Ән мен жыр

Ән мен жыр

Баршаға мәлім, ақындар алғашқы өлеңдерін туған жеріне, анаға арнайды. Кейін Отанына, ғашық болған сүйіктісіне, жастық шағына арнап, жыр жазады. Бірде:
Жазбай кейде өлеңді,
Жүрем күнді өткізіп.
Өзі сөйлеп береді,
Өмірдегі көп қызық, –
демекші, өлеңді жазамын деп ойламайсың, өлең өзі келеді. Ол күн-түнге қарамайды, көңіл-күйіңе, шабытыңа байланысты болады. Сондай-ақ өлеңнің жазылуына әсем табиғат, ауа райы, басқа да жағдайлар әсер етеді.
Жастық шақ жалынды күн жарқыраған,
Бұл шақта арманменен шалқыр адам.
Елестеп алғы өмірдің белестері,
Құлшынам, бірақ әсте қалтыраман.

Жастық шақ – мұхит қой бір толқып жатқан,
Жастық шақ – алтын таң ғой күліп атқан.
Ертеңгі бақыт үшін талпынатын,
Өрісін арманымның сенен тапқам, – деп балалық-жігіттік шағымды сағынып, еске алғаным бар. Негізі мен нағыз ақын емеспін. Өз басым поэзиядан гөрі проза жанрына жақын жанмын. «Өмір өрнектері» және «Өмір өрісі» атты екі кітабым жарық көрді. Бүгінде «Өмір нұры» деген жаңа естелігімді жазып, баспаға дайындап жатырмын.
Әдетте сазгерлер (қайсыбіреулері өздерін композитормыз дейді) шығарған әндеріне сөз жаздыру үшін ақындарға барады. Бірақ, ол өлең Нұрғиса Тілендиев немесе Шәмші Қалдаяқовтың әндері сияқты көпке бармай, санаулы уақыт өткеннен соң ұмыт болады. Білмеймін, дұрыс па әлде бұрыс па, меніңше, бірінші өлең жазылу керек. Содан кейін оның сөзіне, мән-мағынасына қарай әннің әуені өзі сұранып тұрады деп ойлаймын. Әлі есімде, бірде Көкшетаудан сазгер інім телефон шалып:
– «Арқа ажары» газетінде жарияланған «Махаббат құдіреті осы ма?» деген өлеңіңізді оқыдым. Сол өлеңге ән жазғым келеді, – деген тілегін білдірді.
– Рахмет, басты мәселе өлеңнің ой-өрнегін, сырын сезіну қажет, – деп айтқанымда:
– Жүректен шыққан жыр екен. Нотасын сізге жіберемін, – деп қуанып қалды.
Міне, шынайы пәк сезімнің ән-көңілге әсері осы-ау, сірә. Сазгердің жүрегін жаулап, оны жетелеген бәлкім, өлеңнің ағынан жарылып жазылған төмендегі сөздері ме?
Сыңғыр қағып сылдырайды балбұлақ,
Оған елтіп ән салады жапырақ.
Жиілетіп жүрек лүпіл соғады,
Сен салғандай осы әнді мың бұрап.

Тылсым сезім тұла бойды билейді,
Сиқыр әуен жан дүниемді тербейді.
Айтшы, жаным, шын махаббат осы ма,
Бейнең сенің көз алдымнан кетпейді.

Кете ме деп небір жолға бармадым,
Көзді жұмып, өз-өзімді алдадым.
Бірақ, шіркін, күштісің-ау, махаббат,
Ойымнан сен ешқашанда қалмадың.
Мен – ежелгі Ақмола, кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының төл тумасымын. Сөз жоқ, осындай тарихы мол бас шаһарда туып-өскенімді мақтан тұтып, әрдайым жақсылыққа балаймын. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Ақмолада тас төселген бір ғана Октябрьский қазіргі Әуезов көшесі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Үш қабатты екі-ақ ғимарат болды. Бірі – Абай мен Жеңіс даңғылының (бұрынғы Ленин мен Спортивный көшелері) қиылысында орналасқан теміржол басқармасының әкімшілік ғимараты және Желтоқсан – бұрынғы Комсомол көшесінің бойындағы Киров атындағы №1 мектеп еді.
Сондай-ақ қалада қоғамдық көлік үш-ақ бағытта қатынады. Олар: №3 базар – вокзал, №4 вокзал – машгородок және №7 базар мен райгородок маршруттары. 1961 жылға дейін Жеңіс даңғылы бойымен вокзалдан қаланың орталығына қарай төрт вагоннан құрылған жолаушылар таситын теміржол веткасы жүрді.
Ал, мәдени ошақтар қатарында «Заря», «Родина», «Октябрь» атты үш кинотеатр және бірнеше клуб жұмыс істеді. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры жанында орналасқан «Октябрь» кинотеатрының ғимараты бүгінге дейін сақталған. Қазір онда «Европа плаз» атты мейрамхана ашылды.
Сол сияқты, облыс орталығы атанған Ақмолада бес-алты орта мектеп болды. Бір қызығы, 1953 жылға дейін қыз балалар бөлек оқыды. Мен дәріс алған Сталин атындағы №2 мектепке ұлдар, ал, Жамбыл атындағы №4 мектепке қыздар баратын. Жамбыл мектебінің ағаш бөренеден салынған бір қабатты екі ғимараты өткен тарихтың куәсіндей Отырар көшесінде әлі бар. Қалада тұрғындар саны тоқсан мыңнан сәл асатын. Кейін тың өлкесі құрылып, оның орталығы болған Целиноградта халық саны екі жүз мыңға жетті.
Бүгінде егемен еліміздің бас қаласы елорда кереметтей өзгерді. Халық саны миллионнан асты. Бір «Бәйтеректің» өзі Астананың атын айрықша асқақтатып тұр. Туған қаламның жиырма жылдық мерекесіне арнаған «Жайнай бер, Астана!» атты жыр-шашуым «Астана хабары» газетінде жарияланды. Бұл өлеңге қорғалжындық жерлесім, әнші-сазгер Тілеулес Мұқанов ән жазды.
Астана – нұр сәулелі шұғыла,
Тамсандым мен биігі мол шыңыңа.
Астана – дариясы бақыттың,
Барша халық еңбек еткен жұмыла.

Астана – ақиқаттың тынысы,
Оның мәңгі өрлей бермек тың күші.
Астана – болашақтың қаласы,
Бұған айғақ – Елбасының игі ісі.

Астана – Қазақстан жүрегі,
Барлық жақсы ісіміздің тірегі.
Жайнай бер, бас қалам Астанам,
Миллиондардың өзіңе айтар тілегі.

Астана – бар шаттықтың бұлағы,
Астана – жаңа өмір шырағы.
Егемен елге нұрын төгіп сол шуақ,
Қазағымның салтанатын құрады.
Ән және өлең жайлы сыр толғағанда кезінде Торғай облыстық «Шертер» халық ансамблінің орындауында шырқалған «Арқалықтың ақ таңы» әні ойыма жиі оралады. Әннің лирикалық сазды әуені, терең мағыналы сөздері ғана емес, оның шығу тарихының өзі ерекше сияқты.
Естуімше, бірде облыстық партия комитетінің секретары Жәнібеков Өзбекәлі ағамыз Арқалыққа Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановты қонаққа шақырады. Сол жолы белгілі композитор мен атақты ақын екеуі осы әнді жазған екен. Бір қуанарлық сәт, бүгінде бұл әсем ән Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлының репертуарынан берік орын алып, тамаша орындалып жүр.

Бименде ҚАЗАНҚАП.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *