Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізуге көшетін кез келді

Мемлекеттіліктің басты белгісінің бірі мемлекеттік тіл болса, ал, оның тағдыры жеке адамдар, топтар шешетін жай шаруа емес. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданылу ауқымын кеңейту жайында аз айтылып жүрген жоқ. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту заңдылық тұрғысынан қалай орындалуда, мемлекеттің тілге байланысты заңдардың сақталу және орындалуы қай деңгейде? Өкінішке орай, бұл бағытта атқарылар істер әлі де аз еместігін өмір көрсетуде.

1989 жылы Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін көтеруге талпыныс жасалып, «Тіл туралы» алғашқы заң қабылданған еді. Бұл заңның ең басты жетістігі – қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, оны қорғау заңдастырылды.
1990 жылдардың басында КСРО ыдырап, еліміз тәуелсіздік алды. Қазақстан Республикасында 1997 жылы «Тілдер туралы» жаңа заң қабылданды. Тіл туралы заңда қазақ тілін мемлекеттік тіл деп танып, мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iciн жүргізу және ic-қағаздарын жүргізу тілі болып табылады деп жарияладық. Осы тіл туралы заңнан бұрынырақ қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп танылды да, осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілі мен тең қолданылады, – деп көрсетілді. Осындағы ресми деген сөз біраз уақытқа дейін мамандардың арасында пікір-талас тудырып келді. Сол кездегі жағдайларға тереңнен үңілсек, қазақ халқының санын еске алсақ, бұл сөздің қолданылуы елдің бірлігін, қазақтың елдігін сақтап қалудың және дайын білікті мамандардан айырылмаудың негізгі шарты болғанын түсінуге болады.
Егер заңның мәтініне зер салып қарасақ, мемлекетімізде сот ici мемлекеттік тілде, яғни, қазақ тілінде жүргізілуге тиіс. Мемлекеттік тілмен бірге орыс және басқа тілдер қолданылуы мүмкін. Онда да қажет болған жағдайда ғана. Заңның басты қасиеті оның басқа нормативтік актілерден жоғары екендігінде және қалай оқылса, солай қолданылуға жататындығында. Сот iciн мемлекеттік тілде жүргізу және қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдану түсініктерін теңестіріп қарауға болмайды. Сондықтан да, біз ешқандай бұқпантайламай-ақ Қазақстанда сот iciн жүргізу тілі қазақ тілі деп анық айтуымыз керек. Қазіргі таңда, мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі және басқа тілдер қолданылады деген сөйлем бастапқы мағынасындағыдай рөл атқармайды. Себебі демографиялық жағдайымыз түзеліп, мемлекетті құраушы ұлттың саны ел халқының басым бөлігіне айналғандығын, қоғамымызда қазақ тілді білікті мамандарымыздың жеткілікті екенін ескеруіміз қажет.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясы күннен-күнге кеңейіп, мәртебесі көтеріліп, толыққанды тілге айналуда. Әрине, әттеген-ай дегізетін олқылықтар да жоқ емес, бірақ та батпандап кірген дерттің, мысқалдап шығатынын ескерген жөн.
Сот саласына келетін болсақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы әлі де көңіл көншітерлік дәрежеде емес екенін ашық айтуға тиіспіз. Дәлірек айтқанда, сот iciн мемлекеттік тілде жүргізудің қазіргі жағдайы жан-жағына жалтақтап, босағадан сығалап жүрген жетім баланың кейпін танытады.
«Көш жүре келе түзеледі» демекші, қазақ тілінің қазіргі кездегі деңгейінен де жоғары болатынына сенемін. Ол үшін сот жүйесінде бәріміз ic-қағаздарын жазуға ғана емес, сонымен қатар, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізуге байланысты үлкен жұмыстар атқаруымыз қажет.
Әсем Тоқышева,
Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар