Талапты орындамағандар заң алдында жауап береді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде коронавирусқа байланысты елімізде енгізілген төтенше жағдай талаптарының сақталуы жөнінде брифинг өтті.

Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина қазіргі таңда әлемдегі эпидемиологиялық жағдай күн санап ушығып бара жатқанын айтты. Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 246 775 адамға жеткен. 8 мыңға жуық адам осы індет салдарынан көз жұмған. Қытай Халық Республикасынан бөлек, коронавирустың ең көп жағдайы Италия мен Испанияда тіркеліп отыр.
–Елімізде де эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. 20 наурызға дейін Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған 25 адам, Алматы қаласында 22 және Қарағанды қаласында 2 адам анықталды. 22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылып, сырттан барлық байланыстар тоқтатылды, – деген департамент басшысы Айнагүл Советқызы облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ретінде бұдан бұрын қабылданған осы тақылеттес қаулылар негізінде коронавирустың келуін және таралуын болдырмау шараларын күшейту жөнінде қосымша қаулы қабылдағанын айтты.
Бұл қаулыға сәйкес наурыздың 20-сынан бастап облысымыздағы барлық санаторлық-курорттық нысандар, ірі ойын-сауда орындары, балалар ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Басқа кішігірім сауда орындары жұмысын жалғастыра береді. Алайда, олардың барлығы санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң ұстануға тиіс. Яғни, ғимараттың іші арнайы дезинфекциялық құралдармен кемінде екі рет тазартылып, желдетіліп отыруы қажет.
Ал, сатушыларға маскамен және қолғаптарда жұмыс істеу, тұмау белгілері бар сатушыларды жұмыстан босату, сондай-ақ, сауда орындарында ұзын-сонар кезек қалыптастырмау талабы қойылып отыр.Сондай-ақ, наурыздың 26-сынан бастап балабақшалар да уақытша жабылады. Департамент басшысы облыс тұрғындарына адам көп жиналатын орындарға бармауға, жиын-тойларды кейінге шегере тұруға кеңес берді. Төтенше жағдай талаптарын бұзғандар заңмен жауапқа тартылады.
–Барлық медициналық мекемелерде де карантин енгізілді. Тұмау белгілері бар тұрғындар бірден емханаларға бармай, үйден ем-дом алу үшін жедел жәрдем бригадасы көбейтіледі. Сондай-ақ, еңбекке уақытша жарамсыздық қағазын онлайн түрде рәсімдеу мәселесі қарастырылуда. Бүгінде Қытайда коронавирус жұқпасының таралуын тоқтатқан шаралардың бірі – адамның өзін-өзі оқшаулауы, жеке басының гигиенасын сақтауы. Италия туралы айтсақ, олар бұл ережелерді ұстанбаған. Соның салдарынан коронавирус аталмыш елде көп тарап кетті, – деді Айнагүл Мусина.
Нұр-Сұлтан қаласында жұқпалы індеттің тез таралып жатқандығына байланысты облысымызда да санитарлық-эпидемилогиялық шараларды күшейтудің маңызы зор. Өйткені, біздің өңір елордаға іргелес орналасқан. Астанада енгізілген төтенше жағдайға орай, біздің облыстың қалаға іргелес жеті елді мекенімен де байланыс уақытша тоқтатылады.
Брифингте Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов сауда нысандарының төтенше жағдай кезіндегі жұмыс уақыты жөнінде нақтырақ тоқталып өтті. Басқарма басшысының айтуынша, 17 наурызда Қазақстан Республикасының сауда және интеграция, сондай-ақ, денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп, сауда нысандарының төтенше жағдай кезіндегі қызметі туралы ортақ жарлық шығарған. Соған сәйкес, азық-түлік маркеттері мен базарлары санитарлық-дезинфекциялық шараларды ұстана отырып, күнделікті штаттық режимде жұмыс істейді. Нан, кондитерлік өнімдер міндетті түрде қаптамада сатылуы керек.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар