Түркістан облысында коронавирус жұқтырған науқастар халыққа үндеу жолдады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастар мен дәрігерлер мәлімдеме жасады. Олар халықты сақтық шараларын қадағалап, өз денсаулығына немқұрайлы қарамауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Коронавирус індетіне шалдыққандардың бірі — Ділдар Атаханова. Ол Кентау қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыр халде жеткізілген. 52 жастағы науқастың тек бесінші күні беті бері қараған. Оған дәрігерлердің шұғыл медициналық көмегі септігін тигізген.
Түркістандық ана ұлының да осы ауруға шалдыққанын айтып, короновирусқа сенбейтіндерді абай болуға шақырды.
Ауруханада ем қабылдап жатқан тағы бір науқас Төлеген Езтілеуов — Арыс қаласының тұрғыны. 72 жастағы науқас та ауруханаға өте ауыр халде жеткізілген. Қарияның жағдайы қазір жақсарған. Зейнет жасындағы ақсақал бұл дерттің тым қауіпті екенін айтып, халық арасында коронавирус індеті жалған деген қауесетке сенбейтіндерге сақтану керектігін ескертті.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы бойынша covid-19 инфекциясына 247 азамат шалдыққан. Оның арасында 157 адам жазылып шыққан.

https://www.inform.kz/kz/turkistan-oblysynda-koronavirus-zhuktyrgan-naukastar-men-darigerler-halykka-undeu-zholdady_a3652454

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *