Есірткі бизнесімен күрес – полиция департаментінің жіті назарында

Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бауыржан Әленов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып, БАҚ өкілдеріне облыс аумағында есірткі бизнесі мен есірткі таратуға қарсы ішкі істер органдарында атқарылып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берді.
Жыл басынан бері облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қатысты 69 заңбұзушылықты анықтаған. Заңсыз айналымнан барлығы 425 келі есірткі заттары тәркіленген. Мәселен, үстіміздегі жылдың ақпанында Көкшетау қаласында арнайы жедел операция жүргізу кезінде облыс аумағында аса ірі көлемде есірткі жеткізумен және сатумен айналысқан Нұр-Сұлтан қаласының және Жамбыл облысының екі тұрғыны ұсталып, олардан 25 келіден астам гашиш тәркіленіпті. Заңды бұзған ол екеуі ұзақ мерзімге қамауға алынды.
–Сондай-ақ, биыл Степногорск қаласының аумағында каннабис тектес есірткі заттарын сатумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бірер күн бұрын облысымыздың астанаға іргелес аумағында есірткі сатумен айналысқан Ақкөл және Шортанды аудандарының екі тұрғыны ұсталды. Біздің ведомствоға есірткі заттарының заңды айналымына бақылау жасау міндеті де жүктелген. Осылайша, жыл басынан бері медицина қызметкерлерінің есірткі заттары, психотроптық заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзудың екі фактісі анықталды, – дей келе, Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Әленов көлікті масаю күйінде басқарған 154 жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, оның басым көпшілігіне үш жылға дейінгі мерзімге жүргізуші куәлігінен асыру туралы жаза тағайындалғанын айтты.
Департамент бастығы келтірген мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары дәстүрлі есірткіні синтетикалық және аскөк нәрінің тұқымынан химиялық реакция жасау жолымен үй жағдайында дайындалатын есірткіге алмастыру фактілері көптеп кездесетін көрінеді. Есірткінің бұл түрін пайдаланған адам екі жыл ішінде өлімге душар болады. Сонымен қатар, олар клиникалық тұрғыда психиканың бұзылуына, шизофренияға, тіпті суицидке әкеп соқтырады. Биыл экстракциялық опий дайындаудың және сатудың 19 фактісі, синтетикалық есірткі сатудың 17 фактісі анықталыпты.
Синтетикалық есірткі сатушылары да жауапкершілікке тартылатынын ескерте кетейік. Биылғы жылдың 5 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы Қаулысы күшіне еніп, соған сәйкес республика аумағында бақылануға тиіс есірткі заттары, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімі кеңейтілді. Және де бақылануы тиіс есірткі заттарының тізіміне де өзгерістер енгізілді.
Өз сөзінде департамент бастығының орынбасары бүгінгі таңда есірткіні ғаламтор сайттары арқылы саудалау белең алғаны, бүгінде 21 сайттың жұмысы бұғатталғаны жөнінде, басқа да алдын алу шаралары жайлы да тоқталып өтті. Биылғы жылдың 1 қаңтарына дейін наркологиялық орталықтың есебінде 545 адам тұрса, қазіргі уақытта есепте тұрғандардың саны 531 адамды құрап отыр.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар