Құрттың құрамында адамның денсаулығына пайдалы дәрумендер өте көп

Олай болса, қазақтың ұлттық тағамы құрттың қалай жасалатынын, қандай түрлері болатынын және денсаулыққа пайдасы мол екеніне тағы бір тоқталып көрейік.

Құрт – кептірілген сүт өнімі. Оның құрамында кальций, А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері бар. Құрт – ақуызға бай, құнарлы тағам.
Оның бірнеше түрлері бар.
Жас құрт – жайғанына бір-екі күн ғана болған, әлі толық кеуіп үлгермеген құрт. Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде шаймен бірге дастарханға қояды.
Көбік – қайнап жатқан құрттың қалқып алынған беті. Майлы, кенеулі ас ретінде жас балаларға, қарттарға қалқып беру салт болған. Ол майлы болады.
Ыстық құрт – қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем.
Сықпа құрт – қайнатқан құрттан айырмашылығы, ашыған айранды қапқа құйып сүзіп тұздайды. Кейін әртүрлі формада бөлшектеп, сөреде кептіреді.
Малта – езілген құрттың түйіршіктері. Ол жұмсақ болып келеді. Ұзақ сапарларда ауызға салып суын жұтқан кезде әрі сусын, әрі қорек болған.
Езген құрт – сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосуға немесе сусын дайындауға арналған құрт ұнтағы. Ақ малта құрт – езген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол – өте жұғымды және тез сіңетін тағам, сусын ретінде пайдаланылады.
Ұнтақ құрт – арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.
Құрт-май – сары майға батырып жейтін құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындыларын «құрт-май» деп те атайды.
Құрт қалай жасалады?
«Сиырдың сүтін сауғаннан кейін шелектің немесе ыдыс бетіне екі қабат дәкені қойып, сүтті сүзіп аламыз. Кейін оны пісіреміз. Сүт сәл суыған кезде оның үстіне айранның ұйытқысын құямыз. Осыдан соң сүтті сапырып, ыдыстың бетін жауып, жылы жерге қойып ұйытамыз. 5-6 сағаттан соң, ол айран болады. Оны келесі ыдысқа құйып, сапырып қайнатамыз. Сары суы сарқылғанда құртымыз қою болады. Осылайша, құртты аламыз, қайнатылған қою құртты сүзу керек. Кейін оны қапқа салып, аузын қатты байлап, іліп қоясыз. Оның суы ағып, құрғайды. Осыдан соң, құртты қандай пішінде жасағың келсе, сондай пішінде жасайсың. Құртқа тұз, қант қосамын десеңіз өз еркіңіз. Оны әр адам өз қалауынша жасайды. Бұл – майы алынбаған құрт. Ол – дәруменге өте бай, әрі жұмсақ, денсаулыққа да пайдасы зор.
Майы алынған құрт
Бұрын әжелерімізден естіп-білетініміздей, сүтті сепараторға тарту арқылы оның майын жеке бөліп алады. Ал, майы жоқ сүттен жоғарыдағы әдіспен құрт жасауға да болады. Бірақ, мұндай майы алынған құртта дәрумендар аз, әрі қатты болады.
Бәрімізде кітаптардан оқып, білгеніміздей, құрттың көшпенді қазақ өмірінде маңызды рөл атқарғанын байқаймыз. Құрттың энергетикалық құндылығы өте жоғары. Сондықтан, оны жорықтарда, аң аулау барысында, ұзақ сапарда, көште азық ретінде пайдаланған. Ол алып жүруге де өте ыңғайлы. Малта құрт шөлдеген адамға сусын да болған.
Ғылымда дәлелденгендей, құрттың адам ағзасындағы керексіз майларды ыдырататын қасиеті бар екен. Адамда қанның қою болуы немесе қандағы май мөлшерінің артып кетуі жиі кездеседі. Оны ыдырататын заттар әдетте қымызда, саумал мен ірімшіктің сарысуында және құртта болады екен. Міне, құрттың денсаулыққа пайдасы осындай.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар