Тоғыз өрт сөндіру бекеті салынады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатовтың қатысуымен баспасөз конференциясы болып өтті.

Манарбек Шапағатовтың айтуынша, ағымдағы жылы 35 мыңнан аса тұрғыны бар Целиноград ауданының Қосшы ауылы мен Аршалы ауданының Қостомар ауылында өрт сөндіру бекеттерін ашу мәселесі қарастырылуда. Жалпы Ақмола облысында 2021-2025 жылдар аралығында тоғыз өрт бекеті салыну жоспарланып отыр.
Өңірімізде ағымдағы жылы 422 өрт жағдайы орын алған. Қалай дегенменде өткен жылмен салыстыратын болсақ, бұл көрсеткіш 7,6 пайыз төмендегендігін аңғартып отыр.
Осы орайда тұрғындарды айтып келмес апаттан қорғау және оларды өрт қауіпсіздіктерімен таныстыру мақсатында облыста бірлескен мобильді топтар жұмыс істей бастады. Олар жыл басынан бері 574 рейд өткізген. Жасырары жоқ, әлі күнге дейін тұрғындар арасында табиғатты қорғау, қамқорлық таныту сияқты көзқарас дұрыс қалыптаспаған. Демалу орындары мен дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі мен ережелері сақталмай жатыр. Мәселен, жоғарыда атап өткен рейдтер барысында өртке қарсы талаптарды бұзғаны үшін 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 5-еуі 208 395 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *