.Ғабдуллин ескерткіштері.
Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы сәулет-өнер ескерткіштері болып саналатын қала тарихы музей ғимаратына, «Юность» кинотеатры ғимаратына да QR коды орнатылды.
Болашақта Ақмола облысының басқа да тарихи және мәдени объектілеріне код беру жұмысы жоспарланып отыр. Бұл «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты аясында аймақтың бар тарихи және мәдени мұрасын одан әрі танытуға мүмкіндік туғызады. Еліміздің түкпір- түкпірінде талай ғасырдың куәсі болған тарихи-мәдени ескерткіштер қаншама. Қазіргі таңда осындай игі істерді атқару жұмыстары алдағы уақытта да басты жоспарда. Орталықтың алдында осындай сан қырлы жұмыстарды атқару бағытында үлкен жауапкершілік тұр. Қазақ халқының тарихы қойнауында талай оқиғаға куә болған ескерткіштер әлі қаншама.
Өткен тарих – келешектің болжамы мен бағдары. Өткенді білмей, келешекті болжай алмайтынымыз да рас. Осындай игі істерді жүзеге асыру мақсатында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Жастар жылына орай, Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне байланысты «Ақмола өңірі – киелі жерлер мекені» атты республикалық жастар форумын ұйымдастырды. Форумның басты мақсаты – жас ұрпақты тарихымызды, мәдениетімізді құрметтей білетін, қазақ халқы үшін мәңгілік рухани мұра қалдырған ұлы тұлғалардың, ата-бабамыздың ісін одан әрі жалғастыра алатын, ұлттық рухтағы жастарды тәрбиелеу. Форум аясында Ерейментау ауданының қазіргі саяси-әкімшілік аумағына кіретін 14 ауылдық округі мен ауылдары бойынша жалпы саны 199 ескерткіш нысаны тізімделген, фото, сызба және ақпараттық мәліметтер топтамасы ретінде ұсынылған, тарих және мәдениет ескерткіштері жинағының тұсаукесері болып өтті. Сонымен қатар, Ақан сері мен Біржан сал ескерткіштерінің алдында колледж оқушыларымен «Тарих. Тұлға. Тағылым» атты акция өткізілді. Ал, «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласып, жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
Қазіргі таңда жас ұрпақты ата-бабадан қалған аманат, ғасырлар куәсі болған ескерткіштерді қорғаумен қатар, олардың тарихын тереңнен білуге, құрметтеуге тәрбиелеу жалпыға ортақ міндет екені рас. Ұшы-қиыры жоқ ұлы даланың сай-саласын, тау-тасын, бетегелі биік белестерін дүбірлеген ат тұяғымен басып, батыр да, патша да, қара халық та өткен қазақ жері – тұнған тарих, тұңғиық шежіре, асыл қазына. Елді мекендердегі ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралауға мүмкіндік беретін маңызды белгі.
Бүгінгі күні тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының алдында келешек ұрпақ үшін осындай асыл қазына, құнды мұраларды қорғап, насихаттау, оның тарих беттерінен жойылып кетпеуіне күш салу жауапкершілігі тұрғаны рас. Елдің ертеңі үшін еңбек ету, ұлттың ұлы мұрасын сақтау, оларды насихаттау барша қазақ халқының әрбір азаматының басты парызы болып қала бермекші.

Берік САПАНОВ,
Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау
және пайдалану орталығының директоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар