Инвестиция көлемі арта түсті

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен үшінші тоқсанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кезекті аппарат отырысы болып өтті.

Отырыста Ақмола облысында 2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов және облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту бойынша қабылданған шаралар туралы облыстық әкімдіктің мемлекеттік қызметтерді көрсетуді талдау бөлімінің бастығы Данагүл Жұмабек хабарлама жасады.
Индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлардың экспортын ұлғайтуға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру.
Осы орайда, сегіз айдың қорытындысы бо-йынша хабарлама жасаған Е. А.Оспанов:
– Бағдарламаны іске асыру қарқынды жүргізілуде. Өндіріс құрылымы 70 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция-лар көлемі де артты. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындылары бойынша өнеркәсіп көлемінің көрсеткіштері 102,9 миллиард теңгені құрады. 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 485 миллион теңге болды. Индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында өңір үшін 3 нысаналы индикатор қарастырылған.
Өнеркәсіп өндірісінің, өңделген өнім экспортының көлемдері, өңдеуші өнеркәсіптің барлық саласы бойынша еңбек өнімділігі, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі қорларына салынған инвестициялар көлемі орындалады деп күтілуде, – деді өз сөзінде. Сондай-ақ, облыста индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы аясында 9,3 миллиард теңгенің 5 жобасы енгізіліп, 434 жұмыс орны ашылған.
Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 102 жоба қолға алынған. Жобаның қамтылуына келсек, өңірімізде Көкшетау, Степногорск қалалары мен Целиноград ауданы көш бастап тұр. Сондай-ақ, Біржан сал ауданындағы цемент зауыты, Макинск құс фабрикасының бірінші кезегі, Көкшетаудағы Қазақстан-Беларусь өндірістік-технологиялық паркі және басқалары. Бүгінгі таңда 83 жоба жүзеге асырылды. Нақтырақ айтар болсақ, ағымдағы жылы Индустрияландыру картасына енгізілген кәсіпорындар жалпы өнеркәсіп өнімінің 58 пайыздан астамын өндіреді. Олардың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 65 пайызды құрады. Нарыққа шығарылатын өнім көлемі мен негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өсті.
Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев
аудандар мен қалалардың әкімдеріне жаңа жобаларды аймақтық картаға енгізу бойынша жұмыстарды жандандыруды және іске қосылған кәсіпорындардың өндірістік қуаттылықтарын жүктеу мәселелерін бақылауды тапсырды.
– Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру 80 пайызды құрайды. Ағымдағы жылдың 8 айында облыстың атқарушы органдары 3 миллионнан астам қызмет көрсетті. Жергілікті билік органдары көрсететін 192 қызмет түрінің 118-і ақпараттық жүйелер арқылы көрсетіледі. Мысалы, «Akmola.kz» ақпараттық жүйесі арқылы мектепке дейінгі және мектептегі білім беру саласында 3864 бала кезекке тұрды, 9024 бағыт шығарылды, бірінші сыныпқа 7604 оқушы қабылданды. Оқушылардың санына және жынысына қарай сабақтарға автоматты түрде бөлу үшін тағы бір жаңа модуль пайда болды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша «Ақмола – адалдық алаңы» жобасын іске асыру аясында «OpenSpace» ашық кеңістік форматына көшумен мемлекеттік органдардың ғимараттарын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда трансформация Степногорск қаласы мен Ақкөл және Астрахан аудандарының әкімдіктерінде жүргізілді. Жақын уақытта Көкшетау қаласының әкімдігі де кедергісіз жұмысқа көшуді жоспарлап отыр. Бұдан былай Көкшетау қалалық әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында тұрғындардың өтініш-тілектерін қабылдауға ыңғайлы жағдай жасалатын болады. Мұндай мүмкіндік халыққа қызмет көрсету орталығында және басқа да департаменттерде жалғасады. Сегіз айдың ішінде қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 289 іс-шара өткізіліп, БАҚ-тарда 725 мақала жарияланса, әлеуметтік желілерде 402 материал орналастырылды. Сондай-ақ, 221 мемлекеттік жәрмеңке өткізілді, – деді өз хабарламасында Данагүл Жұмабек.
Аппарат отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті жағдайларды жасау, оларды заманауи компьютерлік техникамен қамтамасыз ету және заң талаптарын мүлтіксіз орындау бойынша тапсырмалар берді. Сонымен қатар, бірқатар департамент басшыларын орындарынан тұрғызып, ағымдағы жылдың үшінші тоқсаны да аяқталып қалғанын, соған орай, қалған уақытты ұтымды пайдаланып, атқарылуға тиісті жұмыстарды жеделдету керектігін тапсырды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар