Сарыарқаны сазды әуенімен тербеткен…

Алтайдың ар жағынан келіп, Көкшенің көк аспанын әсем әуенмен тербеп, дарабоз дарынымен елді тәнті етіп жүрген жезтаңдай әншілеріміздің бірі – Төкен Ілияс.

Ол 1954 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында дүниеге келген. Бала күнінен атасы мен әжесінің тәлім-тәрбиесін көріп, әсерлі әңгімелерін тыңдап өседі. 1962 жылы Алақақ ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Мектепте оқу қазақ тілінде жүргізілген еді. Ол сонымен қатар, қытай тілін де меңгерді. Жастайынан әнге құмар болып өсті. Мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатын. Тас бұлақтың суындай сыңғырлаған табиғи таза дауыс иесі өз өнеріне көпшілікті тәнті етіп жүрді. Сол кезден бастап, көрермендердің ыстық ықыласына бөлене бастады. Иә шынында да, өнер қиясына өрлеген жанның өресі кең, талпынар тұғыры биік болатыны рас.
1975-1978 жылдары әскер қатарына шақырылған. Содан соң, Пекин өнер ордасына оқуға түседі. 1982 жылы Алтайға қайтып оралады. Осы уақытта ол көптеген тәжірибе жинақтайды. 1987 жылы Алтай аймақтық партия мектебіне жолдама алады. Ол кезде жолдама алу қиынның қиыны. Бұл мектепте 17 пәннен дәріс оқылатын. Қалай дегенмен де жастайынан өнер мен білімге құштар жан абырой биігінен көрініп, 1989 жылы партия мектебін үздік бітіріп, аймақтық мәдениет басқармасының арнайы шақыру қағазы бойынша жұмысқа орналасып, аймақтық-бұқаралық мәдениет бөлімінің бастығы болып қызметке орналасады. Ел ішінде сан алуан қызметтің тізгінін ұстап, игілікті істердің басы-қасында жүрді. Тынымсыз еңбегінің арқасында Төкен Ілияс 30 жылдық еңбек өтілімен 2000 жылы зейнеткер атанды. Осылайша 2002 жылы тарихи Отаны Қазақстанға оралып, Зерендіге қоныс аударды.
Жаңа жылға бірер күн қалғанда келген Төкен Ілиясты Зеренді аудандық мәдениет бөлімінің басшылары елге Қытайдан әйгілі әнші келгенін естіп, жаңа жылдық кешке ешбір дайындықсыз қосты. Сол бір концертте-ақ, Төкен Ілиястың есімі жұртшылыққа таныла бастайды. Оңтүстік Қазақстан облысында өткізілген оралмандардың мәдени-этнографиялық фестивалі аясындағы халық әндерін орындаушылардың халықаралық байқауында да топ жарды. «Астананың гүлденуі – Қазақстанның өркендеуі» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауында да үздік өнерін ел таныды. «Өнермен өрнектелген тәуелсіз Қазақстан» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауында, «Өнер – халық қазынасы», «Ата-мұраң – асыл қазынаң» облыстық байқауларында да жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, «Қытай елінің қазіргі заманғы өнер саласындағы әйгілі адамдары» атты алтын кітаптан да есімі орын алған. Жалғыз әншілігі ғана емес бойындағы адами асыл қасиеттері де жұртқа үлгі боларлықтай. Жаратқан ие бір бойына кең пейіл де, иірімді инабат та, пайымды парасат та сыйлаған. Төкең дархан көңілді, кең пейілді, жібек мінезді, ағынан жарылып, әңгіме айтып, ақтарыла асқақ ән шырқайтын, ақтарлан әнші. Сөйлеген сөзі, аңқылдаған ақ пейілі, көпшілдігі, ашықтығы кез-келген адамды өзіне баурамай қоймайды.
Бүгінде Төкен Ілияс Көкше халқының ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздардың қатарында. Әрбір әнді өзіндік мәнерімен ерекшелеп, жаңа бір қырынан аша білетін әнші тыңдарманын тебірендіріп, рухтандыра біледі. Ендеше, Сарыарқаны сазды әуенімен тербеп жүрген айтулы әншіге шалқар шабыт тілейміз біз де.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *