Жер заңнамасының сақталуы әрдайым бақылауда болады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде өңірде жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар сараланып, қоғамдық-саяси ахуал және Тәуелсіздік күніне дайындық шаралары пысықталды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Көкшетау қаласының әкімі, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңесте облыс әкімі алдымен жиналғандарға жақында тағайындалған Ақмола облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Алмат Фазылды таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан әрі, күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ерғали Шорин игерілмей жатқан жерлерді қайтару, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді. Оның айтуынша, басқарма тарапынан жыл басынан бері жеке және заңды тұлғаларға, мемлекеттік органдарға 2559,23 гектар жерге қатысты 411 тексеру жүргізіп, 2463,89 гектар жерде жер заңнамасы нормаларының 354 бұзушылығын анықтаған. Осы ретте, Бурабай, Бұланды, Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау, Аршалы, Шортанды, Зеренді және Біржан сал аудандары мен Көкшетау қалаларында жер телімдерін пайдалануға беруде, тұрғындардың өтініштерін қарауда жер заңнамасы нормаларының
талаптары сақталмайтыны анықталды.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірде жерді пайдалану бағытындағы жұмыстардың әлі де ақсап тұрғандығын айтты. Сондай-ақ, жүйелі жұмыстардың орындалмай жатқандығын сынға алды. Сол себепті, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтап, мемлекет меншігіне қайтару, жер салығының түсімін қамтамасыз ету жұмыстарын ширатуды тапсырды.
Сонымен қатар, жиында қоғамдық-саяси ахуал және Тәуелсіздік күні мерекесін ойдағыдай өткізуге арналған дайындық жұмыстары туралы облыстық ішкі сая-сат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова айтып берді. Басқарма басшысының айтқанына қарағанда, облыстық және өңірлік деңгейлерде әртүрлі бағытта консультативті-кеңесші органдар жұмыс істейді. Қазіргі кезде облыста қоғамдық саяси ахуал тұрақты. Кәсіпорындарда жалақының кешіктірілуі, жер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, үлескерлер жағдайы мен жекеменшік нысандардың құрылысы сияқты бірқатар мәселелер орын алып отыр. Олардың барлығы құзырлы органдардың бақылауында және біртіндеп шешілуде.
Еліміздің басты ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай бірқатар шаралар өткізіп, мыңдаған адамды қамту межеленіп отыр. Мерекелік шаралардың арасында «Қазақстанның білімпаздары» интеллектуалды байқауы, «Алып Елім – Алашым» әдеби-музыкалық композициясы, «Менің дауысым – бұқараның өз үні» атты ақындардың республикалық айтысы сияқты мәдени-көпшілік шаралары бар. Оның қорытындысында салтанатты жиын өткізіліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан адамдар мемлекеттік наградалармен марапатталатын болады.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар басшылар өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша түсініктеме беріп, кейбір түйткілді мәселелерді шешу жолдары туралы ұсыныстарын айтты. Облыс басшысы жауапты басшыларға алға қойған міндеттерін басшылыққа алып, оны орындау бойынша нақытылы тапсырмалар берді. Аппарат кеңесінде айтылған барлық міндеттер мен тапсырмалар облыс әкімдігінің бақылауына алынатын болды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар