Салт атты экспедиция бабалар ізімен жүріп өтті

Халқымыздың атқа міну дәстүрін дәріптеу – «Ат-TRAVEL» клубы салт атты экспедициясының басты мақсаты. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Бұқар жырау мұрасы» салт атты экспедициясы бұл жолы Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қаныш Сәтбаев ауылынан 60 шақырым жол жүріп, Семізбұғы, Қараащы өңірінде жатқан Далба тауының етегіне дейін жетіп, «Көмекей әулие» атанған Бұхар жырау Қалқаманұлы кесенесіне ат басын тіреді.

Атты экспедицияға салт атқа мінудің қыр-сырын жіті білетін тәжірибелі шабандоздар, құсбегілер, журналистер, тревел-блогерлер, фотосуретке және туроператорлар қатысты. Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстарынан жиналған салт аттылар Бұхар жыраудың кесенесінде абыздың рухына құран бағыштап, Бұхар жырау мұражай кешенінде арнайы ас берілді. Мен де Целиноград ауданының туын ұстап, атқа қонып осы экспедицияға қатысып қайттым. Еліміздегі қасиетті жерлерге кешегі бабалардың ізімен барып, батырларымыздың ат тұяғы тиген мекендерді салт атпен жүріп өтудің өзі мен үшін зор ғанибет, ұлан-ғайыр қасиетті жеріміздің әр тау-тасы тұнған тарих екенін ұғына түстім. Өскелең ұрпақ үшін отаншылдықтың өнегесін көрсетер аталмыш экспедицияны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Ұлттық құндылығымызды ұлықтап, атқа міну мәдениетін насихаттап, қасиетті жерлерге барып, тағзым етуде клуб жетекшісі Берік Ақылбеков, «Арғымақ.кз» сайтының жетекшісі, журналист Ержан Жаубай ағалардың үлесі зор. Ауданымызда алғашқы сапарым Тайтөбе-Нияз би кесенесі мен Қабанбай батыр кесенесі маршруттары болса, енді міне, ол Абылай ханның кеңесшісі болған Бұхар жырау кесенесіне дейінгі маршрутпен жалғасты.
Ағымдағы жылы алдымызда Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында ұлы экспедиция күтіп тұр. Бұл – Қарқаралы-Жидебай маршруты.
Экспедицияның келесі күні «Ат-TRAVEL» клубының мүшесі, Қ.Сәтбаев ауылындағы Шадыра мектебінің директоры Төлеген Қанатұлы Ахаевтың ұйымдастыруымен Қ.Сәтбаев ауылында мектеп оқушылары мен ауыл жастары арасында ұлттық ат спорты ойындары көрініс тапты. Шара салт атты сапарымыздың ең жас қатысушысы, 12 жастағы Нұрбол Амангелдіұлы бастаған ауыл балаларының жабағы тай шеруімен басталды. Одан әрі жиналған қауым жабағы жарыс, теңге алу сайыстарын, Баянауыл өңірінің бүркітшілері мен асау үйретушілердің өнерін тамашалады. «Ат-TRAVEL» клубының жетекшісі Берік Ақылбеков:
– «Экспедициясының мақсаты атқа міну мәдениетін насихаттап, Қазақстанда ат туризмін дамыту. Шара барысында қатысушылар қызықты, киелі мекендерге тоқтайды. Экспедиция нәтижесінде атты туризмді белсенді дамыту үшін қолдануға болатын бағыттар анықталады. Бұл шаралар ұлттық ат спортын
насихаттап, жаңа туристік бағыттарды жасау және туған жерімізді зерттеуге ықпал етеді. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото және бейне көріністер жасақталмақ. Сондай-ақ, иллюстрацияланған жолнұсқа да жасалатын болады», – дейді.
Түйіндей келгенде, сапардың басты мақсаты – ту ұстаған кешегі салт атты батырлардың, жауынгердің бейнесі қазақ елінің мәдени ерекшелігі екенін ұғындырып, бабалар рухына, қасиетті жерлерге тағзым етуді жастарға
насихаттау. Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен ұлттық рухты қалыптастыру. Бұхар жыраудың мұрасы – өшпес қазына. Жыраулық поэзияның көрнекті өкілі – ақпа-төкпе жыр нөсері Бұқар жырау Қалқаманұлы қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресін жырлады, халықты бірлікке, ерлікке шақырды, осы күрестің ерлері – Бөгенбай, Қабанбай, Жəнібек батырларды жырына қосты. Бір айта кетерлігі, Бұқар жырау Қалқаманұлы ұзақ жасаған ғұмырында қазақты билеген тоғыз ханға кеңесші болған. Бұл да бір біле жүретін дерек.
Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар