Жанға жайлы қуаныш

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңында жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жақсылық, бақыт тіледі. Әкім тұрғын үй салымшыларына 85 пәтердің кілттерін, аудандық және қалалық полиция бөлімдеріне су жаңа бес «УАЗ», мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Инватакси» автокөліктерін тапсырды.

Облыс басшысы шараға жиналғандарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, облысымыз үшін өтіп бара жатқан жылдың табысты аяқталғанын атап өтті.
– Баршаңызды келе жатқан 2020 жылмен құттықтаймын! Дәстүр бойынша, жыл тоғысында біз тарих беттерінде қалатын өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге перспективалық жос-парлар белгілейміз. Өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері біршама жақсы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың бас-пана мәселесін шешу қажеттігіне ұдайы назар аударып келеді. Осы бағытта қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар облыс аумағында байыптылықпен жүзеге асырылып, көптеген тұрғындар пәтерлі болып, қуанышқа кенелуде. Оған «Нұрлы жол», «Қолжетімді
баспана-2020», «Өңірлерді дамыту-2020» тәрізді бағдарламалар аясында бүгінгі жаңа пәтерлердің баспанаға мұқтаж жандарға берілуі айқын дәлел. Бұл бағытта Ақмола өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Тұрғын үй құрылысы одан әрі жанданды. Соңғы үш жылдың ішінде облыс бойынша барлығы 131 тұрғын үй немесе 131 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Биылғы жылдың басынан бері Көкшетау қаласында ғана 350 пәтер пайдалануға берілді. Бүгін міне, бұған тағы да 85 пәтерді беріп отырмыз. Келесі жылдағы айтулы оқиғалардың бірі – Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумы болмақ. Бұл шара облысымыздың келешекте одан әрі кемелденіп, дами түсуіне жол ашады. Мемлекетіміз үшін маңызы зор мерейлі жылды ақмолалықтар жаңа еңбек жетістіктерімен қарсы алып, еліміз бен облысымыздың одан әрі дамуына лайықты үлестерін қосады деген сенімдемін, – дей келе, Ермек Маржықпаев Сарыарқа шағын ауданында салынған жаңа екі тұрғын үйдегі 85 пәтердің кілті мен жаңажылдық сыйлықтарды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына тапсырды.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында баспаналы болған қуаныш иелерінің арасында ұзақ уақыт пәтер кезегінде тұрғандар да бар.
– Көптен бері армандап жүрген пәтеріме бүгін қол жеткізіп отырмын. Осы қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес. Игі істің басында жүріп, қуанышымызға ортақтасып жатқан баршаңызға алғысым шексіз, – деді жаңа пәтердің иесі Сәуле Ыбыраева.
Сонымен қатар, бұл күні облысымыздағы бірқатар аудандық және қалалық полиция бөлімдеріне су жаңа бес «УАЗ» көлігі, Бурабай ауданындағы «Бурабай мейірім» қоғамдық бірлестігіне мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Инватакси» көлігі тапсырылды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар